Перейти к содержимому

Тіректі салаға тың серпін

24 қаралым

Еңбекшіқазақ ауданының Масақ ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жоба – «QazEcoDan» ЖШС-ның дәнді және майлы дақылдарды қабылдау, тазарту, кептіру және сақтауға арналған астық кешені ашылды. Заманауи кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл тұрғындары мен ақсақал-дар қатысты.

Тіректі салаға тың серпін беретін кәсіпорынның ашылуында сөз алған облыс әкімі Шыңғыс Әрінов жобаның ауыл шаруашылығы мен экспорттық әлеуеті арттырудағы маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін кеңейту мен инвестиция тартуға басымдық беріп келеді. Бүгінгі ашылып отырған өндіріс ошағы осы мәселені жүйелі шешуге бағытталған. Ауданның аграрлық саласын дамытуға үлес қосқан инвесторлар мен жұмысшыларға ризашылығымды білдіремін. Жоба ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.


Жобаның алғашқы кезеңі аясында қуаты 30 мың тонналық нысан толық іске қосылды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, кешен заманауи технологиямен жабдықталған. Өндірісте Германиядан Испаниядан жеткі­зілген технологиялық жабдықтар пайдаланылады. Бұл шешімдер астықты тиімді кептіруге, ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кешеннің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын теміржол желісін дамыту да жоспарланып отыр. Бұл астықты тасымалдау үдерісін оңтайландырып, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізуге жол ашады. «Қазір мұнда орта есеппен 28 пайыз ылғалдылығы бар шамамен 29 тонна астықты кептіруге мүмкіндік бар. Бұл әсіресе егінді жаппай жинау кезеңінде маңызды. Себебі астықты қабылдау мен өңдеу жылдамдығы оның сақталуы мен сапасына тікелей әсер етеді. Келесі жылы дәл осындай қуаттағы тағы бір нысан салу көзделген. Кешенді одан әрі кеңейту кәсіпорынның 2029 жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында жоспарланған», – дейді «QazEcoDan» инвестициялық жобасының жетекшісі Ерлан Өтегенұлы.
Жобаның экспорттық әлеуеті де жоғары. Болашақта кешен арқылы өңделіп, сақталған ауыл шаруашылығы өнімдерін Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа да елдерге экспорттау мүмкіндігі қарастырылған. Жоба аясында шамамен 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы құны 21 млрд теңге болатын бұл кешен Еңбекшіқазақ ауданының аграрлық және логистикалық әлеуетін арттыра түспек.

Ерзат АСЫЛ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑