Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылдық округіне қарасты Құлжа тас жолының бойындағы жазықта Қараш бидің 200 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтті. Жиынға еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстаннан қонақтар келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында: «Бабаларымыздың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Тарихи тұлғаларымыздың аты-жөнін ұлықтау арқылы біз ұлттық жадымызды жаңғыртамыз, ұрпақ сабақтастығын нығайтамыз. Ескерткіштер мен тарихи нысандар – өткеннің үнсіз шежіресі. Олар ел тарихын, бабаларымыздың өнегелі жолын келер ұрпаққа жеткізетін рухани құндылықтар. Бабалар есімін дәріптеу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат», – деген болатын.
Қазақта би – әділдіктің ақ жолымен жүріп, қара қылды қақ жаратын, ел мүддесін ойлайтын тұлға. Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Би атану үшін халық алдында әлденеше рет шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған». Міне, бойында осындай қасиеті бар тұлғалардың бірі – Қараш Теңізбайұлы.

Жиынға келген жұрт әуелі Қараш кесенесінің басында аруақтарға арнап Құран бағыштады. Сахна алдына жиналған соң еліміздің Әнұраны орындалып, салтанатты жиынды «Бәйтерек-Келдібек» қоғамдық қорының президенті Қажымұқан Арынов ашты. Одан кейін Алматы облысының Құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев бұл жерде ақын Мұхтар Шахановтың қатысуымен алғаш рет елімізде Наурыз мейрамы қайта жаңғырғанын тілге тиек етті. Бұл маң Қараш бидің сүйегі жатқан қасиетті жер екенін, сондай-ақ ауданымыздан шыққан танымал тұлғалар туралы тереңнен сөз қозғады. Одан кейін Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев құттықтау сөз сөйледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Марат Тоқашбаев Қараш бидің өмірі мен қызметі жөнінде баяндама жасаса, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Болат Шарахымбай арнау өлеңін оқыды.
Бұдан кейін Тескенсуда «Қаңлы өркениетінің өрнектері» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Онда ғалым А.Подушкиннің «Письменность государства Кангюй», Көкбөрі Мүбәрәктің «Қаңлыдан қалған 12 жылдық уақыт шежіресі» атты еңбектері таныстырылды. Сондай-ақ Ұлттық құндылықтар академиясының корреспондент-мүшесі, PhD Әлібек Байболдың Қараш би Теңізбайұлы туралы бейне-контенті көрсетілді. Мерейтойлық шарада көрерменге концерттік бағдарлама ұсынылды. Көкпар мен күрес додасы өтіп, жеңімпаздар жүлдемен марапатталды. Жиын соңында Қараш би Теңізбайұлының аруағына арнап ас берілді.
Атақты айтыскер ақын Құланаян Құлманбеттің:
«Сәлем де Жантай ерге судай аққан,
Неше жыл болыс болған қажымастан.
Қараш та таза туған жігіт еді,
Жасынан қызметке араласқан», – деп елге сіңірген еңбегін жария етіп, жырға қосуында да үлкен мән жатыр. Елі үшін бар өмірін арнаған тұлғаларды келешек ұрпақ білсін деген аманат хаты емес пе?! Бұл басқосудың мәні де осында. Бұл – жай ғана той емес, тарихқа тағзым, бабаға құрмет, ұрпаққа аманат!
Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы