Перейти к содержимому

Спортқа баулиды

40 қаралым

«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашанда пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің бір жолы дене шынықтыру екені де белгілі. Жас ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеп, спортпен шұғылдануына септігін тигізіп келе жатқан мекеменің бірі – Кеген ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі.

Бұл мектептің іргетасы 2018 жылы  қаланып, 2020 жылдың ақпан айында қолданысқа берілді. Мектептің негізгі міндеті – оқушылардың белгілі бір  спорт  түріне  қабілетін  анықтап, сонымен айналысуына мүмкіндік ашу. Сонымен  қатар  әлемдік  додаларға қатысатын  жасөспірімдерді  тәрбиелеу,  облыстық  және  республикалық құрама командаларға үміткерлер даярлауды  қамтамасыз  ету. Спорт мектебіне оқушылар 8-10 жастан  бастап қабылданады.

Балалар  мен  жасөспірімдер  спорт мектебінде  спорттың  10  түрі,  атап айтқанда, дзюдо, қазақ күресі, грек-рим күресі, бокс, тоғызқұмалақ,  волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі секциялары және көкпар бөлімі жұмыс істейді. Мекеме спортпен шұғылдануға арналған ринг, балуандарға  арналған  кілем, татами, тағы басқа да қажетті құрылғылармен жабдықталған. Мектепті аралау барысында кең әрі шағын спорт залдары, киім ауыстыратын және жуыну бөлмелері бар екенін көрдік.

Спорт мектебінің директоры Бауыржан Таубалдыұлы – Кеген ауылының тумасы. Қазақ күресінің белгілі маман-бапкері, әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері және еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Спорт  мектебінің  бүгінгі  жетістігі туралы Кеген ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Жайлымыс Айтақынова әңгімелеп берді.

– Мектебімізде спорттың 10 бағыты бойынша 1103 спортшы  жаттығуда. Жұмыскер саны – барлығы 65 адам. Аудандық спорт мектебінің 10 филиалы жұмыс істейді. Олар – Қарқара, Бөлексаз, Шырғанақ, Жалаңаш, Саты, Ұзынбұлақ, Ақсай, Тасашы, Тұйық, Кеген  ауылдарында.  Соның  ішінде, Шырғанақ ауылындағы спорт мектебінде бір жаттықтырушы, төрт техникалық  қызметкерді  жұмыспен  қамтамасыз етіп отырмыз. Жыл басынан бері спортшыларымыз түрлі сайыстарда олжа салып, ҚР чемпионаттары мен  облыстық, республикалық турнирлерде оң нәтижелерге қол жеткізді, – деді ол.

Ал  спорт  мектебінің  директоры Бауыржан Таубалдыұлы:

– Жыл  басынан бері  көптеген  іс-шара  ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, грек-рим күресінен 2009-2013 жылы  туған  жасөспірімдер  арасында Алматы облысының ашық біріншілігі өтті. Шелек ауылында өткен бокстан 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Ермұрат Қайыпжановтың Республикалық турнирінде, Тоғызқұмалақтан облыстық жекелей чемпионатының классика түрінен, Грек-рим күресінен Қонаев қаласының біріншілігінде, Қаскелең қаласында өткен облыстық үстел теннисінде, қазақ күресінен Павлодар қаласындағы Рымтай Ісбастыұлы атындағы республикалық турнирде, бокстан 2011-2012 жылы туған қыздар арасындағы облыстық чемпионатта және көптеген додаларда спортшыларымыз бақ сынады. Талғар қаласында өткен облыстық чемпионатта көкпардан Кеген командасы бірінші орынды жеңіп алды. Дзюдо күресінен Тама баба атындағы Алматы облысының ашық біріншілігі өз деңгейінде өтті. Алдағы уақытта аудандық, облыстық жарыстар ұйымдастырылады, – деп жоспарымен бөлісті.

Жыл ішінде Кеген ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеткен жетістігі бір төбе. Тіпті әлем додаларына қатысып, жүлделі орын алмаса да, нәтижелі өнер көрсеткендері баршылық.

Қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Шұғыла Мақсатқызы чемпион атанса, Райымбек батыр атындағы республикалық турнирде 66 кг салмақ дәрежесінде Амантұр Нұрасыл, бокстан Алматы облысының чемпионатында Медеубек Дінмұхаммед чемпион болса, осы чемпионатта Әлихан Өркенбай ІІ орын алды. Ақтөбедегі ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында грек-рим күресінен 45 кг салмақ дәрежесінде Ерсін Манасұлы ІІІ орын иеленіп, қола жүлдеге ие болды. Талғар қаласындағы облыстық чемпионатта үстел теннисінен Берікбол Берік І орын, Берік Аруназ ІІІ орын, Лашын Ринатқызы ІІІ орын алды. Қазақ күресінен Ақтау қаласындағы республикалық чемпионатта Аян Бақытұлы ІІІ орын, Қойшыбай Бағжан ІІІ орын иеленді. Дзюдодан  Ақтау қаласындағы Халықаралық турнирде Аян Бақытұлы ІІ орынды жеңіп алды. Грек-рим күресінен Талғар қаласындағы Анатолий Федерович еске алуға арналған республикалық турнирде Қаршыға Еркінұлы І орын, қазақ күресінен Райымбек ауданындағы Еркін Сайдақовқа арналған республикалық турнирде және дзюдодан «Beibarys Sultan» республикалық турнирінде Айтпанбет Ақжол І орын, қазақ күресінен Павлодар қаласындағы Рымтай Ізбастыұлы атындағы республикалық турнирде Қойшыбай Бағжан ІІ орынды жеіп алса, Амантұр Нұрасыл ІІІ орынды иеленді.

Ұлттық спорт жанашыры, көкпардан Алматы облысы жастар құрамасының аға жаттықтырушысы және қол күресі мен ат спортының шебері Тобажан Жанарыс  бастаған көкпаршылар жасөспірім мен жастар арасында Алматы облысының чемпионы атанып үлгерді. Сондай-ақ, көкпардан ұлттық құрама да Кеген ауданының жастары облыс намысын қорғап, республикада жоғары нәтиже көрсетіп жүр.  

Сондықтан, спорт мектебінің жоғарыда көрсетілген үйірмелерінің біріне жазылып, шынығып шымыр болуға ауыл балаларының мүмкіндігі мол.

Спорт мектебінің әлі талай спортшыларды баптап, жеңіс тұғырынан көрсетері анық.

Дәурен ӘБІТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑