Перейти к содержимому

Бұл қай толқын?

33 қаралым

Алматы қаласы әкімдігінің қалалық жиын пункті. Бүгін мұнда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы оқу базасына әскерге шақырылушылардың алғашқы легін қатаң іріктеу жұмысы өтіп жатыр. Санаулы уақыттан соң әскери автобус Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге бекінген жас жігіттерді полковник С.Әуезов басқаратын техникалық және кәсіби-даярлық бөліміне жеткізу үшін сақадай-сай дайын.

Еліміздегі кәмелеттік жасқа болған бозбалаларды әскерге шақыру науқаны қыркүйек айының басында басталғаны белгілі. Содан бері департаментке қарасты қос шекара басқармасының оқу базалары әскерге шақырылушылармен біртіндеп толығып келеді. Өте тамаша! Оларды біздің шекарашылар – офицерлер мен кіші командирлер құшақ жая қарсы алып, әскери өмірдің алғашқы әліппесін үйретуге кірісіп те кетті.
…Аталған жинақтау пунктінің бақылау-өткізу бекеті ата-аналарға толы екен. Жүздерінде қуаныштан гөрі қобалжу мен қимастық басым… Бізді жылы қарсы алған кезекшіге өзіміздің журналист екенімізді айтуымыз мұң екен, әскери қызметші сөзге келген жоқ. Ішке еш кедергісіз өтіп, Ақжарға баратын бозбалаларды іріктеу жұмыстарымен айналысып жатқан бөлім бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Ж.Тұңғышбаевты қиындықсыз тауып алдық.
Сөйтсек, бізден сәл бұрын мұнда шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласындағы филиалының мүшесі, отставкадағы полковник Қазақбай Ертышпаев болып, болашақ ел қорғандарымен кездесіп кеткен екен. Мұны естігенде, «Қап!» – деп, тағылымы мол кездесуден құр қалғанымызға өкініш білдірдік. Саналы ғұмырын ел шебінің сызатсыздығына арнаған, Ауған соғысының отты жылдарын өз басынан өткерген аға буын ардагердің жас ұрпаққа айтары аз емес. Оның әрбір сөзі – шекара қызметінің жауапкершілігін терең сезінген, әскери өмірдің ыстығы мен суығын көрген азаматтың жүрекжарды өсиеті. Бүгінгі жас сарбаздар үшін мұндай кездесу – ел қорғаудың мәнін ұғынып, Отан алдындағы қасиетті борышқа деген жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды сәт. Дегенмен, ардагер ағамыз бұл жігіттермен Ақжардағы оқу базасында да әлі талай кездесіп, «Ерлік» сабағын өткізетінін білетінбіз. Сондықтан, алдымен шекара басқармасының жиын пунктіндегі топ жетекшісін сөзге тарттық:
– Өзіңізге белгілі, оқу базасы әскерге шақырылушыларды қабылдап, өзінің басты міндетіне кірісіп кетті. Ал Алматы қаласынан 30-ға тарта жас жігітті дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Денсаулықтары мықты, тіпті араларында жоғары білімді дәрігер де, республикаға танымал Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің түлегі де бар, – деп атап өтті подполковник Жүніс Тұңғышбаев.
Жоғары білімді дәрігер?.. Осыған дейін Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Сабыр Рахымов секілді даңқты қолбасшылар атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектептердің түлектерін шекарашылар сапынан талай мәрте кездестіріп, өздерімен сұхбаттасу бақытын иеленгенбіз. Ал жоғары білімді дәрігермен?.. Әрине, жоқ. Сосын да офицерден өзі тілге тиек еткен әскерге шақырылушы туралы сұрадық. Алихан Айтбаев. Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медициналық университетін бітіргеніне көп болмапты. Тіпті өз мамандығына сай, жұмыс істеп үлгермеген Алихан алдымен өзінің Отан алдындағы борышын өтеуді шешкен көрінеді. «Жалпы тәжірибелік дәрігермін. Әрі қарайғы білімімді әскерден кейін де алып үлгеретініме сенімдімін. Тіпті, шекарашылар сапында қалып, қызмет ету де ойда бар. Дегенмен бұл туралы ойлау әлі ерте», — деген жас жігітпен сұқбатымызды Ақжарда жалғастыруға уағдаластық…
Ал бауыржаншы Қайсар Кәрімжанның ағасы Жәнібек өзінің азаматтық борышын Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты шекара бөлімшелерінің бірінде өтеген көрінеді. Енді міне, ағасының жолын қуып, шекарашы атануды шешкен Қайсарды да алда шекара күтіп тұр.
Жасырмаймыз, жиын пунктінен жоғары көңіл-күймен шықтық. Алдарына қойған мақсаттарына жету үшін кез келген қиындықты қақырата бұзуға дайын болашақ шекарашылармен кездескеніміз үшін. Ал қалғандары ше? Бұл қай толқын екенін оқу базасында көретін боламыз!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті