Кейде бір адамның басындағы жағдай екінші бір адамның өміріне мүлде басқа жол ашып жатады. Әкесі белін ауыртып алмағанда, бәлкім, оның омарташылыққа деген қызығушылығы да оянбас па еді. Ағаш шебері болып еңбек ететін Ұйғыр ауданы Тиірмен ауылының тумасы Жұмабек аға ауыр жұмыстың салдарынан белін ауыртып, ем қабылдау үшін Ават ауылындағы Эршад Анадулаев есімді азаматқа барады. Эршад аға массаж жасаумен қатар ара бағатын омарташы екен. Екеуара әңгімеде араның тіршілігі, оның таңғаларлық еңбекқорлығы, омартадағы қызық жағдайлар жиі сөз болады. Жұмабек аға үйіне келген сайын естігенін баласы Таңатарға айтып отырады. Сол бір әңгімелер жас жігіттің көңіліне ұялап, ақыры «мен де ара бағамын» деген шешімге әкелген.
Бұған дейін олардың әулетінде омарта ұстаған адам болмаған. Айналасында да ара шаруашылығының қыр-сырын білетін жан аз. Бірақ қызығушылық басым түседі. Әкесі оны Эршад ағаға ертіп барып, үйретуін өтінеді. Тәжірибелі омарташы бірден ұя ұстата салмай, әуелі кітап береді. Бұл араның тіршілігін алдымен теория жүзінде танып алсын дегені болса керек…
Қыс бойы кітапқа үңілген ол көктем шыға екі ұя ара алады. Сөйтіп 2015 жылы омарташылықтағы алғашқы қадамын бастайды. Алғашқы екі жыл Эршад ағаның жанында жүрді. Ұяны қалай ашудан бастап, аналық араны табу, азығын бақылау, ауруын ажырату, маусымға дайындау секілді толып жатқан жұмысты сол кісіден үйренді. Кітаптан оқыған дүние араның қасына келгенде мүлде басқаша көрінетіні тағы бар. Өйткені бұл кәсіпте құр білім аздық етеді. Араның мінезін тану, оның жағдайын сезу уақытпен келеді.
Бүгінде сол екі ұя қырыққа жеткен. Он жылға жуық уақыт ішінде ұя саны ғана емес, омарташының өзі де өзгерді. Алғашқы кездегі әр қимылын ойланып жасайтын жас жігіт қазір ұя қақпағын ашқан сәтте-ақ ішіндегі тіршіліктің жайын аңғарады. «Араның тілі жоқ болғанымен, ол омарташыға жағдайын білдіре алады. Шуылынан, қозғалысынан, қанат қағысынан көп нәрсені түсінесің. Ұяны ашқанда олардың жағдайын бірден сеземін. Бұл арамен тілдескен сияқты, – дейді Таңатар Жұмабекұлы. Осы сөздің өзі он жылдық тәжірибенің не бергенін аңғартқандай.
Ол ара күтіміндегі ең маңызды нәрсе – білім деп есептейді. Білген сайын әлі де білмейтінің көп екенін түсінесің. Сондықтан осы уақытқа дейін ізденісті тоқтатпаған. Ара күтімін жақсарту, балдың сапасын арттыру, аурудың алдын алу, тұқымды жетілдіру – бәрін әлі күнге дейін зерделеп келеді.
Қазір ара шаруашылығы да бұрынғыдай емес. Құрал-жабдықтар жаңарып, адам күшін азайтатын мүмкіндіктер көбейген. Селекциялық жұмыстар жүргізіліп, ара тұқымын жергілікті климатқа бейімдеу, ауруға төзімді түрлерін қалыптастыру бағытында жаңалықтар бар. Бірақ омарташының ойынша, қандай техника келсе де, араны түсінетін адамның орнын баса алмайды. Өйткені әр ұя – өз алдына бір тіршілік. «Адам бір отбасының жағдайына жауап береді ғой. Ал омарташыда қанша ұя болса, сонша ара отбасының жауапкершілігі бар. Бірінің жағдайы жақсы, екіншісіне көмек керек болуы мүмкін. Бәрін бақылап отырмасаң, еңбеігіңнің жемісін жей алмайсың», – дейді кейіпкеріміз.
Көп мөлшерде бал жинау үшін омарташыда ара тіршілігі туралы білім мықты болуы қажет дейді Таңатар. Бүгінде кей омарташылар бір маусымда 1 ұядан 15-20 кг бал алса, Таңатар 1 ұядан орташа 100-120 кг бал алып отыр. Балдың сапалы болуы үшін де барынша еңбек етуде. Атап айтсақ, омартада араларға тек эко материалдан, яғни Тянь-Шань бал қарағайынан дайындалған ағаш ұяларды пайдаланады екен. Себебі қазіргі кездегі заманауи жасалған ара ұялары бал сапасын, құрамын бұзады екен. Демек пенополиуретан, пенапластан жасалған ұялар эко бағытқа сапалы бал аламын дейтін омарташыға жарамсыз екенін де ашып айтты біздің кейіпкеріміз. Тіпті аралар мен ұяларды дәрілеуді де кітаптардан оқып, бұрынғы әдістерді пайдаланады екен.
Қырық ұя деген – сырт көзге қырық ағаш жәшік қана. Ал омарташы үшін қырық түрлі отбасы. Бірінде аналық ара әлсіреуі мүмкін. Екіншісінде азық жеткіліксіз. Үшіншісінің күші молайып, жаңа ұя бөлуге дайын тұрады. Соның бәрін дер кезінде байқамасаң, маусым бойғы еңбектің зая кеткені.
Осы себепті ол омарташылыққа келген адам ең алдымен араны жақсы көруі керек дейді. Балды емес. Табысты емес. Араны. Себебі бұл кәсіптің қызығынан бейнеті аз емес. Маусым бойы көшіп-қону, күннің ыстығында жұмыс істеу, ұяларды тасымалдау, қыстың қамын ерте ойлау, көктемде әлсіз отбасыларды қалпына келтіру – мұның бәрі төзімділік сұрайды. Алайда Таңатар мұны қиындық деп қабылдамайды. «Омарташылықты қиын жұмыс деп айтатындар көп. Рас, еңбегі ауыр. Бірақ өз ісіңді жақсы көрсең, жұмыс демалысқа айналады. Мен омартаға барған кезде шаршамаймын. Керісінше, көңілім тынышталады», – дейді ол.