1998 жыл. Көктем айы. Алғаш рет сол кездегі Шонжы шекара отрядына журналистік іссапармен жолымыз түскен. Тапсырма – шекара қызметінің түкпір-түкпірінен жиналған застава бастықтарының оқу-жаттығу жиыны туралы ведомстволық газетке материал дайындау. Сөйтіп, әскери журналистердің қым-қуыт жұмысы басталып кеткен. Біресе шекара отрядының далалық оқу полигонына барып, офицерлердің көз ұшындағы нысаналарды қалай дәлдеп құлатқандарын суретке түсірсек, біресе жиын жетекшілерін сөзге тартамыз… Міне, осындай қарбаласта бізбен бірге Шонжы шекара отрядының суретшісі жүрді. Өзінің иығына асып алған фотоаппаратына да тыным жоқ… Сондағы суретші ағамыз – шекара отрядының үлкен-кішісі Жүкең атап кеткен Жұмаділ Нүсіпқазиев болатын. Өзі тау қозғалмайтынның нағыз өзі, есесіне, көздері күлімдеп тұрады. Осының өзі-ақ Жүкеңнің жайдары да кішіпейіл, ақкөңіл де қарапайым жан екенінен хабар «беріп» тұр еді. Біздің осылай басталған таныстығымыз уақыт өте келе әдемі сыйластыққа ұласқан. Мына қызықты қараңыз, департаменттің ұзын дәлізінің бойынан өзіміз жиі кездестіретін әскери қызметші біз білетін, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының үлкен-кішісі құрметтейтін Жүкеңнің ұлы болып шықпасы бар ма?! Алдымен біздің қарсы алдымызда әдемі жымиып тұрған жас жігіттің тегі Нүсіпқазиев екенін білдік. Қамбар Жұмаділұлы. «Жұмаділұлы?.. Тоқтаңыз, не болып кетті өзі? Сіз бұрынғы Шонжы шекара отрядында ұзақ жылдар бойы суретші болып жұмыс істеген Жүкеңнің ұлысыз ба?» – дедік аптығып. Біздің бейнебір әлемнің тоғызыншы ғажабын көргендей таң-тамаша болғанымызды қызықтаған шекарашы: «Неге бұрынғы? Әкем қазіргі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында да біраз жыл жұмыс істеп, өкінішке орай, денсаулығы сыр берген соң сүйікті ісінен қол үзуіне тура келді», – деді. Иә, өкінішті-ақ. 1996 жылдан бастап, шекара отрядының клубында жұмыс істеп, тарихи оқиғалардың бел ортасынан табылған Жүкеңнің жүрегіне аз салмақ түспеген секілді… Осындай аяулы азаматтың ұлы ше? «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, әкесіне қарап бой түзегені айдан анық. Сонда да мұны Қамбардың өз аузынан естігенді жөн көрген жайымыз бар. – Дәл таптыңыз, менің шекарашы болуыма әкемнің бір-ақ ауыз сөзі түрткі болды, – деді. Әлі есімде, мен әскерге кетуге дайындалып жүрдім. Сондай күндердің бірінде әкем мені қасына шақырып алып: «Ұлым, азаматтық борышыңды өтеймін деген ниетіңді құптаймын. Ал әрі қарай ше? Әскерден кейін не істемек ойың бар?» – деп, менің бетіме ойлы жүзбен қарады. Мен тосылған жоқпын: «Әке, алдымен әскерге барып, өзімді сынап көрейін», – дедім. Менің жауабымды естіген әкем аз ойланып отырды да: «Ойың дұрыс, балам. Бірақ, қайда, қалай қызмет етсең де бәрібір емес пе? Одан да сен құжаттарыңды біздің шекара отрядына тапсырып көр. Келісімшартпен қызмет етуге», – деп кеңес берді. Мен ойланып қалдым. Әкем дұрыс айтып тұр еді. Бір жақсысы, ол кезде келісімшарт қызметіне бұрын мерзімді әскери қызметте болғандарды ғана қабылдау туралы заң әлі шықпаған. – Шекараға осылай тап болған екенсіз ғой? – дедік біз.
– Дәл солай! – Кіші сержант Қ.Нүсіпқазиев көп мән таныта күлімсіреді. 2011 жылдың тамызынан бастап. «Қарқара», «Сүмбе» шекара бөлімшелерінде, «Ойқарағай» шекаралық поста қызмет атқардым. 2014 жылы шекара отрядына ауыстырылып, осында бір жылдай қызмет атқарған соң, техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің бөлімше командирі болып тағайындалдым. Үш жылдан кейін шекараны күзету бөлімінің картографы лауазымына кірістім. … Әке мен ұлдың арасындағы келелі әңгімеге де тура 15 жыл өтіпті. Аз уақыт емес. Сондағы бозбала бүгін ел шебінің ыстығы мен суығын өз басынан өткерген нағыз шекарашы. Департамент дараларының қатарынан ойып тұрып орын алған Қамбар отбасында да тамаша әке. Өзінің тылдағы тірегі Зәмзагүл екеуі үш қыз бен бір ұлдың ардақты ата-анасы. Айтпақшы, біздің шекарашының айтуынша, Іңкәр мен Айсезім есімді қос қызғалдағы да аталары мен әкелері секілді аппақ қағазға ерте қол созған көрінеді. Тамаша емес пе! Біз білетін Жүкеңнің шекарашы ұлы туралы әзірге айтарымыз осы!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы