Республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп күніне орай Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен жиын өтті.
Басқосуға облыс прокурорының аға көмекшісі, инвесторлардың құқығын қорғау тобының топ басшысы Бауыржан Бимолданов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Саян Бәкіров, басқарма басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жиынды ашқан Қанат Болатұлы өткізіліп отырған шараның мақсат-міндетіне тоқталды.
Мінберге шыққан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Еркін Майлыбайұлы 9 айдағы жұмыс нәтижесін таныстырып, палата бақылауындағы кәсіпкерлердің өзекті мәселелері және оларды шешу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
– 9 айда кәсіпкерлерден 53 өтініш түсіп, 86%-ы бизнес пайдасына шешілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу және 1 млрд 13 млн теңгеден астам шығынның алдын алу қамтамасыз етілді. Бұл жұмыста кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі маңызды рөл атқарады. Есепті кезеңде кеңестің 10 отырысы өткізіліп, кәсіпкерлердің 23 проблемалық мәселесі қаралып, 21-і оң шешілді. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін іске қосу шеңберінде отандық өндірушілердің оған уақытылы енгізілуіне және мемлекеттік сатып алуға қатысуына әсер етуі мүмкін техникалық проблемалар анықталды. 31 желтоқсанға дейін өтпелі кезең белгілеу және тізілімге енгізілгенге дейін қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін тиісті құжаттармен растауға мүмкіндік беру ұсынылды, – деген Еркін Майлыбайұлы басқа да өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқанын мәлімдеді.
Келесі кезекте мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Сатайұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен қызмет көрсету бойынша көрсеткіштер жайын баяндамасының арқауына айналдырды. Облыстағы «Қалжат» кеден бекеті мен «Қонаев» кедендік рәсімдеу орталығының негізгі міндеттерін таныстырып, «Qoldau» платформасында енгізілген «CargoRuqsat» электрондық кезек жүйесі жайлы мағлұмат берді. 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі аясында арнайы салық режимдері оңтайландырылып, бұған дейін қолданыста болған 7 режим біріктіріліп, 3 негізгі режимге өзгертілгенін, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында қызметтердің 99,9%-ы электрондық түрде көрсетілетінін айта келе, осындай кездесулер өткізудің маңызы зор екенін атап өтті.
Одан кейін сөз алған төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Рахман Кәрімжанұлы 9 айдың қорытындысында облыс аумағында 699 өрт тіркелгенін, басым бөлігі мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының бақылауына жатпайтын тұрғын үй секторында және көлік құралдарында болғанына жұртшылықтың назарын аударды. Сондай-ақ өрттің алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабында көзделген тәртіппен жолданған хаттардың негізінде 34 нысанда нұсқамалар орындалғанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде сөз алған мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Қайрат Тұрғынұлы басқарма тарапынан жұмыс сапасына, материалдардың талапқа сай болуына, жобалық шешімдердің сақталуына және құрылысқа қатысушылардың жауапкершілігіне ерекше назар аударылатынын жеткізді. Сонымен қатар 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексі құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, саланы цифрландыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталғанын айтып, жоспардан тыс тексерулер нәтижелерін хабардар етті. Оның сөзінше, басқарма тарапынан 437 субъектіге айыппұл салынып, заңсыз құрылыстарға 17 сот шешім шығарылып, оның 7-еуі орындалған. Сонымен қатар Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында заңсыз салынған және құрылыс нормалары сақталмаған 4 нысан бойынша демонтаж жұмысы жүргізілген. Үлестік тұрғын үй құрылысы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 19 субъектіге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Құрылыс саласындағы лицензиялық және аттестаттау талаптарының сақталуын бақылау бойынша жыл басынан бері 149 құрылыс лицензиясының қолданылуы тоқтатылып, 2 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған.
Келесі сөз ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Ажар Бекболаеваға берілді.
– Аумақтық инспекцияның жұмысы тек тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылаумен шектелмейтінін атап өткен жөн. Ветеринариялық бақылау жүйесінің негізгі мақсаты – жануарлардың саулығын қорғау, жұқпалы және аса қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халыққа қауіпсіз тамақ өнімдерінің жеткізілуін қамтамасыз ету. Осы міндеттерді облыс аумағында іске асыруда аумақтық инспекциялар маңызды рөл атқарады. Біздің негізгі қағидатымыз – аурумен күрескеннен гөрі оның таралуына жол бермеу. Сондықтан ветеринариялық бақылау тек ауру анықталғаннан кейін жүргізілетін шаралармен шектелмей, тәуекелдерді алдын ала бағалауға және профилактикаға бағытталған. Сонымен қатар импорт және экспорт кезінде өндіріс нысандарының талапқа сәйкестігі, өнімнің қауіпсіздігі, шығу тегі және ветеринариялық құжаттардың дұрыстығы қадағаланады, – деді Ажар Ерланқызы.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта ветеринариялық-санитариялық сараптаманы цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Аумақтық инспекциялар тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Кәсіпкерлерге ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, өнімді қабылдау, сақтау, тасымалдау және өткізу, құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ішкі сауда өнімнің ілеспе құжаттарының болуы, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтуі, сақтау және өткізу жағдайлары бақыланады.
Одан әрі жалғасқан жиында кәсіпкерлер үшін маңызды мәселелер талқыланып, бақылау және қадағалау органдарының жұмысы, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың нәтижелері, анықталған негізгі заңбұзушылықтар, олардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Енгізілген өзгерістерге түсіндірме беруге ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сан алуан сауалдарын қойып, мамандар тарапынан толымды жауап алып, ашық пікір алмасты. Кейбір сұрақтар тиісті сала басшыларына жеткізілетіні хабарланды.
Келелі жиынды қорытындылаған Қанат Болатұлы кәсіпкерлердің жұмысы жолға қойылса, облыстың экономикасы көтеріліп, халықты әл-ауқаты артып, жаңа жұмыс орындары ашылатынын, сондықтан кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажеттігін баса айтты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы