Перейти к содержимому

Апорт қайта жаңғырады

69 қаралым

Қазақстан – әлемдік бау-бақшаның тарихи бесіктерінің бірі. Біздегі тау бөктерлері адамзатқа барлық үй алма ағаштарының атасы – Сиверс жабайы алма ағашын сыйлады. Ал кеңестік жылдардағы әйгілі алматылық апорт нағыз ұлттық бренд, молшылық пен мақтаныштың символына айналды. Алайда соңғы онжылдықтарда республика бау-бақша секторының айтарлықтай құлдырауына тап болды – бірегей бақтар құрылыс салуға кесіліп,  базарларды  өзге елдерден келетін өнімдер толтырды. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Елімізде жеміс-жидек дақылдарын, жүзім және аңызға айналған апортты қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

       Жуырда «Қазақ жеміс-көкөніс ҒЗИ» ЖШС Талғар ауданындағы филиалында өткен «Бау-бақша күні» форумында дәл осы мәселелер талқыланып, қандай жұмыстар атқарылды, келешекте не істелінуі қажет екені жан-жақты талқыланды. Форумға селекционер ғалымдар, бау-бақша серіктестіктерінің өкілдері, жергілікті аграршылар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, мемлекеттік қызметкерлер жиналды. Алтын күзде ұйымдастырылған ауқымды шара кезінде ауыл шаруашылығы өнімдері мен жабдықтарының, ғылыми жетістіктердің көрмесі ұйымдастырылды. Онда  қатысушылар жаңа тұқымдардың, көшеттердің және отырғызу материалдарының соңғы ғылыми әзірлемелерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен өсімдіктерді қорғау саласындағы инновацияларды ұсынды. Әрбір қатысушы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жаңа жетістіктерін өз көзімен көріп, артықшылығын айқын сезініп, бағалай алды. Солардың бірі шара қатысушыларының, әсіресе фермерлердің қызығушылығын тудырған – Оңтүстік Кореяда жасалған алма жинау және ағаштарды кесуге арналған жаңа автоматтандырылған машина болды. Өнертапқыш-қожайындар бағбандарға оның қалай жұмыс істейтінін    нақты көрсетіп, нәтиже көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ форумның практикалық жағынан басқа, институт ғалымдары әр сала бойынша  ауқымды баяндамалар жасаған теориялық бөлімі де тартымды өтті.

      Алғаш сөзге шыққан «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Максим Сутула ғалымдар мен бизнес өкілдері үшін дәстүрге айналған форумның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жиынның мақсаты – ғылымды дәріптеу, ғылыми әлем мен бизнес арасында көпір салу, бәсекеге қабілетті өнім жасау. Себебі ғылыми институттарда осыған қажет әлеует бар. Қазіргі кезде ҰАҒБО-да 3,5 мың қызметкер еңбек  етеді. Елімізде оның 33 еншілес филиалы, 13 ҒЗИ және 3 аграрлық институт бар. 2015 жылдан бастап 2026 жылға дейін ҰАҒБО-да 700 ғылыми әзірлеме дайындалды және оларға мемлекет тарапынан 2,6 млрд. теңге көлемінде   қаражат бөлінді. Сондай-ақ ол осы жиынды ұйымдастырған   Жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ рөлін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл институт ауыл шаруашылығы әзірлемелерінің көшбасшысы және  вируссыз генофондқа, сапалы кадрларға ие. Қазіргі уақытта ғалымдар отандық апортты қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарды,  10 гектар тәлімбақ салынды, 60 мың тұқым жиналды, жеміс-көкөніс дақылдарының жаңа сорттары шығарылды,   110 гектарға жаңа апорт көшеттері отырғызылды, олар 2028 жылға қарай өз нәтижесін береді.

      – Қазақстандық селекционерлер бас қатырып отырған, сонымен бірге басты үміт етіп отырған тұс – апорт. Үлкен, хош иісті, теңдессіз дәмі бар нағыз апорт – тек қатаң белгіленген биіктік аймағында (теңіз деңгейінен 900-ден 1200 метрге дейін) өсуі мүмкін. Осы жағдайлардың бұзылуы және бақылаусыз көбеюi сорттық сапалардың жоғалуына әкеп соқты. Қазір Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары нағыз ғылыми серпіліс жасап жатыр. ДНК-талдау және молекулалық таңбалау арқылы олар «таза», алғашқы апорт клондарын бөліп алды. Оларды қуатты иммунитеті бар, генетикалық тұрғыдан сау Сиверс жабайы алма ағашына телиді. Мемлекет көшеттерді отырғызуды субсидиялай отырып, осы жобаларды белсенді қолдайды. Тағы бірнеше жылдан кейін жаңартылған, генетикалық жағынан таза апорт өзінің алғашқы түріне қайта оралады. Бау-бақша шаруашылығының алдында үлкен перспективалар тұр. Бізде ғылыми әлеует, генетикалық ресурстар, отандық сорттар мен бау-бақша және жүзім шаруашылығын дамытуға мүдделі бейінді мамандар бар. Осының барлығын біртұтас жүйеге біріктіру маңызды және осы  форум  соған ықпал етуі тиіс, – деді Максим Сутула.

      Одан кейін сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыздықовтың баяндамасы да мазмұнды әрі егжей-тегжейлі болды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі бақтардың жалпы көлемі 12,7 мың гектарды құрайды. Оған 6,3 мың гектар алма бағы кіреді, соның 2,2 мың гектарын қарқынды бақтар құрайды. Бұдан басқа, 2,3 мың гектар жүзімдік, 500 гектар жидек екпелері және 15,4 гектар жаңғақ жемісі плантациялары бар. Сондай-ақ, өндірілген өнімді сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта өңірде жалпы сыйымдылығы 36,4 мың тонна болатын 36 жеміс қоймасы жұмыс істейді.

      – Сонымен қатар, жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірде жеміс өнімдерін өндіру және қайта өңдеу саласында жиынтық қуаты 7,9 мың тоннаны құрайтын сегіз ауыл шаруашылығы өндірушісі жұмыс істейді. Олардың ортасында «Apple Bee», «Агрофирма Керуен», «Amal Bio», «Баймене», «Fruit Art», «Qazaq Global Food JV», «ARBA WINE» сияқты кәсіпорындар бар. Жоғары сапалы отырғызу материалдарын жеткізуді қамтамасыз ету бағбандықты одан әрі дамыту үшін шешуші мәнге ие. Бұл бағытта өңірде көшет өндірумен айналысатын сертификатталған төрт кәсіпорын жұмыс істейді. Олар «Жетісу Трейд бақтары», «Баденко» ШҚ, ҚазҒЗИ жеміс-көкөніс шаруашылығы және «Apple Bee» компаниясы. Саланың тиімділігін арттыру үшін біз қарқынды типтегі бақтарды дамытуға және суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бірінші кезекте назар аударамыз. Қазіргі кезде серіктестер – «Keleshek Agro», «Bak Dala» және «Amal Bio» компаниялары, сондай-ақ бірқатар фермерлік шаруашылықтар суару жүйелерімен жабдықталды. Осы жұмысты жүйелі жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Алматы облысында 2027-2030 жылдар кезеңінде қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту жобасы әзірленуде. Біздің болашақтағы басты міндетіміз – қазіргі бақтарды жаңғырту, қарқынды технологияларды енгізу, суды үнемдеу жүйелерін кеңейту, өз көшеттерімізді өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ сақтау және қайта өңдеу қуаттарын арттыру   болып отыр, – деді аймақтың агроөнеркәсіп саласының басшысы.

Оның пайымдауынша, бұл саладағы күш-жігердің нәтижесі өңірде экспортқа бағдарланған заманауи алма кластерін құру, жеке инвестицияларды тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету және экспорт көлемін ұлғайту болуы тиіс.

Жиында баяндама жасаған ғалымдар мен мамандар көп болды. Олардың қатарында «Қазақ жеміс-көкөніс ҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы, а.ш.ғ докторы, профессор, ҰАҒА академигі Теміржан Айтбаев, оның орынбасары, а.ш.ғ. кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәуле Қазыбаева, «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин» ҒЗИ ЖШС бөлім меңгерушісі Жанна Исина, «Қазақ өңдеу және тамақ өнеркәсібі» ҒЗИ ЖШС бас ғылыми қызметкері, т.ғ. докторы Дина Дауытханова, «Қазақ топырақ эерттеу және агрохимия» ҒЗИ ЖШС кіші ғылыми қызметкері, PhD Өркен Жандыбаев, сондай-ақ бау-бақша өсіру және өңдеумен айналысатын бірнеше компанияның басшылары мен өкілдері бар.

  Олардың әрқайсысы өз тақырыптары бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады.  Ғалымдар мен бизнес өкілдері көптеген міндеттерді, соның ішінде жидек дақылдары секторын және қазақстандық жүзім шаруашылығын жандандыруды талқылады. Олар келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта жергілікті климаттық ерекшеліктерге төзімді алдыңғы қатарлы еуропалық және отандық сорттарды пайдалана отырып, мыңдаған гектар жаңа плантациялар салынуда. Мұның бәрі саланы ауқымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі мемлекеттік көмектің арқасында жүзеге асып жатыр.  Субсидиялау бағдарламалары фермерлердің элиталық көшеттерді сатып алу, суару жүйелерін жүргізу және инфрақұрылым салу шығындарының едәуір бөлігін жабады. Газ ортасы реттелетін заманауи жеміс қоймаларын салуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл маусымдық тапшылықты қоспағанда, көктемге дейін өнімді таза сақтауға мүмкіндік береді.

Форумды қорытындылай отырып, қатысушылар – «Қазақстан бау-бақшалы ел» деген  мәртебесін сенімді түрде қайтарып жатыр деген қорытындыға келді. Апорттың қайта жандануы, жүзімдіктер мен жидек плантацияларының кеңеюі – бұл тек тарих пен дәстүрге ғана құрмет емес,  бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылда мыңдаған жұмыс орындарын құруға және қазақстандық аса сұранысқа ие өнімдерді әлемдік нарықтарға шығаруға бағытталған стратегиялық қадам.

Қазақстанның бау-бақшалары қайтадан гүлденуде және ол көп ұзамай мол өнім беретіні сөзсіз. Өйткені, бағбандар отандық алма алқаптарының аумағын  28 мыңнан – 58 мың гектарға жеткізіп, ел тұрғындарын қазіргі 70 пайыздың орнына 100 пайыз өз өнімдерімізбен қамту, оның үстіне мол көлемде экспортқа шығару жолында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр.

Құтмағамамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы