Алматы облысында биыл 9 мыңға жуық тұрғын қаржы сауатын арттырды. Олардың 61 пайызында банк алдындағы берешегі бар екені анықталған.
Қаржылық сауат деңгейін арттырмай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Осылай деген AMANAT партиясы Halyk Bank-пен бірге мамыр айында «Қарызсыз қоғам» жобасын бастады. Оның аясында, бір ғана Алматы облысының мыңдаған ауыл тұрғыны несие туралы білімін арттырып, отбасы бюджетін тиімді басқаруды үйренді.
Бұл жоба қаржы алаяқтарына алданып қалуды азайтуға, шамадан тыс қарызданып қалуды болдырмауға және ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетін жақсарту үшін қолға алынған. Берешегі басынан асып, борышкер атанған қатысушылар игі іс үшін AMANAT партиясына алғыс білдіріп жатыр. Өйткені, олар дәрістен кейін маңызды дүниелерді ойға түйгендерін айтты.
«7 айда 9 мыңға жуық азамат қаражатты тиімді жұмсауды үйренді. Өз кәсібін бастағысы келетіндерге, табыс табудың түрлі жолдарын көрсететін пайдалы мәліметтерді бөлістік. Сарапшылар кіріс пен шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды үйретті», – деді Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Зәмзәгүл Сламбекова.
Оның айтуынша, қаржылық сауатты арттыру курсына құмар ойынға салынғандар да қатысқан.
«Қаржылық сауатсыз болудың салдары орасан. Қарызы жамала берген соң несиеге барып ұрынады. Алған кезде банктің процентін есептеп жатпайды. Соңында ай сайынғы берешегі табысынан асып түседі. Төлей алмаған соң есепшоты бұғатталады. Олардың қатарында алаяқтарға алданып қалғандар, құмар ойындарға тәуелді болғандар мен банк борышкерлері бар» – дейді ол.
Мәселен, AMANAT партиясына 26 жастағы азамат 4 түрлі микроқаржы ұйымынан 800 мың теңге қарыз алғанын айтып келген. Ал оның ата-анасы баласының «лудоман» екенін білмеген. Тұрақты табысы болмағандықтан несие уақтылы төленбей, коллекторлық компаниялар жақындарына қысым көрсете бастаған.
«Ұлының берешегін екі зейнеткер өз мойнына алып, зейнетақысынан төлеп келген. Оның шоты бұғатталып, несие тарихы бұзылғанына байланысты ешқандай кәсіппен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Тіпті жұмысқа тұра алмайды. Осы мәселе қариялардың денсаулығына кері әсер еткен. Семинардан кейін несие төлемдері мен құжаттарын талдау нәтижесінде азаматтың шоты бұғаттан шығарылды. төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі жүргізілген. Нәтижесінде, жұмысқа орналасып, айлығын толық мөлшерде алып отыр», – дейді жоба жетекшісі.
Оқу барысында қатысушылар тек білім алумен шектелмейді. Оған қоса, борышкерлерге заңгерлер тегін кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Жоба келесі жылы да жалғасады.
Айта кету керек, оқуға қатысқан тұрғындардың 61% банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешегі бар. Олардың бірнеше несие өтеп жатқаны, тіпті 12 несиесі бар отбасы белгілі болды.Әсіресе жастар арасында ойланбай қарыз алып, қайтара алмай жүргендер көп. Қазан айындағы статистикаға сәйкес Алматы облысында 801 адам банкрот деп танылған.