Перейти к содержимому

Автоспорт аламаны

21 қаралым

Елімізде алғаш рет Орталық Азия бойынша FIA дрифт кубогы өтеді. Халықаралық автомобиль федерациясының (FIA) қолдауымен өтетін автоспорт аламаны 25-27 қыркүйек аралығында Іле ауданындағы «Sokol» спорттық-туристік кешенінде жалауын желбіретпек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Орталық Азияда алғаш өтетін FIA дрифт кубогына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Авто жарысында Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресейдің ең мықты жүргізушілері бір трассада бақ сынайды. Турнирге барлығы 30 спортшы қатысады, оның 17-сі Қазақстан намысын қорғайды.
Аталған жарыс көршілес елдердің автоспорт қауымдастығын біріктіруге және осы саланы халықаралық стандартқа сәйкес одан әрі дамытуға серпін бермек. Ал отандық жүргізушілер үшін бұл турнир халықаралық спортшылармен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, FIA дрифт кубогы еліміз үшін автоспорт саласындағы орнын нығайтуға бағытталған тағы бір қадам саналады.
«Біз үшін бұл жай ғана автожарыс емес. Өйткені мұндай мәртебедегі турнир алғаш рет Орталық Азияда және біздің алаңымызда өткізіліп отыр. Бұл – Қазақстан үшін де, оның ішінде біздің «Sokol» спорттық-туристік кешені үшін де маңызды жетістік. Біздің мақсатымыз – мұнда автоспорттың түрлері бойынша халықаралық жарыстарды үнемі өткізе алатын алаң құру. Бұрын осы деңгейдегі турнирлерді Жапония, Латвия және Грекия қабылдаған еді. Енді осындай мүмкіндікке біз ие болып отырмыз. Өңір тарихында алғаш рет көрермендер әлемдік деңгейдегі жарысты тамашалай алады», – деді «Sokol» спорт және ойын-сауық кешенінің бас директоры Достан Ибрагимов.
Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Онда қауіпсіздік талаптарына, жарыстың техникалық ұйымдастырылуына, төрешілердің, командалардың және жүргізушілердің жұмысына, сондай-ақ халықаралық жарыстарға дайындық кезінде көрермендер мен БАҚ өкілдеріне арналған инфрақұрылымға ерекше назар аударылады.
«Турнир бағдарламасына жаттығу кезеңі, іріктеу және жұптық жарыстар кіреді. Іріктеу кезеңінде төрешілер жарысқа қатысушылардың траекторияны сақтауын, дрифт бұрышын, жылдамдығын және жүргізу мәнерін бағалайды. Осыдан кейін үздіктер жұптық кезеңге жолдама алады. Бұл кезеңде әр қатысушы кезекпен көшбасшы және қуып жетуші рөлінде өнер көрсетеді. Жарыс қорытындысы бойынша жеке және командалық есепте жеңімпаздар анықталады», – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қырғыз Республикасы автоспорт федерациясының вице-президенті Еміл Нұрбеков.
Қазіргі сәтте «Sokol» кешенінде халықаралық стандартқа сай драг-рейсинг және авто-мотожарысын өткізуге арналған жолдар және веложарыс үшін арнайы жабдықталған аймақ бар. «Алматы – Астана» магистральды тас жолы маңындағы кешеннің ыңғайлы жерде орналасуы және дамыған инфрақұрылым кең ауқымды фестивальдер мен бұқаралық шаралар өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Онда автокөлік музейі, вело және атпен жүру жолдары, қонақүй кешені, скейт және роликті коньки тебетін алаңқайлар жұмыс істейді.

Ерзат АСЫЛ

Іле ауданы