Перейти к содержимому

Жол қателікті кешірмейді

18 қаралым

Күн сайын жаңалықтар легі жол-көлік оқиғалары ту­ралы хабар­ламаға толы. Олар­дың әрқай­сысының артында бүлінген тағдыр, адамның денсаулығы мен материал­дық шығын тұр. Жолдағы қауіпсіздік – күнделікті тәртіптің нәтижесі. Жол асығыстықты кешірмейді. Статистика бойынша, апат­тардың 85%-ы адам факторының салдары, жол қозғалысы ережелерін саналы түрде бұзудан орын алады. Сонда көшелер мен күре жол­дарды қалай қауіпсіз етуге болады?

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған шаралар кешенін қамтиды. Апатты болдырмаудың негізгі қағи­далары жылдамдық режимін сақтау, мас күйінде көлік жүргізуден бас тарту, қауіпсіздік белдігін пайдалану және жоғары қырағылықты сақтаудан тұрады.
– Соңғы кездердегі жол-көлік оқи­ғаларын сараптау олардың орын алуындағы негiзгi себептер – белгi­ленген жылдамдық режимiнен асып кету, көлiк құралдарын мас күйiнде жүргiзу, қауiптi маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, сондай-ақ қозғалыстың басқа қатысушыларына жол бермеу екенін көрсетті. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау, қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында Талғар ауданының әкімшілік полиция бөлімі 85 шақырым жолды тексеріп, 39 ұйғарым берді, – дейді Талғар аудандық әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Тимур Сағатов.
Оның айтуынша, аудан әкімінің атына қосымша бағдаршам, жасанды жол қоршаулары мен жол белгілерін орнату қажеттігі туралы хат жолданған. Қабылданған шаралар аудандағы жағдайды бақылауға, криминалдық жағдайдағы өзгерістерге дер кезінде ден қоюға және құқықбұзушылықты азайтуға мүмкіндік береді.
Жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Талғар аудандық ӘПБ мемлекеттік көлік инспекторлары биылғы жылдың 5 айлық көрсеткіші бойынша Талғар ауданында 1114 шақырым жолға тексеру жүргізіп, тиісті мекемелерге 131 ұйғарым берген. Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жолдарды күтіп ұстау бойынша талаптардың сақталуын бақылау үшін қосымша 13 хат жолданған.
– Биылғы жылдың 5 айында жолдарды күтіп ұстау бойынша талаптарды сақтамау фактілері бойынша 40 әкімшілік хаттама жасалды. Соның ішінде ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 462-бабының 3-бөлігі, әкімшілік хаттаманың 2-бөлігі бойынша Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің бас маманына, қала әкімінің орынбасарына, осы кодекстің 631-бабы 1, 2 және 1-1-тармақтары бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің бас маманына – 1, «Алматы жолдары» ЖШС директорына – 3, Талғар ау­дан­дық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің бас маманына – 1, Талғар қаласы әкімі­нің міндетін атқарушы тұлғаға – 1, Бесқайнар ауылдық округінің әкіміне – 1, басқа тұлғаларға 18 әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқықбұзушылық кодексінің 617-бабының 1-бөлігіне сәйкес «Думан Транс», «Тұлпар Экспресс» және «Самат Инженер» ЖШС директорларына – 8, осы кодекстің 630-бабы, 1-бөлігіне сәйкес – 2, жеке тұлғаларға – 2 әкімші­лік хаттама толтырылды.
Аталған мекеме басшылары мен жеке тұлғалар заң талаптары мен тәртіп қағидаттарына сәйкес, көрсетілген кемшіліктерді дер кезінде жою жөнінде тиісті шешім қабылдап, нақты жұмыстар атқарылса, ауданымызда жол-көлік оқиғалары анағұрлым азаятыны анық, – дейді капитан Тимур Сағатов.
Бұл шаралардың нәтижесі бо­лады деп сенеміз. Десек те, көлік жүргізушілерімен бірге жаяу жүргін­шілер де жол ережелерін, заң мен тәртіп талаптарын сақтап, барынша сақ болғандары дұрыс.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы