Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қонаевта Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназияны күрделі жөндеу басталды

Қонаевта Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназияны күрделі жөндеу басталды

30 қаралым

Қонаев қаласында Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназияны күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 1967 жылы салынған білім ордасы осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде мұнда 1150 оқушы екі ауысымда білім алады. Мектептің жобалық қуаты – 960 орын.

Жөндеу жұмыстары жалпы аумағы 4359 шаршы метрді құрайтын нысанды толық жаңартуды қамтиды. Оның 3800 шаршы метрін ғимараттың өзі алып жатыр. Жоба аясында оқу кабинеттері, спорт залы мен асхана жаңартылады. Сонымен қатар терезелер ауыстырылып, ғимараттың қасбеті мен шатыры жөнделеді.

Мектептің спорттық инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріледі. Жалпы аумағы 1,2 гектар стадион жаңартылып, баскетбол және футбол алаңдары ретке келтіріледі. Бұдан бөлек, жаңа воркаут алаңы мен жүгіру аймағы салынады. Жас спортшылар үшін санитарлық тораптар, жуынатын және шешінетін бөлмелер қарастырылады.

Аула абаттандырылып, көгалдандырылған жерлерді автоматты суару жүйесі орнатылады. Сондай-ақ мектеп пен кітапхананың арасындағы аумақта тұрғындарға арналған қоғамдық демалыс орны пайда болады.

Қазіргі уақытта мектеп оқушылары қаладағы екі басқа білім беру ұйымында білім алуда.

Айта кетейік, Қонаевта білім беру нысандарын жаңғырту жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл А.Жұбанов атындағы №5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Ал өткен жылы Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өткен.

Қазір қаладағы 17 білім беру ұйымында 13 724 оқушы білім алады.