Өңірде ЖРВИ мен тұмау маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша жедел респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауға қарсы эпидемиологиялық маусым Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде жүзеге асырылуда. Алдымыздағы маусымға дайындық мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, медициналық ұйымдар толық әзірлікке келтірілді. Атап айтқанда, тұрғындарды екпемен қамту үшін 305 егу кабинеті ұйымдастырылып, науқастарды қабылдауға 301 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Эпидемиологиялық жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
«Тұмау вирусының таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қатаң сақтау қажет. Ең тиімді әдіс — вакцинация. Биылғы маусымға орай қауіп тобындағы азаматтарды қорғау үшін 160 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Тұмауға қарсы екпе жұмыстары қыркүйек айында басталады. Тұрғындарға көпшілік жүретін орындарға бармауды, қол гигиенасын сақтауды және алғашқы белгілер байқалған жағдайда бірден дәрігерге қаралуды ескертеміз», — деді Сәулет Қапсаламова.
Өз кезегінде денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лейла Пернебайқызы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы толық жасақталғанын атап өтті. Оның айтуынша,
«Алматы облысында ауылдық елді мекендердегі медицина сапасын жақсартуға баса назар аударылуда. Алдымыздағы маусымға дайындық мақсатында 305 егу кабинеті мен 301 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында 129 семинар сабағы жоспарланып, қазірдің өзінде 53-і өткізілді, сондай-ақ 128 нұсқама жүргізіліп, медицина персоналы дайындықтан өтті. Тұрғындар арасындағы түсіндірме-ағарту жұмыстары жалғасуда».