Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Орман қорын молайтуға оқушылар да үлес қосты

Орман қорын молайтуға оқушылар да үлес қосты

30 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы – қоршаған ортаны тазалаумен ғана шектелмейтін, қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама. Бағдарламаның басты мақсаты – туған жерді таза ұстау, жасыл желекті көбейту және табиғи байлықтарды келер ұрпаққа аманаттау.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысын көру мақсатында тілшілер тобы Балқаш ауданына арнайы іссапармен барып, Желтораңғы ауылдық округінде орналасқан Күрті орман шаруашылығында ұйымдастырылған жиде тұқымын жинау жұмыстарына куә болды.
Табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараны Күрті орман шаруашылығы мен Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырды. Оған Күрті орман шаруашылығының директоры Ғабит Ақшабақов, орманшылық қызметкерлері, Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Күрті орман шаруашылығының тарихы 1959 жылдан басталады. Бүгінде мекеменің жалпы аумағы 367 720 гектарды құрайды. Шаруашылық құрамына Ақжар, Тау-Құм және Ақдала орманшылықтары кіреді.
Іс-шара барысында орман қорын сақтау мен молықтырудың маңызы кеңінен түсіндірілді. Себебі орман – табиғи тепе-теңдікті сақтайтын, ауаны тазартатын, топырақты эрозиядан қорғайтын маңызды экожүйе.
Шараны ашқан Желтораңғы ауылының ақсақалы Мұрат Мырзахметов «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызына тоқталып, мұндай жұмыстардың тұрақты түрде жалғасуы қажет екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы бір реттік шара емес, тұрақты түрде жүзеге асырылатын маңызды бастама. Елді таза ұстау, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Күрті орман шаруашылығы да орманды қорғауға, табиғат тазалығын сақтауға өз үлесін қосып келеді. Бүгін ауылымызда өтіп жатқан осындай игі шараға куә болып отырмыз. Жиде тұқымын жинау арқылы болашақта сапалы көшеттер өсіріп, жасыл желек көлемін арттыруға мүмкіндік туады, – деді ауыл ақсақалы.
Табиғатты қорғауға бағытталған шараның тәрбиелік мәні де ерекше. Д.Қонаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Қасабекова «Таза Қазақстан» бағдарламасы жаңа экологиялық мәдениет пен жаңа өмір салтын қалыптастыруға жол ашып отырғанын айтты.
– «Таза Қазақстан» – жай ғана сенбілікке шығу емес. Бұл – болашақ ұрпаққа таза ауа, мөлдір су, жасыл табиғат қалдыру. Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың мәдениеті мен отансүйгіштігінің белгісі. Президентіміз айтқандай, таза әрі жасыл елді құру – баршамыздың міндетіміз. Бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деп, табиғатты ерекше қастерлеген. Сондықтан бүгінгі ұрпақ та табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуы керек, – деді ұстаз.
Ол оқушыларды табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Күрті орман шаруашылығының директоры Ғабит Мұратұлы да ағаш тұқымдарын жинаудың маңыздылығына тоқталды.
– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы маңызды бағыттардың бірі – ағаш тұқымдарын жинау. Табиғатты қорғау, орман қорын сақтау және оны көбейту – баршамызға ортақ міндет. Орман қоршаған ортаның тұрақтылығын сақтап, ауаны тазартып, топырақты эрозиядан қорғайды. Осы бағытта табиғатты қорғау және көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде, – деді Ғабит Мұратұлы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында орман шаруашылығында 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылған.
Атап айтқанда, 2021 жылы 84 гектар жерге 420 келі қара сексеуіл тұқымы себілсе, 2022 жылы 560 гектарға 2 800 келі, 2023 жылы 860 гектарға 4 300 келі қара сексеуіл тұқымы себілген.
Ал алдағы жылдарға арналған жоспар бойынша 2028-2035 жылдар аралығында 80 гектар жерге 266 664 түп жиде көшетін отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жиналып жатқан жиде тұқымы осы жоспарға сәйкес көшет дайындау мақсатында уақытша орман тұқымбағына себілмек.
Мамандардың айтуынша, жиде ағашының табиғи орта үшін маңызы зор. Оның тамыр жүйесі топырақты бекітіп, жел эрозиясының алдын алуға ықпал етеді. Сондықтан жиде алқаптарын көбейту – табиғи ортаны қорғауға бағытталған тиімді шаралардың бірі.
Ғабит Мұратұлының баяндамасынан кейін Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушылары мен орман шаруашылығының қызметкерлері жиде тұқымын жинауға кірісті.
Орман молықтыру инженері Ернат Досымбаев оқушыларға жиде ағашын зақымдамай, тұқымын дұрыс жинау тәсілдерін көрсетті. Балалар маманның кеңесін мұқият тыңдап, жұмысқа белсене қатысты.
Табиғат аясында өткен шара оқушылар үшін тәжірибелік сабаққа айналды. Олар жиде тұқымын жинап қана қоймай, оның табиғаттағы рөлі мен болашақта көшет өсірудегі маңызы туралы мағлұмат алды.
Балалардың бұл іске қызығушылықпен қатысуы қуантты. Өйткені әрбір жиналған тұқым – ертеңгі жасыл желектің бастауы. Бүгін өз қолдарымен жинаған дәндерінің ертең тамыр жайып, көктеп шығуы балаларға табиғаттың қадірін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Жиде тұқымын жинауға белсенді қатысқан Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Баукен Ерғали да табиғатты қорғау әр азаматтың міндеті екенін айтты.
– Таза Қазақстанды қалыптастыру үшін әр адам өзінен бастауы керек. Қоқысты белгіленген орынға тастау, ағаш егу, көшет отырғызу, жиде тұқымын жинау сияқты қарапайым істердің өзі табиғатты қорғауға қосылған үлес деп ойлаймын. Біз мектеп оқушылары табиғатты қорғауға бағытталған жұмыстарға жиі қатысамыз. Желтораңғы ауылының жастары да, қарттары да мұндай шараларға белсенді атсалысады. Мен осы ауылдың тумасымын. Жасым 14-те. Өз елінің патриоты ретінде осындай игі істерге қатысуды азаматтық парызым деп білемін, – деді ол.
Балқаш ауданында ұйымдастырылған жиде тұқымын жинау жұмыстары табиғатты қорғаудың нақты іс арқылы жүзеге асатынын көрсеткен тағылымды шара болды. Мұнда тазалық ұғымы қоршаған ортаны қоқыстан тазартумен ғана шектелмей, табиғи байлықты көбейту, орман қорын сақтау, жасыл желекті арттыру бағыттарымен сабақтасып жатқаны байқалды.
Бір қарағанда, жиде тұқымының әрқайсысы – кішкентай ғана дән. Алайда сол дәннің бойында болашақ ағаштың, ертеңгі орманның бастауы бар. Сондықтан бүгінгі жиналған әрбір тұқым – келешекке жасалған инвестиция.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ағаш тұқымдарын жинау, сақтау, себу және көшет отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жалғаса берсе, бұл табиғатты қорғаумен қатар, орман қорын молайтуға да елеулі үлес қоспақ.
Ал бүгінгі шараға белсене қатысқан оқушылардың қолындағы әрбір тұқым – табиғатты аялау мәдениетінің келер ұрпақтың жүрегінде қалыптасып келе жатқанының жарқын көрінісі.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Желтораңғы ауылы

Балқаш ауданы