Ақпараттық технология дамып, жұрттың бәрінің қолында қосқостан гаджет жүретін қазіргі заманда бопсалаудың түрлі амалдары ойлап табылып, мылтықсыз майданның қызып тұрғаны жасырын емес. Жастың да, жасамыстың да, қала берді балалардың арасында кибербуллингтің өршіп тұрғаны – бүркеп қоюға көне қоймас ақиқат. Ол аз болғандай, тыныш жатқан елді алатайдай бүлдіретін экстремистік және деструктивтік материалдарды таратып, халықтың санасын аудитория таңдамастан улайтындарға да тосқауыл болмай тұр. Ал осы айтылып отырған жайттардың алдын алып, жолын кесу үшін саланы жетік меңгерген мамандар қажет екені де – заман талабы. Бұл тұрғыдан солтүстіктегі көршіміз сергектік танытып отыр. «…Жаманнан жирен» дегендей, көршіміздегі соны бастаманың жақсы жақтарынан өзімізге үлгі етер тұстар баршылық сияқты. Сонымен, олар не бітіріп жатыр екен, көз жүгіртіп көрейік.
Таяуда Ресейде алғаш рет медиаполицейлерді – интернеттегі экстремистік және деструктивтік материалдарды анықтаушы мамандарды оқыту бағдарламасы іске қосылды. Бакалавриаттың мұндай бағыты Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында (РХШжМҚА) ашылды. Бағыттың ресми атауы – «Мемлекеттік мүдделер мен ұлттық қауіпсіздікті медиақамтамасыз ету». Аталған бағдарлама Ұлттық антитеррористік комитеттің қолдауымен жүзеге асырылады. Сарапшылар бұл бастаманың өзін ақтағанын айтып отыр. Өйткені жоғарыда тізбектелген контенттер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сәт сайын көбеюде. Соңғы екі тоқсанның ішінде, осыған дейінгі уақытпен салыстырғанда, ондай контенттер саны 16 пайызға артқан. Сонымен, жаңа бағдарлама түлектерінің міндетіне не кіреді, қандай арнайы білімді игереді? Енді сол жағына назар салайық. Қол жеткізген тәжірибелеріне еріксіз тамсанасың.
Әлемдегі және қоғамдағы ақпараттық ағынның теріс жақтарын аңғарып, қауіпсіздік шараларын қолға алу керектігін түсінген Ресей алғаш рет медиаполицейлерді – әлеуметтік желідегі экстремизм көріністерін, жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды, сондай-ақ, қарақшылық контенттерді бұғаттау әдістерін меңгерген, пайдаланушылық контентпен жұмыс істей алатын мамандарды оқыта бастады. РХШжМҚА-ның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, осы жоғары оқу орнын бітірген медиаполцейлер жеке азаматтарға (кибербуллинг, сталкеринг), заңды тұлғаларға (қарақшылық) немесе мемлекетке (экстремизм) қатысты құқықбұзушылықтарды тексеру сияқты мамандықтың бірін игеріп шығады.
РХШжМҚА Құқық және ұлттық қауіпсіздік институты медиақауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі Лидия Малыгинаның айтуынша, медиақауіпсіздікті қамтамасыз етушілердің міндетіне терроризмді насихаттаумен, қылмыс идеологиясымен, жасөспірімдер арасындағы суицидпен, дінге сенушілердің сезімдерін қорлаумен күрес кіреді. Тиісті мамандарды дайындауды бакалавриаттан бастау ұсынылған. Атап айтқанда, РХШжМҚ академиясы қорғаныс кәсіпорындарының, министрлердің баспасөз хатшыларын, федералдық БАҚ басшыларын дайындайды. Олар үшін ұлттық қауіпсіздік саласындағы дайындық міндетті болып саналады. Қазіргі таңда мұндай мамандықтың белгілі бір элементтерін, атап айтқанда, Медиакоммуникация бағыты бойынша ұсынатын курстар әртүрлі жоғары оқу орындарында бар. Сонымен бірге бірқатар курстардан, соның ішінде, қосымша кәсіби білім алу жөніндегі дайындықтан өту мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі таңда мұндай мамандықтың белгілі бір элементтерін, атап айтқанда, Медиакоммуникация бағыты бойынша ұсынатын курстар әртүрлі жоғары оқу орындарында бар. Сонымен бірге бірқатар курстардан, соның ішінде, қосымша кәсіби білім алу жөніндегі дайындықтан өту мүмкіндігі қарастырылған.
Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияларды қадағалау жөніндегі федералдық қызмет (Роскомнадзор) басшысының орынбасары Вадим Субботин осы жылдың шілдесінде өткізілген РФ заңына сәйкес, таратылуына тыйым салынған немесе шектеу қойылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтату және мониторинг жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің мәжілісінде деструктивтік контентті пайдалану негізінен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өтетінін атап көрсеткен болатын. В. Субботиннің келтірген мәліметтеріне қарағанда, 2022 жылы ведомствоның талабы бойынша, әлемжелі иегерлері 381 мыңнан астам, ал биылғы жылдың қаңтарынан қазанына дейінгі аралықта 310 мың заңға қайшы материалдарын алып тастаған көрінеді.
Ведомстводағылар: «Интернет алаңқайындағылар тыйым салынған ақпаратты өз беттерінше анықтап, бұғаттауға міндетті. Әлеуметтік желіде пайдаланушылардың заңға қайшы контенттерді орналастыруға байланысты шағымдарына арналған кері байланыс формасы болуға міндетті. Осындай материалдардың орналастырылғаны жөнінде азаматтар Роскомнадзор сайтында да шағым беруіне болады. Ал деструктивті контентті құрушылар таяудағы келешекте жүзеге асырылуға тиісті алаяқтық схемаларды іске асыру, белгілі бір адамдар топтарымен жеке әрі нүктелі жұмыс жүргізуден бастап, әлеуметтік топтар мен біздің бүкіл қоғамымызды тұрақтылықтан айыру ниетіндегі нақты мақсатты көздейді», – деп атап көрсетті.
Тек соңғы жартыжылдықта ғана интернеттегі жағымсыз контенттің көлемі 16 пайыздан астам мөлшерге өскен. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шығарылған мәлімет. Бұл туралы 2017 жылы РФ Қоғамдық палатасының қоғамдық дипломатияны дамыту жөніндегі комиссиясы құрған «Безопасность 2.0» мониторингілік орталық басшысы Елена Сутормина хабарлады. Орталықтың қызметкерлері 2023 жылдың алты айының ішінде 20 мыңға жуық осындай материалды анықтаған. Орталық басшысы интернетте қудалаушылық жағдайлардың жиілегенен, қудалаудың жаңа түрлері пайда болып жатқанын, өз қатарларына тарту әдістері пайдаланылатынын, көптеген жалған (фейк) ақпараттардың туындап отырғанын айта келіп, бұл салада кәсіби маман сұранысқа ие және дер шағында қолға алынған бастама екенін атап көрсетті.
Мемлекеттік думаның ағарту ісі жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Яна Лантратова ата-аналармен кездесуде интернеттегі деструктивті контенттердің көптігі туралы үнемі талқыланатынын айтты.
Ол: «Деструктивті қозғалыстар балаларды қылмыстық әрекеттерге кәсіби тұрғыдан тартуда. Олар қылмыстың құрбанына айналады. Балалар арасында қатыгездікті насихаттаудың кесірінен суицидтік және күйзлістік топтардың артуына байланысты мәселелер күрделелініп барады әрі қудалаушылық, киберқудалаушылық барған сайын кеңінен етек жайып келеді», – деп атап көрсетті. Оның айтуынша, балаларды желіде қандай қауіп-қатер күтіп тұрғанын ата-аналар мен педагогтердің бәрі бірдей біле бермейді, ал білген күнде не істеу керектігін түсінбейді. Яна Лантратова деструктивті контентті індетіп отыратын арнайы оқытылған адамдар қазіргі интернеттің күрт дамыған заманында ерекше маңызды екенін, сондай-ақ, деструктивтік құбылыстардың алдын алудың жүйесін қалыптастыру қажеттігін жеткізді.
РХШжМҚ академиясында медиақауіпсіздік жөніндегі сарапшыларды аккредиттеу стандарты жасалып, 47 аймақтық филиал базасында аккредитациялық орталықтар желісі құрылған.
Ресей Президенті жанындағы адам құқықтары және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Ирина Киркора қазіргі таңда ақпараттық кеңістік – бұл жастардың, тіпті, аға ұрпақ өкілдері өмірінің негізгі бөлігі өтетін жер екенін ескертті. Ал кафедра меңгерушісі Лидия Малыгинаның бағамдауынша, халықтың 90 пайызы әлеуметтік желіні пайдаланады. Л.Малыгина: «Біз ақпаратты сайттардан, телеграмарналардан аламыз, сондықтан, ақпараттық қауіпсіздік – маңызды бағыт. Бірақ РХШжМҚ академиясы үшін бұл – үлкен сын, өйткені мұндай бағдарламаның оқытушылары кәсіби деңгейі жоғары, ерекше мамандар болуға тиіс», – дейді.
Ал Мемлекеттік басқару университетінің ректоры Владимир Строев білім алудың өмірдің өзгеріп жатаын реалияларына шұғыл үн қатып отыруға тиіс екенін атап көрсетті. Оның мәлімдеуінше, егер мемлекетте медиақауіпсіздік жөніндегі мамандарға сұраныс қалыптасқан болса, онда жоғары мектеп соған бағдар ұстап, нарыққа ғылыми зерттеулер мен әдістемелерге арқа сүйей отырып, құқықбұзушылықты анықтай алатын білікті, дайындалған мамандар шығады.
Сөз соңында көршімізден іргені аулақ салуды қолдайтындарға қарама-қарсы әрекет етіп, ертеңгі күннің, болашақ ұрпақтың қамы үшін медиақауіпсіздік саласын дамытқанымыз жөн болар еді деген ұсыныс тастамақпыз. «Көршіңмен тату бол» дегенді атамыз қазақ бекерге айтқан жоқ. Үйрену мен жиренудің ара-жігін ажырата білейік, өзімшілдікке салынбайық, ағайын!
Бейбіт Мекеев