Перейти к содержимому

Талдыдағы дала дүбірі

54 қаралым

Қазақ үшін жердің төсіне дән сеуіп, оны мәпелеп өсіріп, күзде жинаған өнімді төкпей-шашпай қамбаға құю қашанда берекелі еңбек. 

Берекесі кірген ауылдың, айналдырғаны шаруа болар. Осы орайда, Кеген ауданының Талды ауылындағы картоп қазу жұмыстарын көру үшін Қуаныш Тілеуғабыловтың картоп алқабына бардық.

Қуаныш Қуатбекұлының осы мекенде еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Биыл бір гектар жерге картоп егіп, енді жаз бойы төккен маңдай терінің нәтижесін көріп отыр. Кейіпкеріміз еңбектеген байлық бар, ерінбеген жететін ұстаныммен өмір сүреді екен.

Картоптың жақсы өсіп шығуы көбіне егу және түйнек тастау кезіндегі ауа температурасына тікелей байланысты болады, дейді мамандар. Сонымен қатар, оны уақытымен баптап, күтіп отырса көп өнім жинауға да мүмкіндік мол.

Қуаныш Қуатбекұлы, шаруа:

Осы картопты мамыр айының басында еккенмін. Райымбек ауданы Текес ауылынан бір тоннаға жуық картоп тұқымын сатып алдым. Біраз еңбектендік, екі рет суарып, екі рет түптедік. Жаз айларында арамшөптерден тазартып, зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмектерін шаштым. Енді күздің басында жинап жатырмыз. Науқан ойдағыдай болды деп ойлаймын, бағаны қатты көтермей, арзан бағамен беріп жатырмыз.

Құнарлы жерді анықтап, оған егілуі керек картоп сортын таңдай білуде аса маңызды. Сондай-ақ тәжірбиелі шаруалар бір уақытта әртүрлі түйнек отырғызудың да тиімділігін айтады. Өйткені, картоптың қай сорты жақсы өнім беретінін алдын ала болжау мүмкін емес. Сен жерді сыйласаң, жер сонда ғана сені сыйлайды.

Биыл Талды ауылында картоп өнімі жақсы шығыпты. Картоп теру барысында жарты сағаттың ішінде бір қапты толтырдық. Қара жұмыс істеген жақсы ғой. Келгеннен кейін жігіттерге қолғабыс жасап, көмектескен де дұрыс.

Шаруалар: картоп егетін алқапқа заманауи техникаларды көптеп енгізу керек, дейді. Сонда ғана шаруашылықтар шығыны аз өнім жинауға мүмкіндік көбейетінін айтады.

Дала төсіндегі бүгінгі дүбір ертеңгі берекенің бастауы. Әр гектардың артында маңдай тер, әрбір жиналған өнімнің артында тынымсыз еңбек бар.

Ендеше, Талды даласында жүріп жатқан күзгі науқан ел ырысын еселейтін, ауылдың еңсесін көтеретін жауапты еңбек кезеңі. Жаздың әр күнін еңбекке арнаған шаруалар үшін бүгінгі дала дүбірі ертеңгі молшылықтың жарқын нышаны десек, артық айтқандық емес.

 Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы