Перейти к содержимому

Өркендеу өзегі – әдептен!

19 қаралым

Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсібилік пен жеке құзыреттердің, моральдық-адамгершілік қасиеттердің және әдептілік мінез-құлықтың көрінуіне негізделген. Өз кезегінде халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті болып саналады. Сондықтан бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Осыған орай, әрбір мемлекеттік қызметші өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын және қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануды әрдайым назарда ұстауы қажет.

Мемлекеттік қызметші азамат­тардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы керек және жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз міндеті деп санауы тиіс. Сонымен қатар әріптестерімен қызметтік қарым-қатынас кезінде ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға және басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынаста меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілген белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге тиіс. Бірақ мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесі оның кәсіби қасиеттерімен ғана шектелмейді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі – қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, әдеп нормаларын бұзуды, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмау, жұмыстан тыс кезде заңбұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне назар аударуы қажет. Заңбұзушылықтарды азайту мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен өңірдегі барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен оқиғаларға, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілердің жағымсыз жағынан аталуы және сынға алынған мақалаларға мониторинг жүргізіліп отырады. Өз кезегінде әлеуметтік желілерде жарияланған мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыни мақала­ларда, сондай-ақ департаментке түсе­тін арыз-шағымдарда мемлекеттік қызметшілер тарапынан Әдеп кодек­сі­­нің талаптарын сақтамау және қызметтік міндеттерін сапалы атқармау деректері қоғамдық сынға ұшырап, аталған жағдай мемлекеттік қызмет жүйесіне кері әсерін тигізуде. Бұл ретте, мониторинг нәтижесіне сәйкес, өткен 2026 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланған сыни мақалаларда көрсетілген фактілердің басым көпшілігі әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысы бола бермейтіндігін атап өтуге болады. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметші тарапынан азаматтармен
қарым-қатынаста әдептілік танытпау деректері бұқаралық ақпарат құрал­дарында кеңінен жарияланып, қоғам тарапынан сынға ұшыраған.
Бұдан шығатын қорытынды – бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар олардың әдептілігі де маңызды! Себебі әдептілік мемлекеттік
қызметтің басты ұстанымының бірі екенін естен шығармауымыз қажет. Әдеп кодексінің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс кезде де адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау. Оның парасаттылық және адалдық сияқты тәртіптік әдеп стандарттарын сақтай отырып өз ұйымының беделін түсірмеуі қажет екенін көрсететін әрекеттері, қылықтары және өзін-өзі ұстауы, мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі, үлгілі мінез-құлқы ізеттілік пен адалдықтың маңызды көрінісі болып саналады. Сонымен қоса «Адал азамат» – жаңа мемлекеттік қызмет моделінің негізі. Мемлекеттік қызмет жүйесінде азаматқа қызмет ету, кәсібилік, жауапкершілік және адалдық ұғымдарының маңызы артып келеді. Бұл бағыт қабылданған жаңа «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметті өткеру мемлекеттік саясатқа бейілділікке, қоғамның мемлекеттік қызметке сеніміне және мемлекеттік қызметшінің өзі берген антқа адал болуына негізделеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшіге қазақстандық патриотизм, кәсібилік, клиентке бағдарлану, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел және құқықбұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік талаптары қойылады. Осы тұрғыдан алғанда, «Адал азамат» ұғымын мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметі мен азаматтық жауапкершілігін ұштастыратын құнды бағдар ретінде қарастыруға болады. Бұл жерде адалдық тек заң талаптарын бұзбаумен шектелмейді. Ол өз міндетін сапалы орындаудан, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуден, мемлекеттік ресурстарды ұқыпты пайдаланудан, мүдделер қақтығысына жол бермеуден және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік алудан көрінеді.
Қазіргі мемлекеттік қызметші үшін «Адал азамат» бейнесі үш өзара байланыстан көрінеді. Біріншісі – адал қызмет, яғни лауазымдық міндеттерді жеке пайдадан жоғары қойып, мемлекет пен қоғам мүддесіне сай орындау. Екіншісі – кәсіби жауапкершілік, яғни өз құзыретін үнемі жетілдіру, шешімдердің сапасына және олардың нәтижесіне жауап беру. Үшіншісі – әдепті мінез-құлық, яғни азаматтармен, әріптестермен және қоғаммен қарым-қатынаста құрмет, әділдік, ашықтық пен сыпайылық қағидаттарын сақтау.
Адал азаматтың басты белгілерінің бірі – мінсіз бедел. Мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін орындау кезінде ғана емес, жалпы мінез-құлқында да мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Бұл ретте жаңа заң қызметтік әдепті мемлекеттік қызметшінің мінез-құлық қағидаларымен байланыстырып, оны Әдеп кодексінде белгіленген қағидаттар мен стандарттармен сабақтастырады. Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттарында адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану сияқты құндылықтар белгіленген. Атап айтқанда, адал ниет қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби әрі жауапты қызмет етуді, ал адалдық өз міндеттеріне шынайы көзқарасты білдіреді.

Айнұр НҰРЕКИНА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы