Перейти к содержимому

Қастерлі нышан

22 қаралым

Ел тәуелсіздігінің басты белгілерінің бірі – мемле­кеттік рәміздер. Қазақстан Республикасының Мемлекет­тік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны – халқымыз­дың азаттығын, мемлекеттілігін және ұлттық бірлігін айқындайтын қастерлі нышандар.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, оларды пайдалану тәртібін түсіндіру және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік құндылықтарды нығайту мақсатында Талғар ауданындағы №19, №35, №46 және №32 мектептерінде кездесу өткізілді. Іс-шара барысында қатысушыларға мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен қоғамдық маңызы туралы мағлұмат берілді.
Мектептердегі кездесуге Талғар аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өркен Әбдібай, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Дамир Отыншиев және «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қымбат Құрманжанова қатысты.
Өркен Әбдібай өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталып, оларды құрметтеу азаматтық сана мен патриотизмнің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. Дамир Отыншиев мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне қатысты нақты түсіндірмелер берді. Ал Қымбат Құрманжанова мемлекеттік рәміздерді дәріптеудің тәрбиелік және қоғамдық маңызына тоқталып, өскелең ұрпақтың ел тарихына, ұлттық құндылықтарға және тәуелсіздік ұғымына деген құрметін арттыру қажеттігін атап өтті. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану және оларға құрметпен қарау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Талғар ауданында өткізілген мұндай кездесулер мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін кеңінен насихаттап, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және елдік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып саналады.

Өз тілшіміз
Талғар ауданы