Жастардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп – күнделікті назарды қажет ететін мәселе. Әсіресе кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу маңызды.
Осы бағытта жуырда Ұйғыр аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп түнгі рейдтік жұмыстар жүргізді. Рейд барысында қоғамдық орындар мен жастар көп жиналатын аумақтар бақылауға алынды. Құқық қорғау қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алуға және қоғамдық тәртіптің сақталуына баса назар аударды.
Жастарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбау, қауіпсіздік ережелерін ұстану жөнінде түсіндірді мамандар. Мұндай шаралар жастарды жазалау үшін емес, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын да айтып өтті.
Түнгі уақыттағы бейқамдық кейде үлкен мәселеге ұласуы мүмкін. Сондықтан ата-ана бақылауы, жастардың өз жауапкершілігі және құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстары өзара сабақтас болуы қажет.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы