Денис Антонович Ковалёв пен Даниил Антонович Ковалёв – 2003 жылы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген егіз ағайындылар. Балалық шақтан бірге өсіп, бірге білім алып, спортпен шұғылданып, бүгінде Отан алдындағы азаматтық борыштарын қатар атқарып жүрген қос бауырдың өмір жолы – өзара түсіністік пен бір-біріне деген сенімнің жарқын үлгісі.
Денис пен Даниил тату әрі берекелі отбасында тәрбиеленген. Ата-аналары да Орал қаласының тумалары. Аналары компаниялардың бірінде бас бухгалтер болып еңбек етсе, әкелері – автомеханик. Ата-анасы балаларына жастайынан еңбекқорлықты, жауапкершілікті, үлкенді құрметтеуді және алдына қойған мақсатына табандылықпен жетуді үйреткен.
Мінездері де бір-бірінен ерекшеленеді. Денис – ширақ әрі қызуқанды болса, Даниил – сабырлы әрі байыпты. Дегенмен екеуіне ортақ қасиет – адамдармен тез тіл табысуы, достыққа адалдығы және кез келген қиындыққа төзімділігі.
«Бізде біріміз бірінші болып екіншімізді қолдайды деген түсінік жоқ. Барлығы жағдайға байланысты. Бірімізге көмек қажет болса, екіншіміз артық сөзсіз қол ұшын береміз», – дейді егіздер.
Денис пен Даниил 11 сыныпты эстетикалық бағыттағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияда тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүріп спортқа да белсенді араласқан.
Шаңғы спортына олар кездейсоқ келген. Мектепте жарыстарға қатысатын оқушыларды іріктеу басталған кезде егіздер де бақтарын сынап көруге шешім қабылдайды. Осылайша шаңғы спорты олардың өмірінің бір бөлігіне айналып, бес жыл қатарынан қалалық жарыстарға қатысқан.
Ал волейболға жоғары сыныптарда қызығушылық танытқан. Бұл спорт түрімен кәсіби деңгейде емес, әуесқой ретінде айналысқанымен, ағайындылар үшін волейболдың орны ерекше.
«Волейбол бізге жақынырақ болды. Себебі бұл ойында командалық түсіністік, бір-біріңді сөзсіз сезіну маңызды. Біз егіз болғандықтан, мұндай түсіністік бізге бала кезден таныс», – дейді олар.
Спорт егіздерге тек физикалық төзімділік емес, өмірлік маңызды қасиеттерді де қалыптастырған.
«Спорт бізді тәртіпке, сабырлыққа және табандылыққа үйретті. Спорт тек денені емес, рухты да шыңдайды. Сондықтан жол қанша қиын әрі кедергілерге толы болса да, мақсатымыздан бас тартпауға тырысамыз», – дейді Денис пен Даниил.
Спортпен қатар ағайындылардың бала кезден келе жатқан тағы бір қызығушылығы – сурет салу. Шығармашылыққа деген сүйіспеншілік олардың болашақ мамандығын таңдауға да әсер етті.
Мектепті аяқтаған соң егіздер Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне түсіп, «Интерьер дизайны» мамандығын меңгерді. Жоғары оқу орнын сәтті тәмамдап, диплом алды.
Бүгінде олардың алдында тағы бір маңызды кезең – әскери қызмет тұр.
Қазіргі уақытта Денис пен Даниил Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде әскери қызмет өткеріп, байланысшы мамандығы бойынша білім алуда.
Байланысшы – әскери басқарудың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін маңызды мамандықтардың бірі. Бұл сала әскери қызметшіден жоғары жауапкершілікті, мұқияттылықты, техникалық білімді және тапсырманы жылдам орындауды талап етеді.
Егіздер үшін әскери ортадағы жаңа мамандық – өмірлеріндегі ерекше тәжірибе.
Теориялық сабақтарда олар бір-біріне үнемі демеу болып, білімді қатар меңгеруге тырысады. Алайда әскери дайындық барысында әрқайсысының өзіндік қабілеті де байқалған.
Әсіресе, Морзе әліпбиін меңгеру кезінде Денис ерекше қабілетін көрсетті. Ол кодты өте жылдам меңгерген. Ал Даниилмен бірге дайындалып, бір-біріне көмектесу арқылы екеуі де Морзе әліпбиін толық игеріп, емтиханды үздік нәтижемен тапсырған.
Бұл – егіздердің бір-бірімен бәсекелесуден гөрі, бірге нәтижеге жетуді маңызды санайтынын көрсетеді.
Балаларының әскерге аттануына ата-аналары алаңдағанымен, бұл шешімді түсіністікпен қабылдаған.
«Әрине, уайым болды. Бірақ борыш – борыш. Күн сайын біздің үйге оралуымызды күтеді. Ал біз өз кезегімізде ата-анамыздың бізбен мақтануы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», – дейді ағайындылар.
Олар үшін әскери қызмет – уақытша міндет қана емес, Отан алдындағы жауапкершіліктің бір көрінісі.
«Біз үшін бұл – Отан алдындағы ең үлкен борыш. Біз жақсы көретін, қадір тұтатын адамдарымызды қорғау – біздің міндетіміз. Біз отбасымыздың тірегіміз. Өз үйіңді, өз еліңді қандай жағдай болса да қорғау – біздің парызымыз», – дейді Денис пен Даниил.
Әскери қызмет аяқталған соң егіздердің азаматтық өмірге қатысты нақты жоспарлары бар. Олар өз мамандығы – интерьер дизайны саласында жұмыс істеп, кәсіби тұрғыда дамуды көздейді. Ал болашақта жеке дизайн бюросын ашу да олардың ортақ армандарының бірі.
«Біз өзімізді, әрине, дизайнер ретінде елестетеміз. Әскери сала бізге қазір жаңа тәжірибе беріп жатыр, бірақ болашақта жанымызға жақын азаматтық мамандығымызбен айналысқымыз келеді», – дейді олар. Сонымен қатар ағайындылардың тағы бір үлкен арманы бар. Олар болашақта бірге мүмкіндігінше көп елге саяхаттап, әр халықтың мәдениетін, сәулетін және тарихи-мәдени орындарын зерттегісі келеді.
Ал өмірдегі басты мақсаттары туралы сөз қозғағанда, егіздер нақты бір межемен шектелмейтінін айтады. Олар үшін ең бастысы – табысты әрі берекелі өмір құру, отбасыларының тату-тәтті болуы.
Денис пен Даниилдің өмір жолына көз жүгіртсек, балалық шақтан бірге келе жатқан екі азаматтың әр кезеңде бір-біріне сүйеніш болып, жаңа белестерді қатар бағындырып келе жатқанын көреміз. Мектептегі спорттық жарыстар, шығармашылыққа деген қызығушылық, жоғары білім, бүгінде Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызмет – олардың өміріндегі маңызды кезеңдер.
Егіздердің мінездері әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ. Бірі – ширақ, екіншісі – сабырлы. Бірі Морзе әліпбиін жылдам меңгерсе, екіншісі оған қолдау көрсетті. Бірақ екеуін біріктіретін басты күш – бауырлық байланыс, өзара сенім және ортақ мақсат.
Бүгінде олар 6654 әскери бөлімінде байланысшы мамандығын меңгеріп, әскери қызметтің қыр-сырын үйренуде. Ал алда – жаңа білім, жаңа мүмкіндіктер және өздері армандаған азаматтық мамандыққа қайта оралатын күн.
Егіздерде екі мінез болғанымен, мақсат бір. Ол – өз жолын табу және отбасы мен Отан алдындағы парызын абыроймен орындау.