Биыл ағартушы-қайраткер, алаш рухты ақын-композитор Қапез Байғабылұлының туғанына – 130 жыл. Аталған мерейтойға орай Кеген ауданында 22-25 қыркүйек күндері ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы мен кәсіби суретшілер байқауы өтпек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев, филология ғылымдарының кандидаты, халық өнерін зерттеуші, қапезтанушы Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Рамазан Стамғазы, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тоққожа Қожағұл кеңінен әңгімеледі.
Ең әуелі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев биыл өңірде бірқатар тарихи тұлғалардың мерейтойы аталып өткенін, оның арасында Қапез Байғабылұлының 130 жылдығы өз деңгейінде насихатталып жатқанын жеткізді. «Жыл басында ақын әрі сазгер Қапез Байғабылұлының 130 жылдық мерейтойына орай, туған жері Тоғызбұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде жаңа кітапхана ашылды. Мұнан өзге айтулы күнге орай ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен ауқымды мәдени шаралар өтті. Алаш рухты ақын-композитор мұрасын зерттеуге, толық шығармалар жинағының жарық көруіне облыс әкімдігі тарапынан зор қолдау көрсетілді»,– деді Әнуар Мұхтарханұлы.
Аталған баспасөз мәслихатында белгілі ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы Қапез Байғабылұлының қайраткерлік және ағартушылық болмысына кеңінен тоқталды. Ғалымның айтуынша, ұлт тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңде ел үшін еңбек еткен азаматтардың әрбір сөзі мен жазбасының өзіндік салмағы бар. Қапездің қолжазбалары да осы тұрғыдан алғанда аса құнды рухани дерек.
– Қапез Байғабылұлы – ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған шақта жанкештілік танытқан қайраткер-ағартушы. Оның шығармалары мен қолжазбаларында басы артық сөз жоқ, әр тіркестің астарында тарих пен шындық жатыр. Халқым деген Қапездің қалпын бұзбай, шығармашылық мұрасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның парызы. Биыл Қапез Байғабылұлы шығармалары мен ол жайлы деректемелер толық жинақталып, баспадан шықты. Онда ақынның қолжазбалары ғылми айналымқа еніп, әндері алғаш рет музыкалық теориялық тұрғыдан талданды, – дейді Сағатбек Медеубекұлы.
Қапез Байғабылұлының кіндік қаны тамаған өлкеде оның шығармашылығы қайта жаңғырмақ. Айталық 22–24 қыркүйек күндері Кеген ауданында Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған «Халқым деген Қапез…» атты I республикалық кәсіби суретшілер байқауы өтеді. Ол жайлы ҚР Халық әртісі Рамазан Стамғазы айтып берді. «Композитор Қапез Байғабылұлының мерейтой аясында республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтеді. Онда Қапез әдерінен өзге халықтың жүрегінен жол тапқан Көдек ақынның, Сәдіғожа Мошанұлының, Шарғын Алғазыұлының, Күләй Бектайқызының, Шалтабайдың, Дәнештің әндері шырқалды. Бұл байқауға еліміздің әр түкпіріндегі дәстүрлі әншілері зор ықылас танытып отыр»,– дейді ҚР Халық әртісі. Сонымен қоса белгілі дарынды суретшісі Тоққожа Қожағұл Қапез Байғабылұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Халқым деген Қапез…» атты I республикалық кәсіби суретшілер байқау өтетінін жеткізді.
Ерзат АСЫЛ