Перейти к содержимому

Халқым деп соққан жүрегі

30 қаралым

Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында қазақтың көрнекті әнші-композиторы, ақын, ағартушы, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына орай екі күнге созылған ауқымды шара ұйымдастырылды. Ең алдымен Тоғызбұлақ ауылдық Мәдениет үйінде «Бұлбұл құстай сайраған бұл Қапездің әні еді» атты дәстүрлі әншілердің І республикалық байқауының ашылу салтанаты өтті.

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, белгілі ғалым, өнер зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстанның Халық әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әншілер Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейіс, әнші Ұлту Қабаева, «Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі, ақын Кәдірбек Құныпияұлы байқау қатысушыларына ақжарма тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі.

Ұлттық өнерді ұлықтап, дәстүрлі әннің құдіретін дәріптеген байқауға еліміздің әр өңірінен 18-25 жас аралығындағы 23 дәстүрлі әнші бақтарын сынауға келді. Бұл дода жас өнерпаздардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, Қапез мұрасын кеңінен насихаттап, дәстүрлі ән өнерінің сабақтастығын жалғастыруға бағытталған тағылымды шара екені сөзсіз. Сондай-ақ бұл күні ауданның білім беру ұйымдарындағы ұстаздар арасында волейболдан аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Жарыстың басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, әріптестік ынтымақтастықты нығайту және жас ұрпаққа үлгі боларлық белсенді өмір салтын дәріптеу. Волейбол бәсекесінде ұстаздар командалық бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Әр ойын тартысқа толы болып, жеңіске деген жігер мен спорттық рух айқын сезілді. Мерейтой аясында 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында дзюдодан аудандық жарыс өткізіліп,  спортшылар бозкілемде белдесті.

Олар өздерінің ептілігі мен күш-жігерін, төзімділігі мен спорттық шеберлігін паш етті.

Кешқұрым көпшілік Тоғызбұлақ ауылдық Мәдениет үйін бетке алды. Залда ине шаншар орын болмады. Мұнда Қапез мұрасын зерттеуші, журналист Салтанат Бакееваның «Халқым деген Қапез…» атты деректі фильмі көрсетілді. Сондай-ақ Кеген халық театры режиссер Аршын Нұрбақыттың «Қапез. Асау заман. Арыстардың қилы тағдыры» спектаклін сахналады. Шара соңы ауыл стадионында облыстық «Алатау әуендері» концерттік ұйымының және аудан өнерпаздары дайындаған гала-концертке ұласты.

Мерейтойдың екінші күні Мәдениет  үйінде    «Бұлбұл құстай сайраған бұл Қапездің әні еді» атты дәстүрлі әншілердің              ән байқауымен басталды. Өнер додасына  Қазақстанның Халық әртісі, профессор, қазақ  дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Рамазан Стамғазиев, Мәдениет саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты Тілеулес Құрманғалиев, Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Шолпан Даржанова, дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұржан Жанпейісов, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманов сынды майталман мамандар қазылық  етті.

Күн ұзаққа созылған екі кезеңдік байқаудың қорытындысы бойынша Қапез Байғабылұлының мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін Арина Қожаева, Тұрғанбек Абзал, Нұрғали Серікжан, Бекжан Қажыуатұлы, Беделхан Ораз, Қажкен Мұрат, Тұрғанбек Жұлдызайлар Алғыс хат және 50 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.

Дәстүрлі ән өкілдері Шалтабай Алпарұлы, Қалқа Жапсарбаев, Көдек Байшығанұлы, Сәдіғожа Мошанұлы, Рыскелді Сауданұлы, Жақыпберді Солтанбекұлы, Күләй Бектайқызы, Әбен Атамқұлұлы атындағы арнайы жүлделермен 300 000 теңгенің сертификаты Еламан Бекбатыров, Тәттімбек Айбек, Алмас Көшкінбаев, Лес Ернұр, Сансызбай Аңсаған, Мәдібек Нұрасыл, Жібек Омарқызы, Ернар Доғдырбекұлына табысталды.

Үздік өнер көрсеткені үшін ІІІ дәрежелі диплом және 300 000 теңге Шалабай Ұлан, Қыбырай Үміт, Махан Ерасыл марапатталса, Әлдібай Таңжарық пен Асхат Ермұратұлы ІІ дәрежелі диплом, 500 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. І дәрежелі диплом және 1 000 000 теңгені Өмірғалы Мадияр еншілесе, байқаудың бас жүлдесі мен 1 500 000 теңгенің сертификаты Нұртуған Абылайұлына бұйырды.

Мерекелік іс-шара Қапез Байғабылұлы атындағы орта  мектепте «Халқым деген Қапез…» атты республикалық кәсіби суретшілердің конкурсымен, «Қапез мұрасы – ұрпаққа аманат» атты кітап көрмесінің ашылуымен жалғасты. Бұл күні білім ордасында ағартушының өмірі мен мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытатын арнайы танымдық-тағылымдық сыныптың ашылу салтанаты өтті. Оған Сары би Бозымұлының ұрпақтары мұрындық болып, демеушілік танытқан. Тағылымды шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев, аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, зиялы қауым өкілдері мен Қапез бабаның ұрпақтары қатысты.

Арнайы жасақталған сыныптан Қапез Байғабылұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен ағартушылық қызметіне қатысты құнды деректер мен мәліметтерді өнер зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы таныстырды. Құрметті қонақтар баба рухына тағзым жасап, мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.

 Мұнан соң дүйім жұрт Тоғызбұлақ ауылының орталық алаңындағы облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шараға куә болды. Алғашқы құттықтау сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құттықтауын жеткізді.

– Құрметті жерлестер! Қадірменді зиялы қауым! Қапез Байғабылұлының 130 жылдығы  құтты болсын! Алматы облысының әкімі Шыңғыс Сайранұлының ыстық ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер! Өткенге құрмет көрсету азаматтық борышымыз екені баршамызға мәлім. Әнші, композитор, Алаш рухты ақын, ағартушы Қапез Байғабылұлының 130 жылдық мерейтойы – тағылымы өте терең, мазмұны мол тарихи шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең танудан басталады деп атап өткен болатын. Алаш рухты азаматтарымызды келер ұрпаққа дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – дей келе Қапез Байғабылұлының немересі Әділбек Нұржігітұлы мен шөбересі Динара Ерденқызының иығына камзол жауып, ықылас гүлін табыстады. Сондай-ақ «Халқым  деген  Қапез…» атты суретшілер байқауының жеңімпаздары мен әділ қазылар алқасын ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеуге қосқан еңбегі үшін Алғыс хаттармен марапаттады. Кәсіби суретшілер байқауында ІІІ орын мен 750 000 теңгенің сертификаты Асқар Нұрболатқа табысталды.  ІІ дәрежелі диплом және 1 000 000 теңгенің сертификаты Қанатбек Амангелдіұлына бұйырды. І дәрежелі диплом мен 1 250 000 теңгенің сертификатын Еркін Базарғалиұлы алды.

Қапез Байғабылұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалымдар Тұрғанжан Әбеуұлы, Жомарт Құдайбергенұлы, Рашид Ешенұлы, Бағлан Жолдасқызы, Еркін Иманғазыұлы, Ертай Жомарт, Нұржұма Орысбайұлы, Ертай Нұрбекұлы, Ақайдар Анарғалиұлы, журналистер Жанар Оразымбетқызы, Салтанат Бакеева, Нұрлан Қалқа, Қапез Байғабылұлы туралы поэтикалық туындылардың жабық бәйгесінің жеңімпаздары Алмас Ахметбек, Ерғожа Тілепбердиев, Мұрат Шаймарандар марапатталды.

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков Қапез Байғабылұлының 130 жыл толуына орай жоспарланған мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар азаматқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.

Осылайша, екі күндік мерейтой өз мәресіне жетті. Шар соңында баба рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑