Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстанның айқын нышаны, елдің егемендігі мен бірлігін білдіретін қастерлі құндылықтар. Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекетіміздің тарихын, ұлттық болмысын айшықтайтын басты нышандар. Осы бағытта Талғар аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану бойынша білім беру ұйымдарында кездесу өткізілді.
№42, №3, №5 және №44 мектептерде өткізілген іс-шара барысында Талғар аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өркен Әбдібай мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, оларды құрметтеу әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың тәрбиелік маңызына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Дамир Отыншиев Мемлекеттік Туды пайдалану және орналастыру, Мемлекеттік Елтаңбаны қолдану талаптары, сондай-ақ Мемлекеттік Әнұранды орындау тәртібі жөнінде нақты ақпарат берді.
Кездесу барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздердің мән-маңызына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Әсіресе білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану, оларды насихаттау және оқушылардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылды. Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық және азаматтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік нышандарға деген құрметін қалыптастыруға және ел тәуелсіздігінің құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Өз тілшіміз
Талғар ауданы