Қарасай ауданының тұрғыны Айшам Нурузованың жер өңдеуге деген сүйіспеншілігі оған қан арқылы дарыған десек те болады. Анасы жағынан атасы Илахун Көккөз Қытайда көптеген бақ отырғызған бағбан болған екен. Сонымен қатар әкесі Тұрсын мен анасы Аминям оған мінезі болаттай берік, ұйымдастырушылық қабілеті мол болған нағашы әжесінің есімін берген. Осылардың бәрі айналасын көгалдандыруға құштар болып, туған жерге деген сүйіспеншілігін ұрпағына жеткізіп жүрген кейіпкеріміздің өмір жолын айқындаған.
– Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қарасай ауданынан бір гектар жер сатып алдым. Біртіндеп сол жерде көшетхана қалыптасты, – дейді Айшам.
– Жер телімі кәдімгі иен далада орналасқан еді, онда тек қурай өсетін. Үй де, жарық та, су да, жол да жоқ болатын. Ағаш көшеттерін күтіп-баптау үшін Алматы қаласынан балаларыммен бірге осында келетінмін. Кейін осы жерге үй салып, осында тұруды ұйғардық. Осылайша біртіндеп фермерлік үй тұрғыздық, жарық тарттық, өз құдығымызды бұрғылап, көшетхана жасадық. Біраз уақыттан кейін тағы төрт гектар жерді жалға алдым, кейін 11 гектар жерді сатып алдым. Осылайша иелігімді кеңейттім. Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ еңбекқорлық пен төзімділіктің арқасында қиындықтарды еңсеріп, арманыма жеттім.
Көшетхана Алматы–Бішкек төменгі тасжолының маңында, Қаскелең қаласының қарсы бетінде орналасқан. Мұнда өсімдіктің түр-түрін кездестіруге болады. Бәрі де бір-біріне тең, сап түзеген сарбаздардай қатар-қатар өсіп тұр. Мұнда емен, қайың, шырша, қарағай, туя, шаған, талшын көшеттері бар. Қытайдан, Қырғызстаннан, тіпті Голландиядан әкелінген ағаштар да өсіп тұр.
Алайда қазір мұнда импортты алмастыруға басымдық беріліп, осы өңірге жақсы жерсінген, қуаңшылық пен аязға төзімді ағаштарды көбейтуге көңіл бөлінуде. Әсіресе туяға және көпшіліктің көңілінен шыққан көлденең әрі тік өсетін аршаларға ерекше мән беріліп отыр. Олардың құндылығы бактериялар мен саңырауқұлақтарды жоятын фитонцидтерді көп бөледі. Сонымен қатар олар күтімді көп қажет етпейді, ыстыққа да, аязға да төзімді.
Мұнда біржылдық және көпжылдық бақша және бөлме гүлдерінің теңізін де көруге болады. Сондай-ақ жеміс ағаштары, жидек дақылдары, соның ішінде долана, шетен, шәңгіш, ежемалина да бар. Айшам Нурузованың қолы жеңіл, жүрегі мейірімді. Сондықтан оның баптаған өсімдіктерінің бәрі дерлік жерсініп, жайқалып өсіп, көбейіп келеді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы