Қазақ халқы отбасы тәрбиесіне ерекше назар аударған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, баланың жауапкершілікті, адалдықты ата- анасынан үйренетінін жақсы білгендіктен, алдымен перзентіне үлгі көрсетіп, жүрегіне отбасылық құндылықтарды орнықтырған. Осы орайда Қонаев қалалық ардагерлер мен аналар кеңесі және отбасын қолдау орталығы бірлесіп отбасының береке-бірлігін нығайтып, қоғамдағы маңызын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды қолға алуда. Соның бір айғағы – Қонаев қалалық мәдениет үйінде «Алтын шаңырақ – күміс кереге, махаббатпен өткен өмір» атты форум.
Шараны ашқан қала әкімі Асхат Бердіханов бұл форумның шаңырақтың береке-бірлігін сақтап келе жатқан өнегелі отбасылардың тағылымды жолын насихаттайтын маңызды басқосу екенін атап өтті. Ілкі буынның өмірлік тәжірибесі жастарға үлгі-өнеге, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар болатынын қаперге салған Асхат Ермекұлы форумға қатысып отырған отбасыларды марапаттады.
Тағылымды шара барысында көпшілік назарына сахнада орнатылған кең экран арқылы құрметті қонақ ретінде қатысып отырған әрбір отбасы жайлы бейнеүзінді ұсынылды. Алдымен Сүлейменовтер отбасы таныстырылды. 50 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен Берікбай мен Тұрымхан – төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, 22 немеренің сүйікті атасы мен әжесі атанып, әулеттің қуанышын еселеп отырған бақытты жандар. Келесі кезекте жиналған қауым шаңырағынан өнер өріп, береке мен бірлігі тасыған Рақышовтар отбасы жайында мол мағлұматқа қанық болды. Бақыт Рақышұлы – заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеріп, темірден түрлі бұйымдар жасаса, зайыбы Әдепхан Сүлейменқызы отбасының берекесін ұйытып, бала тәрбиесі мен ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға үлес қосып келеді. Одан кейін бес ұлдан он жеті немере көріп отырған Тойшыбаевтар отбасы жайлы ақпарат берілді. Қонаев қаласы мен Балқаш ауданының Құрметті азаматы Ізтілеу Тойшыбайұлы зайыбы Галина Үтепова екеуінің бас қосқанына биыл 50 жыл толып отыр. Содан соң Омаровтар отбасының өмір жолы, отбасылық құндылықтары экранда көрініс тапты. Ең соңғы бейнеүзінді Апысбаевтар отбасы жөнінде болды. Отағасы Қалижан Алпысбайұлы – Отан тыныштығын күзеткен, тәртіп пен заңды сақтау жолында ерен еңбегімен танылып, Қонаев қаласының Құрметті азаматы атанған жан. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен, «Ардагер», «Асыл ардагер» медальдарымен марапатталған. Бейнеүзінді аяқталған соң сахнаға шыққан полиция полковнигі сонау 1970 жылдары жаңадан салынып жатқан қазіргі Қонаев қаласына келіп, содан зейнетке шыққанша ішкі істер органдарында табан аудармай қызмет атқарғанын, осы шаһарда өмірлік серігі Бақыткүлді жолықтырып, екеуінің отау құрғандарын, оған да биыл 45 жылдың жүзі болып отырғанын тебіреніспен еске алды. Халқымыздың біртуар перзенті Д. Қонаев есімін еншілеп, облыс орталығы атанған қаланың күннен күнге ажары айшықталып келе жатқанын мақтанышпен жеткізген ол отбасындағы әкенің рөлі жайлы әңгіме өрбітті. Сөзінің соңында бүгінгі жоғары деңгейде өтіп жатқан шараның ұйымдастырушыларына ризашылығын жеткізді. Барлық қатысушы отбасы мүшелері сахнаға шақырылып, оларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат жасалды.
Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған салтанатты шара соңы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы