Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі Іле ауданында жалғасты. Междуреченск ауылындағы Мәдениет үйінде өткен жиын бүгінгі күннің батыры, мектеп оқушысы Ақжол Нұрланұлын құттықтаудан басталды. Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ғана Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейдің 8-сынып оқушысы қоғамдық көлік ішіндегі адамдарды жол апатынан аман сақтап қалды. Оқиға былай болған: көлік жүргізушісі аяқ астынан есінен танып, автобус басқарусыз қалады. Сол кезде Ақжол ойланбастан тізгінді қолына алып, тежеуішті дер кезінде тартып, көлікті тоқтатып үлгерген. Мектеп оқушысының ерлігіне облыс әкімі риза болып, оқушы мен ата-анасына көпшілік алдында құрмет көрсетті. Ізгі тілегін арнап, сый-сияпат жасады.
Бұдан кейін аймақ басшысы Іле ауданының биылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырды. 10 айдың қорытындысы бойынша, Іле өңірі оң нәтижелерге қол жеткізгенін слайдтар мен сандар арқылы паш етті.
Кездесуге келген көпшілік тарапынан ауылішілік жолдар және тұрғын үймен қамту бойынша сұрақтар көтерілді. Инфрақұрылым мәселелерін шешу жолдары Іле ауданында жылдан-жылға жолға қойылып келеді. Ауыл мәселелері аудандық мәслихат пен қоғамдық кеңестің белсенді мүшелері арқылы уақытында шешімін табуда. Тұрғындармен көтерілген мәселелердің мазмұны талданып, уақытында нәтижелі жауап беріліп тұрады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша 30 мәселе көтерілсе, бүгінде 10-ы шешімін тапқан, 20-сын шешу бойынша шаралар қабылдануда.
Жиында облыс басшысы Іле ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жалпы атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Биылғы он айдың экономикалық көрсеткіштері бойынша өнеркәсібі дөңгелеген Іле жері оң нәтижелерге қол жеткізген. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бүгінде 22,0 мың бірліктен асып, жұмыспен қамтылғандар саны 42,6 мың адамға жеткен. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Биыл кәсіпкерлікті қолдау бойынша 168 жоба қолдау тапқан, жобаны субсидиялауға кепілдік берілген. «Әр ауылда – бір жоба» атты бастамаға сәйкес ауданның 22 ауылында 520 жұмыс орынды 44 жобаның 25-і іске асырылып, 316 жұмыс орны құрылған. Жалпы ауданда 39 жанар-жағармай бекеті, 854 сауда орны, 5 сауда орталығы, 8 базар, 180 тамақтану орны жұмыс істейді. Сондай-ақ, халықтың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 104 өтінім жолданып, 56 жоба өткен. Жоба аясында 10 жеке кәсіпкерге несие берілген.
Халықты орталықтандырылған сумен қамту деңгейі жүз пайызға жуықтаған. Аудан тұрғындарының саны артқан сайын, жаңа ұңғыма қазу мәселесі күн тәртібіне шыққан. Кейбір елдімекенде су тапшылығы қолдан жасалып жатқан жайы бар. Жергілікті әкімдік тарапынан ол мәселелер шешімін тауып жатқан көрінеді. Биыл сумен жабдықтау бойынша 5 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар Жетіген, КазЦИК, Шабыт ықшамауданы мен Междуреченск, Ақши, Екпінді ауылында су желісі жүріп жатыр, соның ішіндегі 4 жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Электр жүйесімен қамту да маңызды мәселе. Ауданда барлығы 1492 бірлік трансформаторлық қосалқы станса, электр беру желілері бар. Биыл елді-мекендерді электрмен жабдықтау бойынша 7 жобаны іске асыру қарастырылған. Оның ішінде 5 ауыл мен 2 саяжайда жобалар іске асырылуда, онда ұзындығы – 141 шақырым электрмен жабдықтау құрылысы мен 36 электротрансформатор орнату көзделген. Биыл 5 нысан бойынша құрылыс жұмысы аяқталыпты. Бүгінгі күнге 81 шақырым аумақты электрмен жабдықтау құрылысы жүргізіліп, 21 трансформатор орнатылған. Ауданындағы сыртқы жарықтандыру желілерінің ұзындығы 217,5 шақырымды құрайды. Биыл Междуреченск, Байсерке, Ащыбұлақ, Чапаев және Энергетический ауылдық округтерінде ұзындығы 109,5 шақырым көшеге жарықтандыру желілері салынып, жарық шамдары орнатылған. Жоспар бойынша 11 елдімекенде жалпы ұзындығы 79,9 шақырымды құрайтын 2373 көшеге жарық шамдары орнатылмақ.
Бүгінде 30 елдімекеннің 25-іне газ жүргізілген, яғни, жоспар 92,3 пайыз орындалған. Жетіген, Жаңаарна, Құйған, Әли, Күртіге газ тарту – алдағы күннің еншісіндегі мәселе. Жетіген ауылдық округіне қарасты Жаңаарна ауылы мен Еңбек ауылының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы құрылыстың жобалықсметалық құжаттамасы әзірленуде.
Өзекті мәселелер қатарында жол да бар. Биыл жол мәселесі бойынша өзекті деп танылған 18 мәселенің 8-і шешіліп, 7-еуі бойынша жұмыс жүргізілуде. Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1407 шақырым, оның 230 шақырымы – республикалық, 303 шақырымы – облыстық, 59-ы аудандық маңызы бар жолдар және 815 шақырымы кентішілік көшелерді құрайды. 8 ауылдық округте 15 елдімекен аумағындағы жалпы ұзындығы 51,1 шақырым болатын 79 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланып, толық аяқталған. Соның ішінде 6 шақырым болатын 5 мектептің кіреберіс жолдары жасалған. 2021-2023 жылдары 8 ауылдық округке қарасты ұзындығы 4,0 шақырым болатын 37 саяжайға кірме жолдар жөнделген.
Тұрғындардың қаламен қатынасы үшін 23 маршрут, оның ішінде ауданаралық 18 бағытта 183 автобус қызмет етеді. Соның ішінде биыл 4 бағыт бойынша қоғамдық көліктер қосылған. №1 маршрут «Шабыт» ықшамауданы мен Өтеген батыр ауылын, №2 маршрут Төле би ауылы мен «Жайнақ» ықшамауданын, №3 маршрут Көкқайнар ауылы мен Ашыбұлақ айналма жолын, №4 маршрут Қосөзен ауылы мен Өтеген батыр ауылын жалғайтын болады. Алматы қаласының «Райымбек батыр» метро бекетінен «Gate City» аумағына дейін №89 бағыт бойынша 13 автобус қызмет етуде. Келер жылы тағы 6 бағыт ашу үшін облыстық муниципалдық автобус паркіне ұсыныс беріліп, 15 аялдама орнатылды.
Тұрғын үй кезегінде 5413 адам тұр. Бұл қатарда жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, халықтың әлеуметтік осал топтары, I және II топтағы мүгедектер, толық емес отбасылар, қандастар, жасына байланысты зейнеткерлер бар. Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Өтеген батыр ауылында жалпы ауданы 21,3 мың шаршы метр болатын 72 пәтерлі 3 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның екеуінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, Боралдай кентінде жалпы ауданы 3,3 мың шаршы метр 40 пәтерлі тұрғын үй және ауданы 44,8 мың шаршы метр 55 пәтерлі 16 тұрғын үй салынуда. Бұдан басқа, «Gate City» қалашығында бүгінде ауданы 69,8 мың шаршы метрлік 16 үй пайдалануға берілді және 51 тұрғын үйдің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Желтоқсан айында тағы 26,6 мың шаршы метр болатын 8 тұрғын үй құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек.
Өтеген батыр ауылында және Боралдай кентінде Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Жетіген ауылы мен М.Түймебаев ауылдарында Мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған нысандардың құрылысы алдағы жылы жүргізілмек.
Тағы бір өзекті мәселе – аудандағы 19 мектеп үшауысымды оқыту жүйесінде жұмыс істейтіні. Биыл 4500 орынды 3 мектеп пайдалануға берілді. Ол Шабыт ықшамауданы, Боралдай кенті мен Көкқайнар ауылдарында орналасқан. Жыл аяқталғанға дейін Жаңаталап ауылындағы 600 орынды мектеп пен «Ақжол» саяжайындағы 1200 орынды мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін үшауысымды мектептерді жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектептің құрылысы жүргізілмек, бүгінде жер телімдерінің құжаттары толық рәсімделіп, 2 мектептің құрылысы басталды.
Іле ауданының аумағында 157 саяжай бар, онда 73 мыңға жуық адам тұрады. Алматы облысының сәулет басқармасының тапсырысы бойынша биыл 109 саяжай аумағын қосумен 5 елдімекеннің Бас жоспары әзірленуде. Бас жоспар 2024 жылдың наурыз айында бекітіледі деп күтілуде.
Кездесуде облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев жабық есік форматында қоғамдық қабылдау өткізді. Жалпы, екі жүзге жуық жазылған адамның барлығы да өз өтініштерін көзбе-көз жеткізсе, қалғаны қағаз бен қалам алып, жазбаша берді. Одан бөлек, Іле ауданы территориясының бөлінуі және G4 спутниктік қалашықтарының дамуы жайлы 10 округ әкімімен шағын кеңес өткізілді.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы