Перейти к содержимому

Қараш би

31 қаралым

Алатау, Жетісу жерінде есімі ел-жұртқа белгілі Қараш есімді бес адам ғұмыр кешіпті. Оның алғашқысы – Қараш Жарылғапұлы. Ол 1715 жылы туып, 1813 жылы 98 жасында дүние салыпты. Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүздегі Шапырашты руының Есқожа тармағынан. Екіншісі – Албанның Айт руындағы Киікбайұлы Қараш. Туған, өлген жылдары белгісіз. Тағы бір Қараш Алакөл маңын мекендеген Наймандардың ұрпағы екен. Өзі әйгілі балуан болыпты. 1893 жылы туып, 1932 жылы өмірден озған. Бірақ соңында қалған деректері аз. Төртіншісі – қырғыз Қараш. Ол туралы да деректер жоқтың қасы. Бесіншісі – осы өңірде билік құрған – Теңізбайұлы Қараш би.

Өңірге аты мәлім Қараш би Теңізбайұлы 1826 жылы туып, 1889 жылы 63 жасында дүние салған. Ол Қаңлы тайпасының Танта руынан тарайды. Қараш Теңізбайұлы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданындағы Түргеннің сайы мен Бақай тауының аралығын, Шелек өзенінің орта ағысы бойын билеген би, шешен болыпты. Бұл аралықта қазір Түрген, Қаракемер, Бәйдібек, Жаңатұрмыс, Киікбай, Тескенсу, Ащысай, Қаратұрық, Қорам, Лавар, Ақтоған, Шелек, Қаражота сияқты елдімекендер бар. Қараш 20 жасынан билікке араласыпты.
Шежіре деректерінде Қаңлы Қарашты Қара қаңлыдан таратады. Оның ішінде Танта. Тантаның ішінде Құдайберген. Құдайбергеннің баласы Теңізбай. Теңізбайдың баласы Қараш. Қараштың Жантай деген баласы да ұзақ жыл болыс болған. Халыққа жайлы, елге сыйлы болыпты.
Қараш би жасы жиырмадан енді асқан кезінде қазіргі Түрген ауылында би болған. Түрген өзенінің оң қапталындағы қалың бейіт – Қараш бидің ертедегі туыстарының қорымы. Ол 1847 жылы Түргенде өткен билер құрылтайына жас әрі әділ билердің бірі ретінде қатысқан. Ауыл арасындағы дауларды шешуде туралығымен, әділдігімен көзге түсті, ағайын арасында беделді болды. Алатау округіндегі аға сұлтандардың, билердің, старшындардың, болыстық басқарушылар мен құрметті қазақтардың 1867 жылғы тізімінде Маты Сақаев, Тыштыбай Қыңбаев, Ходжибек Торсықбаев, Тоқыраубай Сексенбаев, Ұспынша Байжанов сияқты игі жақсылардың ортасында Қараш Теңізбаевтың да аты-жөні тұр. Құжатта Төлеңгіт болысынан ұсынылған оның патшалық билік тарапынан марапатқа ие болғаны көрсетілген (Мем. архив. 3-Қор, 1-тізбе, іс 616.). Марапат екінің біріне беріле бермейтіні түсінікті.
1854 жылы көктемде Алматы қонысы Ресей патшалығының қолына көшкеннен соң, бұл өңірде отаршылдық саясат белең ала бастады. Алатаудың теріскейін ежелден мекендеген қаңлы тайпасының Еңке, Танта, Ерезен, Қаспан аталарынан тарайтын ұрпақтар үлкен қысымға тап болады. Ауылдары бірнеше рет казак-орыстардың шабуылына ұшырайды.
Патшалық билік тәртібімен бекітілген жері болмағандықтан, жайылым жағынан қиындықтарға кезігеді. Өзі отырған ата-бабасының жеріне өзі ие бола алмай бара жатқаны Қараштың да жанына батыпты.
Алатау бөктерін мекендеген басқа ру тайпалардың басшылары округ басшысы, Ұлы жүздің приставы Г.Колпаковскийге барып, өздеріне жер бекіттіріп алып жатқанын естіген соң тәуекел деп Қараш би де барған көрінеді. Әділдігімен аты шығып жүрген Қараш биді Ұлы жүз приставы Герасим Алексеевич құрметпен қарсы алып, қаңлыларға бұрынғы тұрған жерлерінің бір бөлігін: Түрген сайы мен Бақай жотасының арасын, Шелек өзенінің ортаңғы ағысын бекітіп беріпті. Бақайдың жотасындағы Шымбұлақ, Қарағайлыбұлақ, Үйтас, Асыдағы Төржайлау – жайлауы болыпты да, Сүгірдің сайы, Теректі деген жерлер күздеуі болыпты. Ал Қаратұрықтың сайы, Қайыңды, Шолақтың сайы, Иөңкінің сайы, Киікбайдың сайы, Түргеннің сайы – көктеуі, Қоржынтоғай, сонау Аяқ-қалқанға дейін Шелек өзені мен Іленің сол жағы қыстауы болыпты. Мұның алдында жер алып алған басқа ру-тайпалардың басшыларына екі-үш жыл қатарынан сиырының бұзауын ақысына төлеп, қыстау мен жайлау сұрап мазасы кеткен Қараштың жұрты сөйтіп бір ес жиып қалыпты.
Тегінде Жетісу қаңлыларының бір бөлігі Іленің түстігін мекендесе, енді бір бөлігі Іленің теріскейін, яғни оң жағалауын: Арқарлы, Сарыөзек, Қаспан, Доланалы, Жаркент маңдарын мекендеген. Жетісу қаңлыларының ішінен Орбұлақ шайқасына қатысқан Сарбұқа мен Қожақ, Шанышқылы Бердіқожа батырдың жан серігі Қаңлы Бақай Қоңырбайұлы, Ойрантөбе соғысында Райымбек қосынында жүзбасы болған Байдәулет пен Үкібай сияқты батырлар шыққан. Жалайырдан шыққан көрнекті ақын Мәулімбай Саяқбайұлы бір жырында:
Ел қылып Ақбұйымның басын құрап,
Әділ боп өткен екен Құлжабай да.
Қаңлыны бір заманда билеп еді
Өлмесе Мәшеке мен Жамбай қайда? – дейді ғой. Мәшеке мен Жамбай да кезінде Жетісу қаңлыларын билеген әрі батыр, әрі би болған.
Қараш қазақтың ынтымағын ерекше бағалаған. Айналасындағы басқа ру-тайпалармен қыз алысып, қыз берісіп, ағайындық, жегжаттық байланыста болған. Айналадағылар да той өткізсе «қазақтың көне шаңырағы –қаңлы» деп төрден орын сайлайтын көрінеді. Қараш би өр жақта Албанмен, батысында Дулатпен көрші отырғанын мақтан етеді екен. Жұрт арасында Қараш айтыпты деген мынадай сөз бар:
Албаным сыйлар ағам деп,
Дулатым сыйлар жағам деп.
Қос қанатым тұрғанда
Жұрт ішінде бағам көп.
1850-1851 жылдары Далашелек бос қалды дегенді естіп қақаған қыста тау асып осы жаққа Орман хан бастаған бірнеше мың қырғыз көшіп келеді. Кенесары ханды өлтіруге көмектескені үшін Орман ханның Қапалдағы орыс өкіметіне Іленің сол жағалауын беруін сұрап жазған хаты да бар. Алайда әлі өздеріне бағына қоймаған Алатау бөктерін қалай бере қойсын. Қырғыздар Шелек маңында екі жыл тұрған. Жергілікті албан, жаныс, қаңлылар күн бермей, малын барымталап, адамын сабап, ақыры Орман ханды өз еліне қайтуына мәжбүр етеді. Кездескенде Қараш би:
Әй, Орман манап,
Келіп қапсың Алатауды жанап.
Қыстап шықтың Шелекте,
Қаңлылардың жұртын санап.
Отыра берсең осылай қазақ
алар талап.
Бұл жер саған болмас бақ,
Есің барда еліңді тап!, – депті.
Сөз арасында айта кетейік, Шелекке таяу жерде Торғай деген жер бар. Сол Торғай – жаңағы Орманның қолымен келген қырғыз батыры. Жекпе-жекте Әлмеректің шөбересі Қорам батыр аттан сайып түсірген екен, сол құлаған жер кейін Торғай аталып кеткен.
Ресей бодандығына өткен соң патша өкіметінің баяғы 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысына» сәйкес болыстық билік енгізіледі. Әр ру өзінше дербес болыстық құрып жатты. Қараш та Іле Алатауының теріскейін мекендеген қаңлылардың басын қосып, жеке болыстық жасауға ұмтылады. Болыс болу үшін онда кемінде мың түтін болуға тиіс еді. Қарамағындағы жұрттың саны болыстыққа сәл жетіңкіремей тұрғанда, Қазығұрттың баурайындағы тайпаластарға адам жіберіп, аз ғана уақыт ішінде екі жүздей түтін қаңлыны көшіріп келген. Сөйтіп жергілікті қаңлылар мың түтін құрап жеке болыс болыпты. Оның үстіне Қараштың әділдігі туралы дақпыртын естіген, бұрыннан жегжаттығы бар Ақ қыстық Жайынның 500-дей түтіні тағы келіп қосылған. Сөйтіп Бақай болыстығы үлкен болыстықтардың қатарына қосылған (Мем.архив.1884-85 жылдардағы санақ қорытындылары, 44 қор, 1 тізбе, іс 40829). Сонда үш мүшелге де толмаған Қараштың жұрт арасында беделін көтерген әділдігі екен. Қараштың әділдігі туралы кезінде Тезек төре де хабардар болған. Көнекөздерден жеткен «Қараштың үйінде Шоқан төре де болған» деген деректер бар. Бұл сірә, Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы мамыр айында Қаратұрық, Шелек арқылы Ыстықкөлге бара жатқан сапары кезінде болса керек.
Генерал-губернатор Г.Колпаковский өңірге ықпалды Қараш биді шақыртып, бірнеше рет кездесіпті. Үлкен жиындарға қатыстырыпты. 1890 жылы туған тескенсулық Әлжан Шібікеұлы деген қариядан жеткен кейбір деректерде Қараш би тіпті Жетісу қазақтарының тұрмыс-тіршілігіне қатысты бірқатар этнографиялық мүлік-заттарды генерал-губернаторға сыйға тартқан делінеді. Бүгінде Санкт-Петербургтің әйгілі Эрмитажында сақтаулы тұрған қазақ тұрмысына қатысты жәдігерліктердің кейбірі сол Қараш сыйлаған заттар болуға тиіс. Тіпті, Қараш би өзінің Қатабердин деген бағбан туысы арқылы Алматыда (Верныйда) қазына бағын (казенный сад) орнатып жатқан ағайынды Баумдарға Түргендегі тау алмасының, өрік көшеттерін берген деген де деректер бар.
1882 жылғы санақ бойынша Бақай болыстығындағы үй (киіз үй) иелерінің тізімінде 2-ауылдың тізбесіндегі 109 реттік нөмірде Қараш Теңізбайұлының аты-жөні тұр (44-Қор, 1-тізім, 237-іс). Онда Қараштың бір киіз үйі, отбасында төрт ұл, екі қызы бар екендігі, 3 түйесі, 15 жылқысы, 200 қойы бар екендігі көрсетілген. Оның баласы Жантай Қарашевтің отбасында екі ұл, екі қызы, шаруашылығында бір түйе, 8 жылқы, 60 қойы бар екендігі жазылған. Бұдан Қараш Теңізбайұлының малы мыңғырған бай емес, орта шаруа болғанын көреміз.
Қараш би Теңізбайұлы 1867 жылы Бақай болыстығын құрған кезінде жасы 41-де болатын. Ол осы болыстықты бірнеше мәрте басқарды. Кейін бұл орынға сайлауда жеңген баласы Жантай Қарашев ие болып жүрді. Мысалы, 1885 жылы 13 мамырда Талғар болыстығында өткен сайлауда Қараш Теңізбаев №2 ауылдың биі қызметіне дауысқа түссе, баласы сол күні Бақай болыстық басқармасының басқарушысына кандидаттық лауазымға сайлауға түскен (44-Қор, 1-тізбе, 31217-іс). Бұл кезде Жантай 35 жаста болса, әкесі Қараш би 60-қа келіп қалыпты. Яғни Қараш Теңізбайұлының жасы ұлғайған кезде де ел басқару жұмыстарынан сырт қалмағанын көреміз.
Қараштың батырлығы мен билігіне қатысты бір әңгімені Шелек ауылдық ақсақал­дар алқасының төрағасы, ұзақ жыл ағарту саласында қызмет еткен, мектеп дирек­торы, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған, марқұм Рақымғали Ыбырайымов ақсақал айтқан еді. Ол өз кезегінде 1951 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық инсти­тутында оқып жүрген кезінде бір кісіден естіп жазып алыпты. Оның қысқаша мазмұны мынадай:
Балқаш бойын мекендейтін Арғында Ұзақ дейтін батыр болыпты. Сол әлдебір егеспен Іленің оң жағындағы Жалайырдың Байшегіріндегі бір қарт бидің тігерге тұяғын қалдырмай бар малын барымталап айдап кетіпті. Артынан іздеп барған жоқшыларды сабап қуып жібереді екен. Содан Іленің бойында Қаралыкөпір деген жерде отырған Байшегір би кісі салып Қарашқа сәлем айтыпты. Сәлемінде: «Атқа қонып дау даулайтын жайым жоқ, бірақ мыңға тарта кәдімгідей үлкен қол жинап қойдым. Босқа қан төгіспесін. Сен ара ағайын болып Ұзаққа барып есемді алып бер!» депті.
Қараш қарт бидің сәлемін қабыл алып, жолға шығуға бел байлайды. Бірақ нөкерлікке төрт-ақ адам алыпты. Төртінші адамы Ерезен Мастақтың он төрт жасар баласы Қажан екен. Бала болғанмен етженді, сүйекті болса керек. Оның әкесі Мастақ та, ағасы Ақжол да Балқаш бойынан жолбарыс алып жүрген кісілер. Қажан ағайынды екі жігіттің кішісі көрінеді. Ұзақ батырдың ауылына жеткенде Қараш би атқосшы болып жүрген Қажанға: «Балам, сен үйге кірме. Ертоқым мен аттарымызға қара. Бұлар бізді сыпырып алып жаяу қалдырып жүрмесін. Мен өзім шақырмай келме!» деп ескертіп сыртта қалдырыпты.
Ұзақ батыр ол кезде аты шығып қалған Қараш биді жақсы қарсы алыпты. Жалайыр Байшегірге қатысы жоқтығын, ара ағайындықпен келгенін сезсе керек. Қонақ етіп, алдына астаумен ет тартыпты. Ар жаққа ел қонып, мол етті «сен же, мен же» десіп отырғанда Ұзақ батыр: «Ей, мынау қонақтардың сыртта қалып қалған адамдары жоқ па?» десе, қызметшілері «Бір бала бар екен, сол кел десек келмейді» депті. Ол тапсырма орындап тұр ғой. Қараш би арнайы белгі беріп шақыртады.
Балаң жігіт амандасып, үйге кіріп келгенде Ұзақ батыр орнынан атып тұрып, жинаулы жүктің артына тығылыпты. Қажан бала болса «отыры­ңыз, отырыңыз!» деген қолпаш­таумен астаудағы етке тойып, бір аяқ сорпаны сіміріп, үн-түнсіз орнынан тұрып кетеді. Сөйтсе Ұзақ батырдың киесі қасқыр екен. Жолбарыс киелі бала кіріп келгенде қасқыр киелі Ұзақ батыр өрешенің ішіне кіріп кеткені сол көрінеді.
Таңертең жолға шығарда тағы да дастарқан жайылады. Сол кездің салтында дастарқан мәзіріндегі құрметті дәмнің бірі – тары-жент. Қараш би үлкен ағаш қасықпен тары алып жейді. Жейді де әлгі қасықты Ұзақ батырдың алдына шалқасынан тастайды. Ұзақ та сол қасықпен тарыдан екі асап, қасықты төңкеріп, қайтарып Қараштың алдына қойыпты. Сонымен таңғы ас ішіліп болып, екі жақ бір біріне амандық-саулық тілесіп, Қараш би еліне қайтады.
Сонда жолда бірге келе жатқан серіктері «Өй, осыны да би деп әкелдік пе? Бітірген түгі жоқ! Тіпті, мал туралы сөйлескен де жоқ қой!» деп күңкілдесіпті. Қараш би жолай Қаралыкөпірде отырған Байшегірдің қарт биіне жолығып: «Малыңның барының көзі келеді, көзі жоғының құны төленіп келеді. Қыл құйрығың жоғалмайды» – депті. Байшегірдің қарт биі сынайын дегені болар: «Ендеше мал келгенше жат» деп малдың қайтуын күткізіп жатқызып қояды.
Шынында да көп ұзамай Ұзақ батыр малын түгел айдатып әкеліп береді. Оған Байшегірдің қарт биі қатты риза болып «Қараштай биі бар қаңлыға да күн туар» депті. Сөйтсе Қараш би Ұзақ батырмен бар дауды бір қасықпен ғана шешкен екен. Мәнісі Қараш бабамыз тарыны бір асап, қасықты Ұзақ батырдың алдына қойғаны «Сен осы маңдағы рулардың шырқын бұзып осылай барымталап жей бересің бе, жоқ әлде доғарасың ба?!» деген сұрағы екен. Алдыңғы кеште жолбарыс киелі Қажан баланы соңынан кіргізуі Ұзақ батырдың сесін қайтару көрінеді. Әрі сөйтіп үлкен қолдың соғысуға дайын тұрғанын да аңғартқан. «Асқанға – тосқан» болатынын сезген Ұзақ батыр алдына қойған қасықпен екі рет асап, оны төңкеріп қайтарғаны: «Мына тіршілікте көршілерге істеген қиянатым жетер, мен енді осымен доғарып, алғанымды қайтарайын. Сонымен іс тамам болсын!» дегені екен. Сөйтіп Қараш би үлкен дауды бір қасықпен-ақ шешіпті. Осы мысалдың өзі-ақ Қараш бидің тапқыр, саясаткер, әділ төреші жан болғандығын әйгілейді.
Қараш баба 1889 жылы қайтыс болады, оның бейіті қазіргі Еңбекшіқазақ ауданындағы Тескенсу ауылынан шыға берісте, Алматы – Құлжа тас жолының сол қапталында, 92-шақырымында, бұрынғы «Ащысай» кеңшарының сиыр базы орнының шетінде. Бейіті кезінде қызыл кірпішпен өрілген екен. Кеңес тұсында әскерлер жаттығу кезінде бейітті нысана етіп атқылап қиратып тастаған. Мүжіліп шағын төмпешікке айналып бара жатқан соң Қараш бабаның ұрпақтары жиналып лайықты күмбез тұрғызуға кіріскен. Оған мұрындық болған Қараштың шөпшегі Бекбосын Мырзағалиұлы мен Бүркітбай Әбдіхалықұлы деген азаматтар еді. Кешеннің жобасын жасаған Бақытжан Қылышбаев пен Ермек Нүсіпқожаев деген достары. Кесене биіктігі – іргетасымен қосып есептегенде 13 метр. Бабаның 190 жылдығы тұсында ел ағасы Елеусіз Сұлтанғазиев пен отбасы ағайын жұртшылықтың көмегімен күрделі жөндеуден өткізді. Бүгінгі ұрпақ кесене айналасын көріктендіріп, облыстың тарихи маңызды нысандарының қатарына қосты, Құдай қаласа бұл нысан туристік орындардың қатарынан көрінбек.
Қараш бидің Бақай баурайындағы алыс-жақын туыстары ілгерілі-кейінді осы өңірдің гүлденуіне айтулы үлес қосты. Бүгінде біз Баубекұлы Шелек бабамыздың, Жетісу облысынан Алашорда өкіметінің мүшесі, депутат болған Садық Аманжоловтың, Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға белсене атсалысқан Ахметжан Шымболатовтың, Димаш Ахметұлындай ұлт перзентін дүниеге әкелген Зәуре Байырқызы Аманжолованың, Күреңбелде шаруа қазақтарды ашаршылықтан арашалап, топ-тобымен Қытай асырған, сол үшін «банды» атанған батыр Төленді Құндақбай батырдың, өңірде кеңес шаруашылықтарын құрысқан Ыбырайым Мырзабекұлының, Сәтбай Жанысбаевтың, Кеңес одағының батыры Жүнісбай Қайыповтың, соғыстан кейін ұзақ жылдар Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарын басқарған Алхамбек Мәлкеевтің, Қазақстан үкіметінің мүшесі болған Атымтай Қисановтың, Еңбекшіқазақ ауданын басқарған Құдайберген Орынбетовтың есімдерін құрметпен еске аламыз.
Бүгінде Қараш би ұрпақтары ынтымақ пен бірлікті ту етіп, келешек үшін қызмет етіп келеді.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
академик, профессор

↑