Перейти к содержимому

Қоғамға ортақ міндет

32 қаралым

Бүгінде ұстаздардың алдында өскелең ұрпаққа академиялық білім беру ғана емес, сонымен қатар берік азаматтық ұстанымы бар біртұтас тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «ҚР жаңа Конституциясының құндылықтар нормалары негізінде білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жетілдіру» тақырыбында өткен конференцияда осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Талғар ауданы Тұздыбастау ауылын­дағы № 48 «Келешек мектебінің» мәжіліс залы аймақтың білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған негізгі міндеттерді талқылау, сондай-ақ шара кезінде айтылып, көрсетілген идеяларды іске асыру алаңына айналды. Конференция бағдарламасы мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, прокуратура, полиция, балалардың құқықтарын қорғау және психологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен өткен жалпы отырыс, тақырыптық сессиялар мен практикалық секцияларды қамтыды.
Шара басталмас бұрын №48 мектеп­тің балалар хоры «Ұстазым» атты әнін шырқады. Осының өзі аймақтың әр өңірінен келген ең құрметті мамандық иелерінің көңілін көтеріп, ұстаздық қызметтің беделін көрсеткендей еді. Ары қарай қатысушыларға конференция тақырыбын және оның мақсатын бейнелейтін сахналық қойылым көрсетілді. Онда өнерпаздар тәрбиеге жауапты адамдар қызметінің мәнін сахнада сомдады.
Конференцияның модераторы – облыстық білім басқармасы басшы­сының орынбасары Диана Онбырбаева алдымен әріптестерін алда келе жатқан Мұғалімдер күнімен құттықтап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу үдерісіндегі педагогтердің рөлін атап өтті.
– Біз бүгін мектептегі тәрбиеге, балалардың қауіпсіздігіне, қоғамдағы құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға қатысты ең маңызды жайттарды талқылау үшін жиналдық. Елдің жаңартылған Негізгі заңы әділ, ашық және прогрессивті қоғам құрылатын негізгі қағидаттарды бекітті. Бұл құқықтық және адамгершілік қағидат­тарды мектептердің күнделікті жұмыс тәжірибесіне көшіру – болашақ Қазақстанның келбетін айқындайтын уақыт талабы. Жалпы облыс бойынша тәрбие жұмысына 8 мыңнан астам маман-педагог жауапты. Бізде кадрлық та, зияткерлік те зор әлеует бар, оған жаңа серпін және дұрыс бағыт беру қажет. Тәрбие үдерісін табысты ұйымдастыру – мемлекеттің, мектептер мен ата-аналардың кешенді көзқарасын және тығыз өзара іс-қимылын талап етеді, – деп атап өтті оқу-ағарту саласының өкілі.
Оның айтуынша, бүгінде мектеп құқықтық қылмыс, буллинг, кибер­буллинг, психологиялық дистресс, өзін-өзі бұзатын мінез-құлық, зиянды әдеттерге бейімділік сияқты үлкен тәуекелдерге ұшырап отыр. Бұл бағытта нәтижелі күрес жүргізіп, жұмыстың жетік әдістерін құру қажет. Педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тәрбие жұмысы жөніндегі жетекші және мектеп әкімшілігі тығыз байланыста болатын командалық жұмыс тәсілі әзірленуі тиіс.
Баяндамашы сондай-ақ психология­лық қауіпсіздікке қатысты сәттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Комиссия отырысында ұсынылған талдауға сәйкес, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 17 өзін-өзі өлтіру және 14 өзін-өзі өлтіруге ұмтылу әрекеті тіркелген. Мұның барлығы негізінен жасөспірімдер арасында байқалады.


Педагогтерді толғандыратын тағы бір үлкен мәселе – құқықбұзушылықтың алдын алу және мектеп өмірінің нақты нормасы ретінде заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидатын бекіту. Үшінші мәселе – мектептегі дене және психологиялық қауіпсіздік. Ол үшін қысым көрсетуге, кибербуллингке, қорқытуға, кемсітуге және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қалыптастыру қажет. Төртінші түйткіл – балалар мен жасөспірімдерді зиянды әдеттерден қорғау. Осыған байланысты білім беру өкілдері профилактикалық сипаттағы 7 920 іс-шара ұйымдастырып, үлкен жұмыс жүргізген. Оған 264 мыңнан астам жасөспірім қатысып, педагог-психологтар 9 300 консультация және әңгімелесу өткізген. Бесінші мәселе – балалардың бос уақытын тиімді өткізу. Осы орайда «Адал азамат» қағидатын жүзеге асыру және өскелең ұрпаққа патриоттық сезім ұялату аясында ауқымды жұмыстар атқарылған. Алтыншы мәселе – ұлттық бірлік, тіл және мәдениет. Облыста мәдени сипаттағы 852 іс-шара өткізіліп, оған 163 оқушы қатысқан. Жетінші бағыт – «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы экологиялық тәрбие. Оқушылар акциялар мен сенбіліктерге үнемі қатысып, 18 мыңнан астам көшет пен 500 ағаш отырғызған, мектеп жанындағы аумақтарды қоқыстан тазалап, 90 тонна тұрмыстық қалдықтарды шығарған.
Осылайша алдағы жұмыстың 7 міндеті мен бағыттарын айта келе, спикер конференцияның барлық қатысушыларын бірлесіп жұмыс істеуге, тәрбие процесінде жоспарлы және өнімді жұмыстың жалпы страте­гиясын әзірлеуге шақырды.
Одан соң құқық қорғау орган­дарының – прокуратура және ювеналды полиция өкілдері сөз алды. Олар алдын алу шараларының қажеттілігін ерекше атап, мұның бәрін бүкіл қоғам жұмыла бірлесіп жүргізуі қажеттігін баса айтты.
Жиында «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК өңірлермен жұмыс жөніндегі үйлесті­рушісі Алмат Асенов сөз алып, конфе­ренция қатысушыларына жасөс­пірімдер арасындағы суицид­тердің алгоритмі туралы айтып берді. Ал облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Мадияр Шарапов «Басты қағидат – баланың мүдделері: әлеуметтік осал балалардың құқықтарын қорғау және жан-жақты қолдау» тақырыбында баяндама жасады.
Оның айтуынша, басқарма балалар­дың құқықтарының бұзылуына, зорлық-зомбылыққа, төтенше жағдайларға, жазатайым оқиғаларға және кәме­летке толмағандардың өмірі мен денсау­лығына қауіп төндіретін басқа да оқиға­ларға тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Талдау нәтижесінде 505 түрлі оқыс оқиға тіркелген. Олардың арасында суицид жасау мен өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылу фактілері бар. Тәулік бойы жұмыс істейтін «111» колл-орталығы арқылы балалар құқықтарының бұзылуына қатысты түрлі сипаттағы 116 өтініш пен хабарлама, электрондық өтінімдер порталы арқылы 78 хабарлама келіп түскен.
Қазіргі кезде орта есеппен күніне 21-ден 57-ге дейін хабарлама тіркеледі. Әрбір хабарлама мұқият тексеріледі және бөлім мамандары жағдайды анықтау үшін оқиға орнына күніне кемінде 3-4 рет барады. Өзіне-өзі қол жұмсау және үйде зорлық-зомбылық жасау әрекеттерінің 19 жағдайы жан-жақты тергелген. Оның ішінде 2 бала Өңірлік балаларды қолдау орталығына орналастырылып, 11 бала Өңірлік психологиялық қолдау орталығы мамандарының бақылауына алынған. Күрделі отбасылық-әлеуметтік жағдай­ларға тап болған 16 отбасының жағдайы жан-жақты зерделеніп, олар тәрбиелеген 38 кәмелетке толмаған балаға жеке қолдау ұйымдастырылған.
Басқарма сондай-ақ балалардың дербес деректерінің қорғалуын және білім беру ұйымдарында олардың құқықтарының сақталуын бақылайды. Баяндамашының айтуынша, қауіп-қатер тобындағы балалар мен отбасыларды ерте анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту және әлеуметтік-психологиялық, медициналық және құқықтық қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасатын болады.
Конференцияны қорытындылай келе, қатысушылар ҚР Конституция­сының нормалары негізінде тәрбие жұмысын жетілдіру жөнінде тұжырым­дама әзірлеу қажет деген қорытындыға келді. Өйткені, баланың қауіпсіздігі, әл-ауқаты мен толыққанды дамуы – мемлекеттің, қоғамның және әрбір отбасының ортақ міндеті.
Конференция жұмысы тақырыптық сессиялар мен практикалық секцияларда жалғасты. Оларда аймақтың айтулы педагогтері өз тәжірибелерімен бөлісіп, бір-бірінің ұстаздық қарым-қабілет­терін байытты.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы

↑