Ана мен баланы қолдау – мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Бүгінде мемлекетімізде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әр түрлі өмірлік жағдайды қарастырады және мемлекеттік бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 5 түрін қамтиды. Атап айтқанда:
– бала туғанда берілетін жәрдемақы;
– бала күтімі жөніндегі жәрдемақы;
– көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы;
– көп балалы анаға берілетін жәрдемақы;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы санатына кіретін, жұмыс істейтін ата-анаға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жүктілікке және босануға байланысты, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша екі түрлі төлем төленеді.
Әлеуметтік салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды жетілдіру мақсатында отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалық енгізілді. Соның бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылуы.
Жаңа туған сәбидің жанында болу – әрбір ана үшін маңызды. Ендеше, бұл – аналарға жасалып отырған үлкен қолдау. Осы ретте аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Қазіргі уақытта Алматы облысында 1,5 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған 28 775 жұмыс істейтін және 10 269 жұмыс істемейтін ата-ана бар.
Бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы төлем 1 жарым жылға ұзартылды. 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылды. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалады.
Сондай-ақ, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білгені жөн. Бұл төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған табыстың 40 пайызына тең. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейін, соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әрбір бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы енгізілгені белгілі. Бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылар көпбалалы болып саналады.
Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар және 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, егер көпбалалы отбасы аз қамтылғандар санатына жатса, яғни, орташа жан басына шаққандағы айлық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен болса, жергілікті атқарушы органдарға жүгіну арқылы атаулы әлеуметтік көмек алуға хақылы.
Одан бөлек, 6 бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналарға «Күміс алқа» беріледі, ал жеті не одан көп бала туған және тәрбиелеген аналар «Алтын алқамен» марапатталады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын мемлекеттен жәрдемақы төленеді. Отбасында мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші ата-ананың да оның күтімі үшін мемлекеттен жәрдемақы алуға құқығы бар.
Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылғанын көруге болады. Оған мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі, МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шаралары кіретінін атап өткен жөн.
Айдынжан Нарматов,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің
Алматы облысы бойынша департаментінің
басшысы