Астана қаласында екі күн бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Әдеттегідей мұндай игі шарадан Алматы облысы да қалыс қалған жоқ. Онда өңір шаруалары 180 тоннаға жуық 52 түрлі өнім ұсынды. Сауда сөрелеріне ет, сүт, балық, бал өнімдері, түрлі жеміс-жидек пен көкөніс және басқа да тағам түрлері қойылды. Экологиялық таза әрі табиғи өнімдердің құны нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен болды. Нәтижесінде жаз бойы бел жазбай еңбек еткен өңір шаруалары 215 млн теңге табыс тапты.
Облыс әкімдігі тарапынан тауарды Астанаға жеткізіп, орындарына жайғастыруға жәрдем берілді. Кәсіпкерлер бұл шара өнімін халық арасында насихаттап, жұмысын жетілдіруге үлкен қолдау екенін айтты. «Өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрі өндіріледі. Жәрмеңкеде соның бәрін қамтып, 180 тонна тауар алып келдік. Атап айтқанда, 30 тонна ет, 90 тонна жеміс-жидек, одан бөлек көкөніс, бал және балық өнімдері бар. Жәрмеңкеде өңір кәсіпкерлеріне 70-ке жуық сауда орны берілді. Жылдағы дәстүр бойынша шараны Алматы, Абай және Маңғыстау облыстары бірігіп өткіздік. Өнімнің сапасы мен бағасы тұрақты бақылауға алынды», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықов.
Жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ тауардың жартысынан көбі сатылып үлгерді. Екінші күні де жәрмеңке алаңына ағылған халық қарасы үзілген жоқ. Тұрғындардың өңірде дайындалған өнімдерге, әсіресе мал еті мен әйгілі апорт алмасына деген қызығушылығы жоғары екені бірден білінді. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Лазгиев Мұрат» шаруа қожалығының өкілі жәрмеңкеге алманың сегіз түрлі сорты мен кептірілген өнімдерді әкелгенін айтты. Барлығы ешқандай қоспа, бояғышсыз жасалған.
– Астанада дәстүрлі түрде өтетін бұл шараға 2013 жылдан бері қатысып келеміз. Биыл 3 тонна өнім алып келдік. Бірінші күннің өзінде оның 2 тоннасы сатылды. Халық біздің өңірден келген алманы көргенде, таласып-тармасып бірден алып кетеді. Әсіресе қызыл апортты арнайы іздеп келетіндер көп. Бағбандық біздің отбасылық кәсібіміз, өмір сүру салтымыз десем де болады. Кемертоған ауылында 3 гектар бағымыз бар. Жыл сайын 50 тоннаға жуық өнім аламыз. Қажырлы еңбегіміздің ақталып, алмамыздың елорда халқына ұнағанына қуаныштымыз, – деді Фатима Лазгиева.
Бал шаруашылығымен айналысатын Гүлнара Қашқынбаева жәрмеңкеге бірінші рет қатысып тұрғанын және оның пайдасы мол болғанын жеткізді.
– Бұл саламен айналысып келе жатқанымызға 15 жылдан асты. Шаруашылығымызда 150 ара ұясы бар. Әрқайсында шамамен 80 мыңға жуық ара болады. Жылда мамыр айында басталатын қызу тірлік қыркүйекке дейін жалғасады. Бес ай бойы тау-тастың арасын кезіп, араларға азық береміз. Кейде омарталарды тиеп алып, 300 шақырымға дейін жол жүретін кезіміз болады. Бұл – машақаты мол жұмыс. Дегенмен ерінбей, еңбек етсең, міндетті түрде жемісін көресің. Мәселен, биыл 9,5 тонна өнім алдық. Араны баптап, бал жинаудан бөлек, оны тұтынушыларға өткізу – мүлде басқа міндет. Кейде осы жағынан қиындық туындап жатады. Биыл жәрмеңкеге алғаш рет қатысып, мұның қарапайым шаруа қожалықтарына берілген зор мүмкіндік екеніне көз жеткіздік. Сәті түссе, алдағы жылдары да мұндай игі шараларға қатысуға ниеттіміз, – деді ол.
Есік қаласында балық шаруашылығымен айналысатын «MG» компаниясының басшысы Артур Волькин 200 келі өнімді халыққа ұсынды. Оның ішінде сазан, ханбалық, бекіре және өзге де балық түрлері бар. Кәсіпорын уылдырықтарды Польша мен Америкадан импорттап, кейін оны инкубациялап, сатуға дайын күйінде шығарады және жылына 2000 тоннадан астам балық өндіретін көрінеді.
– Шараға алғаш рет қатысып тұрғандықтан қатты толқыдық. Себебі біз қақталған балықтан бөлек, тірі балықтарды да алып келдік. Оларды жеткізу үшін жолда 18 сағаттан астам уақыт бойы оттегі деңгейін үнемі бақылап тұру керек. Байқауымша, бұл жәрмеңкеде тірі балық сататын өзге кәсіпкерлер жоқ екен. Ал бұл өнімге қазір сұраныс жоғары. Біз халықтың отандық өнімге деген сенімін арттырып, шетелдік тауарға тәуелді болмағанын қалаймыз. Ал жәрмеңке бізге халықпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы өнімін сататындар көп. Бірақ оның сапасын бағамдау қиын. Ал жәрмеңкеде тауарды ұстап көріп, дәмін татып, көңіліңе жаққанын таңдап алуға болады. Сол себепті де мұндай шараларға жиі қатысамыз. Сонымен қатар біз облысымыздың балық өсірудегі тәжірибесі мол екенін елорда халқына көрсеткіміз келді, – деді ол.
Астаналықтар мен оның іргесіндегі елдімекен тұрғындары жәрмеңкеден керектінің бәрін түгендеп, бір жасап қалды. Солардың бірі – Тұрсын Чункаева. Жәрмеңкеге отбасымен бірге келген зейнеткер тауар бағасының арзан, сапасының жоғары екеніне дән риза болып, осындай берекелі шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегін жеткізді.
– Сенбінің таңында балам мен немерелерімді алып, жәрмеңкеге келдім. Өзім – Алматы облысының тумасымын. Сондықтан жерлестерім әзірлеген өнімді алуға асықтым. Себебі ол жақтың топырағы құнарлы, ауа райы да мал бағып, егін егуге қолайлы. Сондықтан да өнім өте сапалы әрі жұғымды, тіл үйіретін дәмді болады, – деп жылы лебізін білдірді тұрғын.
Осылайша, тауар өндіруші мен тұтынушының арасында тікелей байланыс орнап, кәсіпкерлер өнімін өткізіп, халық экологиялық таза тағамға тиімді бағада қол жеткізді. Бүгінде өңір халқының 80 пайызы ауылда тұрады. Соған сәйкес, ауыл шаруашылығын кәсіпке айналдырып, күнделікті ас-суын егіншілік пен төрт түлік арқылы қамдап отыр деуге негіз бар. Бұл шаралардың бәрі – еңбек адамдарына көрсетілген үлкен қолдау әрі аталған саланы дамытуға қосылған елеулі үлес.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Астана қаласы