Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Үзейір Гаджибейлі музыка фестивалі басталды

Үзейір Гаджибейлі музыка фестивалі басталды

23 қаралым

Бүгін Бірінші Баку түркологиялық конгресінің 100 жылдығына, Низами Гәнзауидің 885 жылдығына және Әлішер Науаидың 585 жылдығына орай бүгін Мүсілім Магомаев атындағы Әзербайжан мемлекеттік академиялық филармониясында XVIII Халықаралық Үзейір Гаджибейлі музыка фестивалі басталды. Іс-шара Үзейір Гаджибейлі атындағы Әзербайжан мемлекеттік симфониялық оркестрінің және түркі әлемінен шақырылған өнерпаздардың қатысуымен өтті. Гала-концерт бағдарламасында Үзейір Гаджибейлі, Мүсілім Магомаев және түркі әлемінің заманауи композиторларының шығармалары орындалуда.


Үзейір Гаджибейли 1885 жылғы 18 қыркүйекте дүниеге келген. Әзербайжанда композитордың туған күні Ұлттық музыка күні ретінде кеңінен аталып өтеді. Ал 2009 жылдан бастап оның шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық музыка фестивалі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Композитордың есімі Әзербайжанның опера өнерінің қалыптасу тарихымен тығыз сабақтас. 1908 жылы Бакуде оның әйгілі «Ләйлі мен Мәжнүн» операсының тұңғыш қойылымы өтті. Музыкалық шығарма ұлы ақын Мұхаммед Физулидің осы аттас поэмасының негізінде жазылған.
«Ләйлі мен Мәжнүн» операсы Әзербайжан ғана емес, жалпы Шығыс өнері тарихындағы алғашқы опера ретінде бағаланады. Осы шығарманың сахналануынан кейін ұлттық опера өнері қарқын алып, «Шейх Санан», «Рүстем мен Сохраб», «Шах Аббас пен Хуршидбану», «Асли мен Керем», «Харун мен Ләйлә» сынды туындылар дүниеге келді.
Үзейір Гаджибейли Әзербайжанда музыкалық комедия жанрының қалыптасуына да айрықша үлес қосты. Ол осы бағыттың алғашқы негізін қалаушылардың бірі саналады. Композитордың «Күйеу мен әйел» музыкалық комедиясы 1910 жылы алғаш рет көрермен назарына ұсынылған.
Гаджибейлидің шығармашылық мұрасы сан қырлы. Оның қорында опералар мен музыкалық комедиялардан бөлек, әндер, романстар, кантаталар, камералық және хор шығармалары да бар. Сонымен қатар композитор Әзербайжанның 300-ден астам халық әнін нотаға түсіріп, ұлттық музыкалық мұраны жинақтауға зор еңбек сіңірді.
Үзейір Гаджибейлидің шығармашылығы Әзербайжанның ұлттық музыка мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай ықпал етті. Оның бай шығармашылық мұрасы бүгінгі таңда да елдің музыкалық мәдениетінде маңызды орын алып, кейінгі ұрпаққа рухани мұра ретінде қызмет етіп келеді.