Бірі ән айтып отыр. Бірі тоғызқұмалақтың тасын асықпай таратып, қарсыласының жүрісін бағып қалған. Екінші жақта апалар жаттығу жасап, қимылдарын нұсқаушыға қарап қайталауда. Әңгімелері де жарасқан. Бір-бірін бұрыннан білетін құрбы-құрдастай әзілдесіп, қауқылдасып қояды. Ұйғыр ауданының Белсенді ұзақ өмір орталығына бас сұққан адам ең әуелі осындай көңілді ортаны байқайды.
Жуырда мұнда «Белсенді өмір – жүз жастық ғұмыр» атты Ашық есік күні өтті. Ауданның ақсақалдары мен ардагерлері, зейнеткерлер мен тұрғындар бас қосқан іс-шараның мақсаты да орталықтың жұмысын көпшілікке таныстыру болатын.
Зейнетке шыққан соң адамның күнделікті өмірі күрт өзгереді. Кеше ғана қызметіне асығып, қоғамның бел ортасында жүрген жанның бір күнде үй тірлігімен қалып қоюы да мүмкін. Осындайда қатар-құрбымен араласатын, денсаулыққа көңіл бөліп, жаңа дүние үйренетін ортаның қажет екені айтпаса да түсінікті. Ашық есік күнінде келген қонақтар орталықтағы тіршілікті сырттай тамашалап қана қойған жоқ. Әр бағыттың жұмысын көріп, кейбіріне өздері де қатысып көрді. Алдымен орталық басшысы Ақпаржан Мәденұлы сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов, облыс пен ауданның Құрметті азаматы Сайдахмет Қасымов, ауданның құрметті зейнеткері Серік Қапаров та аға буын басын қосқан орталықтың жұмысына жылы лебіздерін білдірді.
Бұл күні ұзақ сөзден гөрі орталыққа келіп жүрген жандардың әңгімесі әсерлі шықты. Олар алғаш мұнда қалай келгендерін, содан бері кімдермен танысып, қандай достар тапқандарын айтты. Өмірінде болған өзгерістерімен бөлісті.
Орталықтың хор ұжымы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындағанда көпшілік ерекше ықыласпен тыңдады. Қонақтармен «Жалғастыр» мақал-мәтелдер ойынын да ойнады. Үлкендер аталы сөздің жалғасын табуда тосылып қалған жоқ. Бірі бастап, екіншісі іліп әкетіп, орта кәдімгідей қыза түсті. Мұнан кейін денсаулыққа пайдалы жаттығулар көрсетілді. Скандинавиялық жаяу жүру нұсқаушысы Нұрәлі Нұрсапа, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Бақберген Исмайлов және йога нұсқаушысы Юлтузай Махаметова өз бағыттары бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Жеңіл қимыл-қозғалыстың өзін дұрыс жасаудың маңызын түсіндіріп, қонақтар да қарап тұрмай жаттығуға қосылды. Қолөнерге қызығатындар еңбек терапиясы бұрышына аялдады. Онда түрлі бұйымдар жасалып, келушілер шығармашылық бағыттағы жұмыстармен танысты. Тоғызқұмалақ алаңында ұлттық ойынның ережелерін түсіндірді нұсқаушылар. Ал психолог Адэлина Васильеваның «Мен бүгін сізге тілеймін…» атты тренингі шараға өзгеше жылылық сыйлады. Қатысушылар қолдарына таратылған жүрекшелерді алып, бір-біріне ақ тілектерін айтты. Осылайша ашық есік күні ерекше есте қаларлықтай өтті.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
