Перейти к содержимому

Балқашта 207 отбасы баспаналы болмақ

31 қаралым

Еліміздегі өзекті мәселенің бірі – халықты қолжетімді баспанамен қамту. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тиісінше қолдау  көрсетілуде.  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекет тұрғын үй құрылысын дамытып, баспананы қолжетімді ету үшін тиісті шаралар қабылдайтынын қадап айтқан болатын. Осы орайда, Алматы облысында тапсырмаға сәйкес игі істер жүзеге асырылуда.

Мәселен бақ дарыған Балқаш ауданында биыл 207 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, оның ішінде 9 баспананың құрылыс жұмыстары аяқталды. Оны Балқаш аудандық құрылыс бөлімі сатып алған, жыл соңына дейін қалған 198 тұрғын үйді сатып алу жоспарланған, сондай-ақ халық игілігіне қолдануға беріледі деп күтілуде.

Халықты тек қолжетімді ғана емес, сонымен қоса сапалы баспанамен қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы ретте  тұрғын үй құрылысы, құрылыс материалдарының сапасы үлкен рөл атқарады.

Қазіргі уақытта Бақанас ауылында 2 қабатты 12 пәтерлі 14 тұрғын үйдің, яғни 168 баспананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде 3 тұрғын үйді жеке кәсіпкер Бауыржан Әліпбаев, 5 тұрғын үйді жеке кәсіпкер Нұрлан Беркімбаев, ал 6 тұрғын үйді жеке кәсіпкер Нұрбол Бекбасов өз қаражаты есебінен салуда. Нұрбол Бекбасов Бақанас ауылында 72 пәтердің құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Атқарылып жатқан жұмыс барысының жай-күйін көзбен көру мақсатында құрылыс жұмыстарын пысықтадық. Жеке кәсіпкер Нұрбол Бекбасов та құрылыс нысаны аумағында екен. Бізді арнайы күтіп алып, көппәтерлі тұрғын үйлердің қазіргі хал-ахуалымен таныстырды.

Тараздық кәсіпкердің айтуынша, ол Алматы облысындағы бірқатар аудандарға барып, тұрғын үй салу бойынша өз жоспарларын бірнеше аудан әкімдігіне ұсынған. Солардың ішінде Балқаш ауданы бойынша көппәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.

– Балқаш ауданының орталығынан тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға баспана салып жатырмыз. Аталған 3 кәсіпкер барлығы 14 тұрғын үй, яғни 168 пәтерді жылдың аяғына дейін өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтап, соңғы әрлеу жұмыстарынан кейін Балқаш аудандық құрылыс бөліміне өткіземіз. Өз қаражатамызға Орталық кәріз жүйесін жүргізуді  бастап кеттік, газ тарту жұмыстары да жүргізілуде. Орталық кәріз құбыры 2,5 км жерден қазылуда. Газ да үлкен қысымда, 2,5 км–ден тартылуда. Су толығымен кіргізіліп,   электр жүйесі де жүргізілуде.

Ал баспаналардың сапасы туралы сұрағанымызда, жеке кәсіпкер барлық мүмкіншілікті қолданып жатқанын іркіп қалмады.

–  Сапасы өте жақсы. Шілде айының ортасында құрылыс жұмыстарын бастадық, қараша, желтоқсан айларында аяқталады деп күтілуде. Екі қабатты, көппәтерлі үй. Бір тұрғын үйде 12 пәтер орналасқан. Бір подьезде 6 пәтер бар. Оның ішінде бір бөлмелі пәтер – 40 шаршы метр, екі бөлмелі пәтер – 60 шаршы метр, үш бөлмелі пәтер 80 шаршы метрді құрайды.

Құрылыс жұмыстарын бастаған сәтте көптеген сауалдар туындады. Мәселен әлеуметтік осал топтағы  жалғыз басты ана немесе  мүмкіндігі шектеулі жан 80 шаршы метрлік пәтерді ала алмайды. Сондықтан біз Балқаш ауданы әкімдігіне арнайы ұсыныс жасап, тек 80 шаршы метрлік пәтерлерді ғана емес, 40 және 60 шаршы метр пәтерлер салуға да рұқсат алдық,– деді жеке кәсіпкер.

Сонымен қоса құрылыс басында байқағанымыз, бүгінгі күні мұнда 60-70-ке жуық адам жұмыспен қамтылған екен. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық техника жұмылдырылған.

Балқаш ауданында тұрғын үй салу барысында   Нұрбол Бекбасов бірқатар қиындықтардың да болғанын жасырмады. Мәселен инертті материалдарды ауданнан таба алмағандықтан, оларды Қонаев, Алматы қалаларынан жеткізуге тура келген. Олардың ішінде құм, қиыршық тас, топырақ және тағы басқа да құрылысқа қажетті материалдар бар. Оларды жеткізу бағасы бойынша да қымбатқа түскен.

Орталық кәріз құбырын жүргізуде де кәсіпкер біраз әбігерге түскен. Себебі Балқаш ауданында орталық кәріз құбыры жүйесіне қосылу да оңай болмаған.  

Бұдан кейін Балқаш аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Болат Әбдиевпен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілетін баспаналар бойынша тілдескенімізде, ол 2025 жылы ауданда 90 тұрғын үй салынып, халық игілігіне пайдалануға берілгенін атап өтті.

– Биылғы жылы Балқаш ауданы бойынша 207 пәтер салынып жатыр. Оның ішінде Бақанас ауылында 14 тұрғын үй, яғни 168 пәтер салынуда. Қазіргі таңда Балқаш ауданы бойынша 1158 адам тұрғын үй кезегінде. Оның ішінде әлеуметтік осал топ бойынша тұрғын үй кезегінде  528 адам бар. Миялы, Бақбақты ауылдарында 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, аяқталуға жақын. Ақдала ауылында да тұрғын үйлердің құрылысы басталып, биылғы жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жыл соңына дейін Балқаш аудандық құрылыс бөлімі тұрғын үйлерді конкурс арқылы сатып алып, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне өткізіп береміз. Содан соң  аталған мекеме “Отбасы” банкпен бірлесе отырып, баспананы мемлекеттік тұрғын үй кезегіндегі отасыларға табыстайтын болады. Сонымен қоса, мұнда тұрғын үй құрылысы ғана емес, абаттандыру жұмыстары және балалар ойын алаңы да орнатылу қажет. Газбен, сумен және электр жүйесімен толық қамту қажет, –  деді бөлім басшысы.

Тұрғын үй құрылыс нысандарын аралау барысында биылғы жылы тұрғын үйлі болған көпбалалы ана Зинфира Беспаевамен баспана сапасы жайлы бірер ауыз тілдескенімізде ол дән ризашылығын білдірді.

– Мен – 4 баланың анасымын. Негізінен Шу қаласының тумасымын, бірақ Балқаш ауданына қарасты Қарой ауылына келін болып түскенмін. Одан бері міне, 15 жыл уақыт өтті. Мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұрып жатқандар туралы естіп, бірден тұрғын үй кезегіне тұруға асықтым. Осылайша кезекке тұрып, бір жарым жыл ішінде баспаналы болдық. Барлық жағдайы жасалған. Балаларымызды аудан орталығындағы М. Сеңгірбаев атындағы орта мектепке орналастырдық. Жұмысымызды да істеп жатырмыз.

Үйдің сапасы жақсы. Көлемі де, ауласы өте кең. Көршілерімізбен де татумыз. Үш бөлмелі жер үйде тұрамыз. 9 мамырда баспаналы болдық. Балаларымыздың сабағы біткеннен кейін, бірден Бақанас ауылына көшіп келдік. Шыны керек, баспаналы болуды ұзақ уақыт күттік. Балқаш ауданы әкімі Азат Құтпанбетов тұрғын үйдің кілтін табыстағанда өте қатты қуандық. Осы орайда баспаналы болу бақытын сыйлаған “Отбасы” банкке де өзімнің алғысымды айтқым келеді. Баспананы  дәл осы банк арқылы рәсімдедік. Пәтерақымызды ай сайын уақытылы төлейміз. Егер мәселе туындаған жағдайда бірден мердігермен байланысқа шығамыз. Олар мәселемізді шешуге әрдайым қолұшын созады. Сондықтан дәл қазіргі уақытта мердігерге де ешқандай шағымымыз жоқ. Инфрақұрылымы да көңілден шығады. Бастысы ыстық су бар, газ тартылған, электр жүйесі де талапқа сай, – деп көпбалалы ана ағынан жарылды.

Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылына барған сапарымызда осылайша жеке кәсіпкер Нұрлан Бекбасовпен тілдесіп, құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары екенін байқадық. Ондағы жұмыскерлер де тұрғын үйлерді тездетіп Балқаш аудандық құрылыс бөліміне өткізуге асық. Алдағы уақытта баспаналы болу бақыты бұйырған балқаштықтармен қуанышын бөлісетін күн де алыс емес.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Бақанас ауылы

Балқаш ауданы