Перейти к содержимому

Апорт – ұлттық бренд

29 қаралым

Қазақстан – бау-бақшаның ордасы. Біздегі тау бөктерлері адамзатқа алманың атасы – Сиверс жабайы алма ағашын сыйлады. Кеңестік кезеңде әйгілі алматылық апорт нағыз ұлттық бренд, молшылық пен мақтаныштың символына айналды. Алайда соңғы онжылдықтарда республика бау-бақша секторының айтарлықтай құлдырауына тап болды. Бірегей бақтар құрылыс салуға кесіліп, базарларды өзге елдерден келетін өнімдер толтырды. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Елімізде жеміс-жидек дақылдарын, жүзім және аңызға айналған апортты қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар аудандық филиа­лында өткен Бау-бақша күні форумында дәл осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға селекционер ғалымдар, бау-бақша серіктес­тіктерінің өкілдері, жергілікті аграр­шылар, ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілер, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Алтын күзде ұйымдастырылған ауқымды шара кезінде ауыл шаруашылығы өнімдері мен жабдықтарының, ғылыми жетістіктердің көрмесі ұйымдастырылды. Онда жаңа тұқымдардың, көшеттердің және отырғызу материалдарының соңғы ғылыми әзірлемелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен өсімдіктерді қорғау саласындағы инновациялар ұсынылды. Әрбір қатысушы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жаңа жетістіктерін өз көзімен көріп, артықшылығын айқын сезініп, бағалай алды. Солардың бірі Оңтүстік Кореяда жасалған алма жинау және ағаш кесуге арналған жаңа автоматтандырылған машина болды. Өнертапқыштар бағбандарға оның қалай жұмыс істейтінін нақты көрсетіп, нәтиже көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ форумның практикалық жағынан басқа, институт ғалымдары әр сала бойынша ауқымды баяндамалар жасаған теориялық бөлімі де тартымды өтті.
Алғаш сөзге шыққан Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Максим Сутула ғалымдар мен бизнес өкілдері үшін дәстүрге айналған форумның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жиынның мақсаты – ғылымды дәріптеу, ғылыми әлем мен бизнес арасында көпір салу, бәсекеге қабілетті өнім өндіру. Себебі ғылыми институттарда осыған қажет әлеует бар. Қазіргі кезде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығында 3,5 мың қызметкер еңбек етеді. Елімізде оның 33 еншілес филиалы, 13 ҒЗИ (Ғылыми зерттеу институты) және 3 аграрлық институт бар. 2015 жылдан бастап 2026 жылға дейін орталықта 700 ғылыми әзірлеме дайындалды және оларға мемлекет тарапынан 2,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ ол осы жиынды ұйымдастырған Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының рөлін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл институт ауыл шаруашылығы әзірлемелерінің көшбасшысы және вируссыз генофондқа, сапалы кадрларға ие. Қазіргі уақытта ғалымдар отандық апортты қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарды, 10 гектар тәлімбақ салынды, 60 мың тұқым жиналды, жеміс-көкөніс дақылдарының жаңа сорттары шығарылды, 110 гектарға жаңа апорт көшеттері отырғызылды, олар 2028 жылға қарай өз нәтижесін береді.


– Қазір Қазақ жеміс-көкөніс шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары нағыз ғылыми серпіліс жасап жатыр. ДНК-талдау және молеку­лалық таңбалау арқылы олар алғашқы апорт клондарын бөліп алды. Оларды қуатты иммунитеті бар, генетикалық тұрғыдан сау Сиверс жабайы алма ағашына телиді. Мемлекет көшеттерді отырғызуды субсидиялай отырып, осы жобаларды белсенді қолдайды. Тағы бірнеше жылдан кейін жаңартылған, генетикалық жағынан таза апорт өзінің алғашқы түріне қайта оралады. Бізде ғылыми әлеует, генетикалық ресурстар, отандық сорттар мен бау-бақша және жүзім шаруашылығын дамытуға мүдделі бейінді мамандар бар. Осының барлығын біртұтас жүйеге біріктіру маңызды және осы форум соған ықпал етуі тиіс, – деді Максим Сутула.
Одан кейін сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың баяндамасы да мазмұнды әрі егжей-тегжейлі болды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі бақтардың жалпы көлемі 12,7 мың гектарды құрайды. Оған 6,3 мың гектар алма бағы кіреді, соның 2,2 мың гектарын қарқынды бақтар құрайды. Бұдан басқа, 2,3 мың гектар жүзімдік, 500 гектар жидек екпелері және 15,4 гектар жаңғақ жемісі плантациялары бар. Сондай-ақ өндірілген өнімді сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта өңірде жалпы сыйымдылығы 36,4 мың тонна болатын 36 жеміс қоймасы жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда өңірде жеміс өнім­­дерін өндіру және қайта өңдеу саласында жиынтық қуаты 7,9 мың тоннаны құрайтын сегіз ауыл шаруашылығы өндірушісі жұмыс істейді. Олардың ортасында «Apple Bee», «Агрофирма Керуен», «Amal Bio», «Баймене», «Fruit Art», «Qazaq Global Food JV», «ARBA WINE» сияқты кәсіпорындар бар. Жоғары сапалы отырғызу материалдарын жеткізуді қамтамасыз ету бағбандықты одан әрі дамыту үшін шешуші мәнге ие. Бұл бағытта өңірде көшет өндірумен айналысатын сертификатталған төрт кәсіпорын жұмыс істейді. Олар – «Жетісу Трейд бақтары», «Баденко» ШҚ, ҚазҒЗИ жеміс-көкөніс шаруашылығы және «Apple Bee» компаниясы. Саланың тиімділігін арттыру үшін біз қарқынды типтегі бақтарды дамытуға және суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бірінші кезекте назар аударамыз. Қазіргі кезде серіктестер – «Keleshek Agro», «Bak Dala» және «Amal Bio» компаниялары, сондай-ақ бірқатар фермерлік шаруашылық суару жүйелерімен жабдықталды. Осы жұмысты жүйелі жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Алматы облысында 2027-2030 жылдар кезеңінде қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту жобасы әзірленуде. Біздің болашақтағы басты міндетіміз – қазіргі бақтарды жаңғырту, қарқынды технологияларды енгізу, суды үнемдеу жүйелерін кеңейту, өз көшеттерімізді өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ сақтау және қайта өңдеу қуатын арттыру, – деді басқарма басшысы.
Оның пайымдауынша, бұл саладағы күш-жігердің нәтижесі өңірде экспортқа бағдарланған заманауи алма кластерін құру, жеке инвестицияларды тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету және экспорт көлемін ұлғайту болуы тиіс.
Жиында баяндама жасаған ғалым­­дар мен мамандар көп болды. Олардың қатарында Қазақ жеміс-көкөніс ҒЗИ басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰАҒА академигі Теміржан Айтбаев, оның орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәуле Қазыбаева, Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Жанна Исина, Қазақ өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Дина Дәуітханова және өңдеумен айналысатын бірнеше компанияның басшылары мен өкілдері бар.
Ғалымдар мен бизнес өкілдері келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта жергілікті климаттық ерекшеліктерге төзімді алдыңғы қатарлы еуропалық және отандық сорттарды пайдалана отырып, мыңдаған гектар жаңа плантациялар салынуда. Мұның бәрі саланы ауқымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі мемлекеттік көмектің арқасында жүзеге асып жатыр. Субсидиялау бағдарламалары фермерлердің элиталық көшеттерді сатып алу, суару жүйелерін жүргізу және инфрақұрылым салу шығындарының едәуір бөлігін жабады. Заманауи жеміс қоймаларын салуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл маусымдық тапшылықты қоспағанда, көктемге дейін өнімді таза сақтауға мүмкіндік береді.
Форум қатысушылары «Қазақстан – бау-бақшалы ел» деген мәртебесін сенімді түрде қайтарып жатыр деген қорытындыға келді. Апорттың қайта жандануы, жүзімдіктер мен жидек плантацияларының кеңеюі тек тарих пен дәстүрге ғана құрмет емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылда мыңдаған жұмыс орнын құруға және сұранысқа ие өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға бағытталған стратегиялық қадам.
Қазақстанның бау-бақшалары қайтадан гүлденуде және ол көп ұзамай мол өнім беретіні сөзсіз. Өйткені бағбандар отандық алма алқаптарының аумағын 28 мыңнан 58 мың гектарға жеткізіп, ел тұрғындарын қазіргі 70 пайыздың орнына 100 пайыз өз өнімдерімізбен қамту, оның үстіне мол көлемде экспортқа шығару жолында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы