Перейти к содержимому

ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ЖІП ӨНДІРЕДІ

29 қаралым

    Егемендігін енді алған кезеңде  елімізде көп дүние  қат болғаны жасырын емес. Осы тұста кәсіп ашып, күнкөріс қамын жасап қана қоймай, елге қажетті тауар өндіруді қолға алып, жолға қойған азаматтар көп шықты. Солардың қатарында Әділхан Темірбеков те бар.

    Әділхан Зейтайұлы алғашында түрлі кәсіппен айналыса жүріп, нарыққа не қажеттігін зерттей бастайды. Осылайша ауыл шаруашылығында кеңінен пайдаланатын, онсыз шаруа атқарылмайтын полипропилен жіптеріне деген сұраныстың жоғары екенін, бұл тауар негізінен шет мемлекеттерден жеткізілетінін байқайды. Елге қажетті осы тауарды өзімізде неге өндірмейміз деген сауалға жауап іздеген ол  осы салаға бейімдеоген кәсіпорын ашуға бел буады.

    Жаңа бастаманы жүзеге асыру оңай болмағаны тағы белгілі.  Бұрын жасап көрмеген шаруаны зерттеп-зерделеп, өндірісті жолға қою үшін қаншама күш-жігер мен уақыт кеткені өзіне ғана аян. Ақырында, алған бетінен қайтпайтын азаматтардың арқасында Жібек жолы ауылдық округінде полипропиленнен шөп байлауға қажетті шпагаттар мен негізінен жылыжайлырда пайдалынатын жіптер өндіретін кәсіпорын өз жұмысын бастайды.

    2010 жылы алғашқы өнімін берген «KazPolisnab» кәсіпорны бүгіндері ел нарығынан өз орнын алып үлгерген. Мұнда шабылып, тайланған шөпті байлайтын беріктігі аса жоғары бау-арқандар мен жылыжайларда көкөністерді байлауға арналған жіптер шығарылып, саланың қажеттілігін өтеуге жөнелтілуде.

– Кәсіпорында әлемдік талаптарға жауап беретін құрылғылар орнатылған. Ал өнімге қажетті шикізатты еліміздің батысындағы өндірістерден аламыз, – дейді Әділхан Зейтайұлы. – Күннің көзінен, табиғат құбылысынан  беріктігін жоғалтпас үшін бау мен жіптер арнайы өңдеуден өткізіледі. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының мамандары тауарымызға жоғары баға беріп келеді.

   Ұзындығы 500 метр, ал қалыңдығы тапсырысқа сай орындалатын бұл жіптер бағасының қолжетімділігімен де ерекшеленеді.  Осылайша, отандық өнім тұтынушылардың көңілінен шығуда.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы