Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ауылдағы спорт алаңынан республикалық аренаға дейін: «Ауыл Sport – 2026»

Ауылдағы спорт алаңынан республикалық аренаға дейін: «Ауыл Sport – 2026»

53 қаралым

Бүгін Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешені Алматы облысының түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылардың басын қосты. Мұнда «Ауыл Sport – 2026» жобасының облыстық кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бір алаңда Алматы облысының аудандары мен ауылдық елді мекендерінен келген жас спортшылар бас қосты. Олар үшін спорт – күнделікті өмір салтына айналып, үлкен жеңістерге деген арманға бастайтын маңызды жол.

Облыстық жарыстар 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан республикалық «Ауыл Sport» жобасы аясындағы іріктеу кезеңі болып табылады. Жоба бұқаралық спортты дамытуға, спортпен шұғылдануға тең мүмкіндік қалыптастыруға және ауылдық жерлердегі жас таланттарды қолдауға бағытталған.

2026 жылы жобаның үшінші маусымы басталып, ол Қазақстанның барлық 17 облысын қамтыды. Өңірлік және республикалық жарыстарға 900-ден астам ауылдық елді мекеннен 15 мыңнан астам жас спортшының қатысуы жоспарланған.

Ауыл спортын қолдау – «Halyk» қайырымдылық қоры жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

«Ауыл Sport» ауыл балаларына тек жарысып қана қоймай, өз мүмкіндіктерін бағалап, болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады. Әрбір матч пен әрбір жекпе-жек маңызды. Алайда ең бастысы – жас спортшылардың нәтижеге жету жолында жинақтайтын тәжірибесі», – деді «Halyk Bank» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Гүлмира Ахметова.

Алматы облысында жарыстар Қарасай және Талғар аудандарының, сондай-ақ Қонаев қаласының спорт нысандарында өтуде.

Жарыс бағдарламасына бірден сегіз спорт түрі енгізілді: мини-футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, WKF каратэ, еркін күрес және бокс.

Жоба мектеп жасындағы спортшыларға бағытталған. Әр спорт түрі бойынша командалардың құрамы мен салмақ дәрежелеріне қойылатын нақты талаптар жарыс регламентіне сәйкес айқындалады.

Ойын спорт түрлері – мини-футбол, баскетбол және волейбол бойынша командалық есепте жеңімпаздар анықталады. Ал шахмат, үстел теннисі, WKF каратэ, еркін күрес және бокс бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке есепте анықталады.

«Бокспен үш жылдан бері айналысып келемін. Осы облыстық жарыста туған Жамбыл ауданымның намысын қорғап жатқаныма өте қуаныштымын. Жаттығуда үйренгендеріміздің барлығын көрсетіп, командамыздың абыройын лайықты қорғағымыз келеді. Мен үшін бұл – спорттағы жетістіктеріме бастайтын тағы бір қадам», – деді жарысқа қатысушы Саян Жұмағали.

Жобаның тарихы ауылдағы спорт алаңы үлкен спорттағы жарқын жолдың бастауы бола алатынын көрсетіп отыр. 2025 жылы Алматы облысы, Үшқоңыр ауылының жасөспірімдер командасы Қазақстан мен Қырғызстан командалары қатысқан Нина Андрусенконы еске алуға арналған халықаралық волейбол турнирінің жеңімпазы атанды.

2026 жылы жоба қатысушылары волейбол, баскетбол, үстел теннисі және каратэ бойынша халықаралық жарыстарда чемпион атанып, жүлделі орындарға ие болды.

«Алматы облысы үшін ауылдық жерлерде спортты дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Мұндай жарыстар өз ауылдарында тұрақты түрде жаттығып жүрген жас спортшыларды анықтап, оларға жоғары бәсекелестік жағдайында өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік жас спортшылар мен командалар 2026 жылғы 3–7 қараша аралығында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынау мүмкіндігіне ие болады», – деп атап өтті Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Олимпиадалық спорт түрлері бөлімінің бас маманы Ербол Көлжабаев.

Ал әзірге спорттық бәсеке Алматы облысының спорт алаңдарында жалғасуда. Мұнда алғашқы жеңістер дүниеге келіп, мінез шыңдалады, жаңа спорттық жұлдыздар қалыптасады. Ең бастысы – жас спортшылардың өз күшіне деген сенімі арта түсуде.

↑