Қарасай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өнеркәсіп және білім беру нысандарын аралап, Қаскелең қаласындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Ауылдық округ әкімдерімен, бизнес өкілдерімен, зиялы қауыммен кездесу өткізді. Облыс басшысымен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, облыстық және аудандық құрылымдардың өкілдері бірге жүрді.
Облыс әкімі бас сұққан алғашқы нысан – «Алматы – Бішкек» тасжолының 23-шақырымында орналасқан «Алатау прогресс КЗ» ЖШС. Бұл өндіріске екі гектар жер бөлінген. Серіктестік жұмысы туралы кәсіпорын директоры Берік Жиенбаев баяндады.
Кәсіпорын 2009 жылдан бастап жұмыс істейді, Қарасай ауданына 2014 жылы қоныс тепкен. Мұнда «Altamir» сауда маркасымен облыста салынып жатқан жайлы мектептерге арналған жиһаз шығарылады. Өндірістік кешеннің ауданы 5 мың шаршы метрді, қоймалар 3 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 120 адам жұмыспен қамтылған. Тартылған инвестиция көлемі 4 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 2 миллиард теңгенің өнімін өндіреді.
Қазіргі уақытта мұнда дәнекерлеу, металл, бояу цехтары жұмыс істейді. Жалпы ауданы 14 мың шаршы метрді құрайтын қосымша үй-жай құрылысы басталған. Бұл пластмасса бұйымының өндірісін, тігін цехының жұмысын жолға қоюға мүмкіндік береді.
Инвестицияға келетін болсақ, биыл жабдықты сатып алуға 700 млн теңге бөлінсе, келер жылы басталар құрылысқа шамамен 1 миллиард теңге салынбақ. Жаңа ғимараттар пайдалануға берілген кезде жұмыс орындарының саны 300-ге дейін артады.
Марат Елеусізұлы жуырда ашылған Қазақстан-Британ халықаралық мектебінің жұмысымен танысты. Онда аймақ басшысын облыстың бірқатар аудандарында «CES for You» тілдік білім беру орталықтарының жұмысын жолға қойған құрылтайшы Айгүл Тәңірбергенова қарсы алды. Оның соңғы ашқан орталығы – осы халықаралық мектеп. Ол биыл Кембридж университетімен ынтымақтастық аясында ашылды. Ғимараттың ауданы 4500 шаршы метрді құрайды. Оқыту қазақ және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Орталық 526 орынға есептелген. Қазіргі уақытта мұнда 1 және 9-сынып аралығындағы 132 оқушы ақылы білім алады. Оларға 30 педагог білім береді. Бұл қатарда профессор, ғылым кандидаты, PhD дәрежесі бар педагог, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модераторлар және магистранттар бар.
Заманауи бес қабатты ғимаратта балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған. Асхана, акт және оқу залдары, робототехника кабинеттері қарастырылған. Балалардың бос уақыты да ойластырылған. Ол үшін үстел теннистері орнатылған. Әр отбасы мұндай элиталық мектепте білім ала алмайтындықтан, облыс әкімі облыстық білім басқармасының басшылығына дарынды ауыл балаларына грант беру жағын ойластыруды тапсырды. Қаскелеңде бұрынғы ДОСААФ ғимараты да аудандық өнер мектебі болып қайта құрылуда. Орталықтағы Абылай хан көшесі мен аудан әкімдігі алдына абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды да облыс әкімі көзбен көрді.
Бұдан соң Марат Сұлтанғазиев аграрлық сала мамандары және кәсіпкерлермен кездесті. Шаруа қожалықтары мен кәсіпорын басшыларын мұқият тыңдап, шешуді қажет ететін мәселелерге назар аударды.
Ең алдымен, ол жергілікті жерлерде әкімдермен қарым-қатынастың қай деңгейде екеніне қызығушылық танытты. Шаруашылық иелері жеңілдіктерді пайдалана ма, тыңайтқыштармен қамтылған ба, оларды қандай мәселе толғандырады? Осыған мән берді. Мәселен, «Агрофирма Керуен» ЖШС 1000 тоннаға қосымша көкөніс қоймасын салуды жоспарлауда. Оған мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау көрсетіле ме?
«Азия Агрофуд» АҚ-да өнімді экспортқа шығаруда вагондарға қатысты қиындықтар туындаған. Бұл орайда, Темір жолы басшылығына тиісті хат жазу туралы шешім қабылданды.
Кездесу барысында сөз алған кәсіпкер, меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Серікхан Әділханов мектеп асханаларында балаларға берілетін тамақ сапасына алаңдаулы екенін жеткізді. Осы орайда, ол тамақтану комбинатының жұмысын жолға қоюды, тендер өткізу мәселесін қайта қарауды ұсынды. Марат Елеусізұлы, өз кезегінде, депутаттарға асханаларға қоғамдық бақылау жүргізіп, биылғы жылдың соңына дейін өз міндетін дұрыс атқармайтын жалға алушыларды анықтауды және олармен шартты бұзуды тапсырды. Өйткені, Қарасай ауданында оқушылардың тамақтану сапасы бойынша бұған дейін де шағымдар болған.
«Космос» шаруа қожалығында егістікке үнемі мал кіріп, егінді, оның ішінде күздік дақылдарды таптайтыны туралы да мәселе көтерілді. Оны шешу ауыл әкімі мен жергілікті тәртіп сақшыларына міндеттелді.
Кездесуді қорытындылай келе, Марат Елеусізұлы кәсіпкерлер мен шаруашылық иелерінің жергілікті жерлерде әкімдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ проблемаларды бірлесе шешудің маңызды екенін айтты.
Бұдан соң облыс әкімі ауданның зиялы қауымымен кездесті. Кейінірек ол азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Онда аудан мен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына шолу жасалды. Барлық көрсеткіш бойынша өсім байқалады. Соған қарамастан аудан тұрғындарын мазалайтын сұрақтар да жоқ емес. Мәселен, Жібек жолы ауылының тұрғындарына Мәдениет үйі керек. Бұл орайда аудан әкімі Жасұлан Естенов түсініктеме беріп, аталған нысан бойынша жобалық-сметалық құжат дайын екенін және мемлекеттік сараптамаға тапсырылғанын жеткізді. Келер жылы құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға өтініш берілмек.
Шалқар ауылының тұрғыны Гүлнар Құбашева сапалы сумен қамту жайын көтерді. Бұл сұрақ та аудан басшылығының назарында екен, ол бойынша да жоба құжаты дайын, келер жылы қаржыландыру мәселесі шешілуге тиіс.
Зағиптар қоғамының атынан қаскелеңдік тұрғын Нұрила Рақышева сөз алды. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тұратын шағынауданның жанында шошқа фермасы жұмыс істейтінін, онда 50 бас мал ұсталатындықтан жағымсыз иістен зәрезап болатынын айтты.
Облыс әкімі бұл мәселені үй жануарларын ұстау ережелерінің талаптарын ескере отырып, шешуді тапсырды. Сондай-ақ, шаруашылық қызметін зерттеуді ұсынды. Егер ол малды ұстау тиімді, өнім сұранысқа ие болса, бизнесті одан әрі дамыту үшін басқа аумақтан жер қарастыруды айтты.
Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» шағынауданының тұрғыны полицияның тірек пунктін қалпына келтіруді сұрады. Ол бойынша облыс әкімі тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді. Жалпақсай ауылының тұрғыны Жанна Жанатжанова №8 маршрутты субсидиялау мәселесін шешуді, сондай-ақ, иесіз электр желілерін «Алатау жарық компаниясы» АҚ-ның балансына беруді сұрады.
Жиын барысында сумен, электрмен, газбен қамтуға, жол сапасына, тұрғын үйге, мүгедектікті белгілеуге қатысты көптеген өмірлік маңызды сұрақтар көтерілді, олардың әрқайсысы бойынша тиісті түсініктемелер мен нақты тапсырмалар берілді.
Кездесуді қорытындылай келе, Марат Елеусізұлы халық саны, даму деңгейі бойынша да Қарасай ауданы Алматы облысындағы озық өңірдің бірі болып табылатынын атап өтті. Бүгінде мұнда Орта Азиядағы ең ірі «Алтын таға» бетон бұйымдарын шығаратын зауыт салынуда екенін, облыста үшінші темекі фабрикасының құрылысы басталғанын айта келіп, есеп беру кездесуінде көтерілген барлық мәселені бақылауда ұстап, біртіндеп шешілуіне мүмкіндік жасайтынын жеткізді.
Алма Есенбай,
Қарасай ауданы