Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында 45 елдің спортшылары 469 медаль жиынтығы үшін бақ сынауда. Қазақстан бұл додаға 558 спортшымен қатысып, спорттың 35 түрінен өнер көрсетуде. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында еліміздің Көк Туын дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен ұлттық құрама сапындағы үстел теннисінің өкілі Сарвиноз Миркадирова алып шықты.
Қазақстан құрамасының биылғы Азиададағы алғашқы алтын жүлдесін велошабандоз Рината Сұлтанова сыйлады. Бұл – оның екінші Азиадасы. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған болатын.
Ұлттық құрама сапында Алматы облысының 19 спортшысы бар. Олардың қатарында грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, стенд атудан Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Әсем Орынбай, сондай-ақ оқ атудан Никита Чирюкин мен садақ атудан Мұса Ділмұхамет бар. Күні кеше құралайды көзге атқан мергендеріміз, әсіресе бұрымдылардың атқан оқтары нысанаға дөп тиіп, стенд атуда Қазақстан құрамасы командалық сайыста Қытайға ғана жол беріп, күміс жүлдеге ие болды. Әсем Орынбай мен Зоя Пискун және Әдел Садақбаева үштігі мамандар сенімін ақтады. Осылайша жерлесіміз мергендігімен мерейімізді асқақтатты. Еске сала кетейік, 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Әсем Орынбай екі алтын және бір қола медаль жеңіп алған болатын.
ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстанның ушу-саньда спорты тарихи жетістікке қол жеткізді. Ұлттық құрама сапындағы Алматы облысының өкілі Әлижан Абылағатов ел қоржынына осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы медальді салды. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жартылай финалда Иран өкілі Ерфан Мохаррами Пирагноммен кездесті. Тартысты жекпе-жекте ирандық спортшы жеңіске жетті. Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген спортшылар қола жүлдегер атанады. Осылайша, Әлижан XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленіп, Қазақстанға ушу-саньдадан Азия ойындары тарихындағы тұңғыш медальді әкелді. Бұл жетістік Алматы облысы үшін де айрықша мәнге ие. 25 қыркүйектегі жарыстардан кейін Қазақстан құрамасы жалпы медаль кестесінде 4-орында тұр. Ұлттық құраманың қоржынында 8 алтын, 8 күміс және 11 қола – барлығы 27 медаль бар.
XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 25 спортшысы жарыстың 14 түрінен жүлдеге таласуда.
Ерзат АСЫЛ