Перейти к содержимому

Баспанамен қамту артады

23 қаралым

Адам үшін баспананың маңызы зор. Баспана – тек паналайтын орын ғана емес, ол – отбасының берекесі мен бірлігінің, тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Алматы облысында үй кезегінде тұрған отбасыларды баспанамен қамтуға биыл 42 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 2361 пәтер сатып алу көзделген. Сондай-ақ бюджет есебінен 1018 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Былтыр өңірде 3 мыңнан аса әлеуметтік осал топ санатына жататын азамат баспаналы болды. Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 70 мыңға жуық адам тіркелген. Соның ішіндегі 21 510 адам әлеуметтік осал топ санатына жатады. Қазір аудандарда халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Іле ауданында биыл баспана кезегінде тұрған 300 отбасы қоныс тойын атап өтпек. Ол үшін Нұрғиса Тілендиев ауылындағы 10 гектар аумаққа екі пәтерлі 95 үй салынған. «Жаңа үйлердің сырты травертинмен қапталып, су, газ, жарық сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 85 шаршы метр аумақты құрайды. Бүгінде тұрғын үйлердің маңы абаттандырылып жатыр. Алда бұл тұрғын үй алабына жеке инвестор есебінен спорттық және балалардың ойын алаңы, шағын демалыс орындары салынады. Жаңа үйлер иелеріне берілгенше жеке инвестордың қадағалауында болады», – дейді Іле аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ғазиз Исабай.
Баспаналар «Отбасы банк» арқылы жалға беру және кейін сатып алу тетігімен рәсімделеді. Мемлекет ипотекалық төлемнің бір бөлігін субсидиялайды. Айталық, өткен жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекте тұрғандармен жұмыс жүргізу «Отбасы банкке» беріліп, банк біртұтас оператор мәртебесіне ие болды. Осы бағытта арнайы цифрлық платформа іске қосылып, тұрғын үй бөлу үдерісінің ашықтығы артты, барлық өтінімдер онлайн қабылдана бастады. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы мен «Алатау» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске асырылды. 2025 жылы «Алатау» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында жалпы құны 3,7 млрд теңге бөлініп, оның 3,5 млрд теңгесі игерілген. Нәтижесінде 132 отбасы баспаналы болған. «Алатау» тұрғын үй бағдарламасы биыл да Алматы облысы тұрғындары үшін баспаналы болудың тиімді тетіктерінің біріне айналмақ. Бүгінде аймақта тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жоспарлы түрде жалғасуда.

Ерзат АСЫЛ

Іле ауданы