Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бала қауіпсіздігі – басты назарда!

Бала қауіпсіздігі – басты назарда!

24 қаралым

Жаңа оқу жылының басталуымен білім саласы мамандарының ғана емес, құқық қорғау органдарының да жұмысы арта түседі. Өйткені балалардың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік жүгі бар. Осы орайда жылдағы әдетпен Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыс жүргізді.

Оқушылардың білім беру ұйымдарына қауіпсіз келіп-кетуін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың жол жүру ережелерін сақтауына жағдай жасауды мақсат еткен іс-шара барысында мектеп маңындағы жол учаскелерінің жай-күйі, жол белгілерінің дұрыс орнатылуы назарға алынып, жаяу жүргінші жолақтары жаңартылды. Сонымен қатар оқушыларды мектепке тасымалдауға арналған автобустарға да бақылау жұмыстары жүргізіліп, көлік құралдарының техникалық жағдайы, қажетті құжаттарының болуы, жүргізушілердің тиісті талаптарға сәйкестігі тексерілді. Балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы ескертілді.
Оқу жылының алғашқы күнінен бастап полиция қызметкерлері аудандағы мектептер мен колледждерде балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернеттегі қауіптерден сақтандыру және жасөспірімдердің жауапкершілігін түсіндіру бағытында бірқатар кездесу өткізді.
«Өкінішке қарай, жол жүру ережесін кішкентай балалар ғана емес, ересектер де біле бермейді. Соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының себепшісі болып жатады. Сондықтан жол жүру ережелері туралы жоғары сынып оқушыларымен өткен кездесулерде де кеңінен айтылды. Жолдан жүгіріп өтетін, телефонға алаңдап, жолға қарамайтын, құлаққаппен жүретін жастар көп», – дейді Еңбекшіқазақ АПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ержан Мұқан.
«Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 94 профилактикалық дәріс ұйымдастырып, балаларға қиын жағдайға тап болған кезде үнсіз қалмау, көмек сұрау және қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірілді», – деген Ержан Ерланұлы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта киберқылмыс кең етек алып, алаяқтар телефондағы балалар ойындары арқылы да қылмыс жасау жолдарын тапқан. Осы орайда интернеттегі алаяқтық схемалары және олардан сақтану жолдары, телефонға хабарламамен келген белгісіз сілтемелерді ашпау, оның салдары туралы оқушыларға түсіндірілді. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар дамыған тұста балалар арасында кибербуллинг, желіде бір-бірін қудалау, фото-бейнемен бопсалау сынды мәселе бой көтерген. Кездесу барысында бұл мәселелер төңірегінде де оқушылар мен студенттерге ақпарат беріліп, елімізде балаларды қорлау және желіде қудалау бойынша қатаң жауапкершілік қарастырылғаны айтылды.
Жалпы, білім беру ұйымдарында жүргізілген профилактикалық жұмыс барысында оқушылар мен студенттер өз құқықтары, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық, құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі сияқты мәселелер туралы толыққанды ақпарат пен өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы