Перейти к содержимому

Балаларға қуаныш сыйлады

26 қаралым

«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы А. Жексембеков атындағы орта мектепте әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар мен олардың отбасыларының жағдайы зерделеніп, нақты көмек көрсету бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде бірқатар оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен қаржылай көмек көрсетілді.

Атап айтқанда, көпбалалы отбасында тәрбиеленетін бір оқушы мектеп формасымен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар төрт оқушыға Түрген ауылдық округінің әкімдігі тарапынан мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер және әрқайсысына 10 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Аудандық білім бөлімі тарапынан бір оқушыға оқу құралдарының жиынтығы табысталды. Акция барысында мектеп ұжымы да белсенділік танытып, көмекке мұқтаж оқушыларға қажетті заттарды алып беру арқылы өз үлестерін қосуда. Ұстаздардың бұл бастамасы – балаға деген жанашырлық пен кәсіби жауапкершіліктің ғана емес, адамгершілік қасиеттің де айқын көрінісі.
Қайырымдылық шараларының жүзеге асуына мектептің тұрақты демеушілерінің қолдауы ерекше ықпал етуде. Солардың бірі – «Транс Авиа» компаниясы. Аталған компания өкілдері оқушыларға сыйлық таратты. Демеушілердің қолдауының арқасында балалардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастап, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік жасалуда. Мұндай игі істер мектеп пен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етеді. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлердің де қолдауы жалғасын табуда.
«Мектепке жол» акциясының маңызы тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Оның тәрбиелік мәні де ерекше. Қайырымдылық арқылы жас ұрпаққа адамгершілік құндылықтар дәріптеледі. Бір баланың қуанышы – бір отбасының қуанышы. Ал бір отбасыға көрсетілген қолдау – қоғамдағы мейірімділіктің көрінісі.
Осы орайда «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысып, балаларға қолдау көрсетіп отырған «Транс Авиа» компаниясына, жеке кәсіпкерлерге, демеушілерге, ата-аналарға және мектеп ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Ақмарал Алдамұратова
А.Жексембеков атындағы орта мектептің
әлеуметтік педагогі
Түрген ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы