Сейсенбі күні Алматыдағы InterContinental қонақүйінде Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Алқалы басқосуға Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю, Цинхай провинциясы губернаторының орынбасары Чен Цзивей, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірешов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов, «Астана моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов және Қытай мен Қазақстан іскер топтарының өкілдері қатысты.
Мерекелік шара алдымен Қытай автокөліктерінің көрмесімен ашылды. Жиында алғашқы болып сөз алған Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айта келіп, экономика мен технология жағынан әлемдегі жетекші мемлекетке айналған Қытай мен Қазақстан арасындағы әріптестік қарым-қатынастар және көрші мемлекеттің Қазақстанға салып жатқан инвестициясы туралы мәлімет беріп өтті. Ал «Астана моторс» компаниясының президенті Бекнұр Мұратұлы Қазақстан зауытында шығарылатын қытайлық автокөліктер жайлы баяндады. Атап айтқанда, Алматыдағы аталған зауытта бүгіндері CS35 MAX, CS55 Plus, CS75 Plus, UNI-K, UNI-V, Hunter Plus, Chery, GWM, Haval және Tank, JAC, сонымен қатар Қостанайдағы Allur зауытында құрастырылатын Allur, Jetour, Jetour X70 Plus, Hongqi маркалы автокөліктері Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де тасымалданады.

Бекнұр Мұратұлының айтуынша, 2022 жылы іргетасы қаланған зауыт өткен жылдың қыркүйек айынан бастап өнім бере бастаған. Бұл жобаға барлығы 215 млрд теңге инвестиция салынған. Биыл зауыт 60 мыңға жуық автокөлік шығарады деп күтілуде. Ал, келесі жылы бұл көрсеткіш 100 мыңға жетпекші. Осындай жетістіктердің нәтижесінде Қазақстанда сатылатын көліктердің 43 пайызы қытайлық брендтердің үлесіне тиіп отыр. Зауыттың өзінде 2200 адам еңбек ететін болса, жалпы «Астана моторс» компаниясында 10 мыңнан аса қызметкер бүгіні мен болашағын осы кәсіппен байланыстырған.
Су жаңа автокөліктермен танысқаннан кейін мереке меймандары қонақүйге кіріп, салтанатты шараны үлкен де зәулім залда жалғастырды. Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына арналған жиынды Су Фанцю құттықтау сөзімен ашты. Ол алдымен кешке келген қонақтарды атаулы мерекемен құттықтап, алғысын білдірді.
– Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы атынан баршаңызды шын жүректен қарсы алып, бүгінгі айтулы кешке қатысып, бізбен бірге болғандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Қытай өкілі. – Биыл Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл, ал Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толып отыр. Осыдан 105 жыл бұрын халқымыз өз тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірін басынан өткерді. Ел іші күйзеліс пен сыртқы қысымға тап болып, экономикасы мен мемлекеттік жүйесі айтарлықтай әлсіреген еді. Осы тарихи жағдайда коммунистік партия Қытай халқын біріктіріп, оны ұлттық тәуелсіздік пен азаттық жолындағы күреске бастады. 1949 жылы Қытай Халық Республикасының құрылуы қазіргі Қытай тарихындағы маңызды белеске айналды. Азаттық пен ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел дамуының жаңа кезеңі басталды.
Осыдан кейін Су Фанцю осы 77 жыл ішінде Қытай үлкен тарихи жолды жүріп өтіп, экономиканың орташа өсімі жылдық 8,9 пайызды құрағанын, әлемдік экономикалық өсімнің 24,7 пайызын қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығы арқасында өзара сенім мен барлық саладағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айтқан Бас консул «Бір белдеу – бір жол» бастамасының жетістіктері және екі елдің болашақтағы стратегиялық әріптестігі турасында да жан-жақты баяндады.
Осыдан кейін мінберге көтерілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірешов қытайлық тарапты республиканың құрылғанына 77 жыл толған мерекесімен құттықтап, көрші мемлекеттің халқына табыс пен өркендеу тіледі.
– Қытай мемлекеті ғасырларға бергісіз жолды жүріп өтіп, жаһандық экономиканың көшбасшысына айналғанын көріп отырмыз, – деді ол сөзін сабақтап. – Бүгіндері Қытай білім мен ғылым, технология, денсаулық сақтау салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдегі жетекші елдердің қатарынан көрініп отыр. Өзінің 15-бесжылдығын табысты орындау нәтижесінде «Қытай арманы» деп аталатын жоба шынайы көрініске айналды. Құдай қосқан көрші әрі сенімді серіктес ретінде біздің еліміз де бірлескен жобаларды қолға алып, даму жолына түсіп отыр. Халықтарымызды жақындастыратын осынау әріптестікті жоғары бағалаймын.
Қытай мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынасына жоғары баға берген Жәнібек Жарасқанұлы экономикалық байланыстар мен біріккен кәсіпорындар жайлы айта келіп, экономикада ғана емес, мәдениет пен өнерде, білім мен ғылымда, дипломатиялық қарым-қатынаста да тараптарға ақ жол тіледі.
Өз кезегінде сөз алған Ғани Айдарұлы жиылғандарды мерейлі мерекемен құттықтап, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің сәлемін жеткізді.
– Құрметті Бас консул Су Фанцю мырза! Құрметті Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы өкілдігінің қызметкерлері! Алматы облысының әкімі мен жеке өзімнің атынан сіздерді және барша Қытай халқын республиканың құрылғанына 77 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытайды айрықша сенімге, тату көршілік пен өзара құрметке негізделген бейбіт қарым-қатынас байланыстырады. Мемлекет басшылары Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси ерік-жігері мен бірдлесе қолдауларының арқасында дәйекті түрде нығайып келе жатқан стратегиялық әріптестікті жоғары бағалаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Осыдан кейін Алматы облысы үшін Қытаймен іскерлік қарым-қатынас орнатудың маңызы зор екенін жеткізген Ғани Айдарұлы екі елді ортақ экономикалық мүдделер, іскерлік және мәдени байланыстар, сондай-ақ дамудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесе атқаруға деген ұмтылыс біріктіретінін айта келіп, Алматы облысын дамыту барысында көрсетіліп келе жатқан қолдауы үшін Қытай тарапына алғысын жеткізді.
Осыдан кейін мінберге көтерілген Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Станислав Канкуров, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен стратегиялық әріптестікке жоғары баға беріп, салтанатқа қатысушы тарапты мерейлі мерекелерімен құттықтады.
Кеш барысында алматылық өнерпаздар мен Қытайдан арнайы келген өнер майталмандары сахна төріне шығып, әуелеген ән және күймен, мың бұралған билерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Мерекелік шара барысында көрші мемлекеттің таңсық асы ұсынылып, қонақтар дәмнен ауыз тигенін де айта кету керек.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ