Перейти к содержимому

Ортақ жоба – орнықты даму

36 қаралым

Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесті. Жүздесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады.

Басқосуда облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, болашақтағы мүмкіндіктері мен қолға алынып жатқан іргелі жобалар туралы баяндады. Шыңғыс Сайранұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің өзара достық пен келісім аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтерілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Алматы облысы Қытайдың бірқатар провинциясымен экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
«Достық қарым-қатынастың арқасында Алматы облысы мен Қытай елі арасындағы тауар айналымы жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейін сақтап келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 миллиард 257 миллион АҚШ долларына жетті. Бүгінгі таңда облыста Қытай капиталының қатысуымен 140-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Біз сауда-экономикалық байланысты әрі қарай нығайтуға үлкен мән береміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы. Сонымен қатар аймақ басшысы Алматы облысы мен Қытай өңірлері арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда зор мүмкіндіктер күтіп тұрғанына сенім білдіріп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру және туризм саласында әріптестік байланысты нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Бас консул өз кезегінде өңірдің әлеуетін жоғары бағалайтынын тілге тиек етті.
«Алматы облысы көптеген көрсеткіш бойынша көшілгері келе жатқанын жақсы білеміз. Мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан да екі тараптың мүдделеріне сай келетін бірқатар ұсынысты жеткізсем деймін. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу, балама энергия көздерін дамыту және инфрақұрылымдық жобалар мен туризмді өркендету аясындағы ынтымақтастықты арттыруда қос тараптың мүмкіндігі зор. Жалпы алғанда, біз «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында барлық саладағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты әріптестіктің жаңа даму нүктелерін тұрақты түрде ашуға дайынбыз», – деді Су Фанцю. Сонымен қоса Бас консул көрші елдің кәсіпкерлері мен азаматтары қандай да бір заңсыздыққа жол берсе, жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет ету мүмкіндігін де назардан тыс қалдырмады.
Өз кезегінде Бас консул облыс әкіміне жылы қабылдағаны үшін ризашылығын айтып, бұл кездесудің ынтымақтастықтың нығая түсуіне жол ашатынын тілге тиек етті. Кездесу соңында тараптар бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ әріптестік байланысты жан-жақты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Ерзат АСЫЛ

↑