Жамбыл ауданында мал басын асылдандырып қана қоймай, өндіріске озық технологияларды батыл енгізіп отырған шаруашылықтар көптеп саналады. Солардың бірі – өңірдегі мал шаруашылығын өркендетіп, берекелі тірлігімен танылған «Мұрынбай» шаруа қожалығы.
Қожалықтың тізгінін ұстап отырған тәжірибелі жетекші Серік Нұрымбаевтың бұл салаға келгеніне 20 жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген шаруа бүгінде аудандағы іргелі кәсіпорындардың бірін басқарып отыр. Бүгінде «Мұрынбай» шаруа қожалығында 8 мың бас ұсақ мал, 250 жылқы және 35 түйе түлігі бағылуда. Шаруашылықтың негізгі бағыты – қазақтың биязы жүнді, асыл тұқымды қойын өсіру. Мал басының артуы мен сапасының жақсаруы – жылдар бойы жүйелі жүргізілген селекциялық жұмыстардың нәтижесі. Шаруашылық иелігінде 10 мың гектарға жуық жайылымдық жер бар, бұл төрт түліктің табиғи жолмен бағылып, жайылымды тиімді пайдалануға кең мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі ғана емес, ауыл тіршілігін түлетудің басты тетігі. Кез келген өндірістің өркендеуі адам капиталына тікелей байланысты. «Мұрынбай» шаруа қожалығы саланың дамуына үлес қосумен қатар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде мұнда тәжірибелі малшылар, еңбекқор механизаторлар мен басқа да мамандар қажырлы еңбек етіп, өз отбасын асырап отыр. Кәсіпорынның берік әлеуметтік жауапкершілігі ауылдың әлеуетін арттырып, жастардың туған жерде қалып еңбек етуіне үлкен септігін тигізуде.
Заман ағымынан қалмауды мақсат тұтқан қожалық төрағасы Серік Нұрымбаев кейінгі жылдары өндіріске цифрлық және инновациялық әдістерді енгізуге ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтқанда, қазіргі таңда шаруашылық 600 гектар еркекшөп алқабына заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 380 млн теңге. Бұл бастама елімізде өзекті болып отырған су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалануға жол ашады. Ең бастысы – сапалы мал азығы қорын молайтып, қысқы мал азығын дайындаудың сенімді әрі тұрақты негізін қалайды.
Осы жылдар ішінде үлкен істің басы-қасында Серік Жолдасұлының сенімді серігі, жары Анар Абдуллаева қатар жүр. Отағасы мен отанасы еңбек жолында қол ұстаса жүріп, өнегелі отбасы үлгісін көрсетіп отыр. Бүгінде олар үш баланың ардақты ата-анасы, немерелердің сүйікті ата-әжесі атанып отырған жайы бар. Отбасылық жылулық пен еңбекқорлық ұштасқан жерде қашан да береке болатынының айқын дәлелі – осы шаңырақ.
Жамбыл ауданында мал шаруашылығын дамыту, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, жем-шөп базасын нығайту және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды батыл енгізу ісінде «Мұрынбай» шаруашылығы нәтижелі жұмыс жүргізуде. Еңбегін ел игілігіне арнаған іскер азаматтардың бұл бастамасы өңірдің ғана емес, жалпы саланың дамуына қомақты үлес қосып отыр.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы