Талғар ауданындағы Тереңқара ауылында орналасқан «Сегіз көл» демалыс орталығында облыстың аграрлық саладағы еңбек маусымы қорытындыланып, үздіктер марапатталды. Аймақтың ауыл шаруашылығы және агроөндіріс саласына еңбегі сіңген қызметкерлер, басқармалар мен мекеме басшылары, басқа да құрметті қонақтар қатысқан салтанатты жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртты кәсіби мерекемен және жыл табысымен құттықтады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл – ел бесігі» дегенді халқымыз бекер айтқан жоқ. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», – деп, «Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығының жетекші аграрлық орталықтарының бірі болу» екендігін айтып, баршамызға үлкен міндеттер жүктеді. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу – ортақ іс.
Халқының 84 пайызы ауылды жерде тұратын Алматы облысы үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды бағыты. Бұл саладағы жалпы өнімнің көлемі бойынша облысымыз 9,6 пайыз үлеспен республикада 3-орынға ие. Мал шаруашылығында ет, сүт, жұмыртқа өндіруден, қой-ешкі, ірі қара және құс саны бойынша алғашқы орындарда. Мысалы, 7 құс фабрикасы еліміздегі құс етінің 27 пайызын өндіреді. Егіс алқаптары жыл санап ұлғайып, биыл 457 мың гектарға жетті. Облысымыз өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, картоп, көкөністер, соя және күріш өсіруден алғашқы үштікке кіреді.
Мұның барлығы аянбай атқарған еңбектің, тынымсыз тірліктің, берекелі бірліктің арқасында мүмкін болып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында нағыз еңбекқор, темірдей төзімді адамдар жұмыс істейді. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында дастарқанда нан бар. Сауда орталықтарында отандық ауылшаруашылық өнімдері толып тұр. Аймақтың экономикалық тұрақтылығы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үлестеріңіз мол, – деді Марат Елеусізұлы.
Аймақ басшысы аграрлық сала мамандарының жұмысына оң жағдай жасау, фермерлерді және ауыл тұрғындарын қолдау – мемлекеттік маңызы бар міндет екенін, облыс ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде елімізде үздіктер қатарында болғанымен, халықтың табысы бойынша ең төменгі орындарда екенін айтты. Бұл орайда облыста түрлі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысқа 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. 9,5 млрд теңгеге 1300 өтінім түсіп, 369 өтінім бойынша 2,6 млрд теңге несие берілген. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы аясында 6 млрд теңге бөлініп, 30 шаруашылық 13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алыпты. Осылай алдағы 5 жылда асыл тұқымды ірі қараның үлесін 22 пайызға (қазір 19,5), қойдың үлесін 20 пайызға (қазір 16,7) жеткізу көзделіп отыр. 2023 жылы аграрлық салаға жалпы құны 37 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Оның ішінде субсидиялар – 34,4 млрд теңге. Биыл ауыл шаруашылығына 36,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 6 жоба іске асырылған, 472 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазір экономиканың қай саласын болсын, қомақты инвестициясыз алға жылжыту қиын. Оның үстіне ауыл шаруашылығын басқаруда жіберіліп жатқан қате-кемшіліктер де жоқ емес.
«Жерді дұрыс пайдаланып жатырмыз ба?» деген сұрақ та өзекті. Марат Елеусізұлы бұл бағыттарда да көрші елдерден мол қаржы тартып, азық-түлік өнімдерін көптеп өндіру үшін тікелей өзі де үлкен күш салып жатқанын, 9 аудан, бір қаланы аралап, еңбеккерлермен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдағанын да жеткізді.
– Ауыл шаруашылығын дамытудың бір тетігі – ауылдарды өркендету. Бұл ретте ауылды жерлердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын атап өту керек. Оның аясында 21 млрд теңгеге 61 елдімекенде 86 жоба іске асырылуда. Биыл 73-і аяқталады. Нәтижесінде ауылдардың өңірлік стандарттарға сәйкес, әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілуі 68 пайызға жетеді.
Ауыл шаруашылығының дамуына қарқын беретін бағыт – пайдаланылмайтын жерді қайтарып, айналымға қосу. Облыс бойынша 605 мың гектар осындай жер анықталып, оның 181 мыңы (29,9 пайыз) қайтарылды. Қоғамдық жайылымға 422 мың гектар жер бекітілді, оның ішінде биыл 66,7 мың гектар берілді.
Бүгінгі мерейлі күнде барлық ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне еліміздің өркендеуі жолында қосып келе жатқан үлестері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз табысты болсын! Өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін! Өңіріміз гүлденіп, мемлекетіміз қарыштап дами берсін! Мереке құтты болсын! – деді облыс басшысы.
Салтанатты жиында сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев та қатысушыларды құттықтап, өз ойын ортаға салды.
– Бүгін сіздермен бірге отырғаныма өте қуаныштымын. Бәріміз осы өңірдің тумасымыз. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі арнайы ұйымының сараптауынша, әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізгі үлес қоса алатын үш-ақ ел бар. Бірінші орында – Ресей, екінші орында – Қазақстан, үшінші орында – Украина. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы Қазақстан экономикасының драйвері бола алады. Оған ешқандай күмән жоқ. Ал біздің еліміздің экономикасында Алматы облысының орны ерекше, әлеуеті өте үлкен. Сіздер өте маңызды саламен айналысып келе жатырсыздар.
Нидерланд деген мемлекет бар, жер көлемі Қазақстаннан 66 есе аз. Бірақ бізбен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 33 есе көп немесе біз 3 млрд доллар мөлшерінде экспорттайтын болсақ, олар құны 100 млрд доллар болатын өнім экспорттайды. Көрдіңіздер ме, біздің алдымызда қандай әлеует бар?!
Келешекте мол мүмкіндіктер ашылады. Технологияны жаңғыртуымыз керек. Суды үнемді де тиімді пайдалануға көшуіміз керек. Қазір бүкіл Қазақстанда тамшылатып суару технологиясын қолдану көрсеткіші 4-ақ пайыз. Бұл – өте аз! Жақында Дубайда болып қайттым. Ол жерде өзен, жерасты суы жоқ, тек теңізден алып отыр. 1 текшеметр су 1300 доллар тұрады. Бірақ халқы оны 40 центтен сатып алады. Міне, мемлекеттің күші қандай? Ал бізде су аз емес – өзен де, көл де, жерасты суы да бар. Бірақ оны дұрыс пайдалануымыз керек. Сонда нәтиже де жақсы болады, – деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Жиын барысында облыс әкімі аймақтың ауыл шаруашылығы саласында ең үздік деп танылған еңбеккерлер мен заңды тұлға, шаруа қожалықтарын Алғыс хат, диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ардагер-кеңесшісі Дүйсенәлі Еңкелешов пен Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, Алматы облысы бойынша аграрлық несие корпорациясы филиалының директоры Әмірхан Смайылұлы, ҚР АШМ АӨК Ұйғыр аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Жантөре Сейдахметов, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Степной Холм» ЖШС басшысы Ерік Мұсақұлов, «Ярл» ЖШС агрономы және омарташы Владимир Мышако, Кеген ауданындағы «Ынтымақ» ЖШС басшысы Бақытжан Асқарбаев, Қонаев қаласындағы «Бәйтерек Агро Сервис» ЖШС бас агрономы Серік Үшкемпіров, Балқаш ауданындағы «Сауытқан» ШҚ маманы Қанат Қожабеков, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айгүл Азанбекованың кеуделеріне «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі тағылды. Марғұлан Сәтбаев, Әлжан Әбілғазиев, Құмар Қыстаубаев, Нұрәлі Шүленбаев, Бақыт Сыдықов сынды үздіктерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
2023 жылғы «Үздік ауыл шарушылығы тауар өндірушілері» аталымы бойынша қайта өңдеу кәсіпорындары арасында Іле ауданындағы «Алель Агро» АҚ үздік деп танылып, 700 мың теңге алса, Талғар ауданындағы «Баймене» ЖШС диплом және 500 мың теңге, ал Қонаев қаласындағы «Сд и Ко» ЖШС 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Заңды тұлғалар арасынан бірінші орынды иеленген Кеген ауданындағы «Ерсін» ЖШСға «МТЗ-82.1» тракторы сыйлыққа берілді. Екінші орынды алған Райымбек ауданындағы «Altyn Dan-1» АӨК-ге – 1 миллион, үшінші орынды алған Жамбыл ауданындағы «Болашақ Агро» ЖШС-ға – 700 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды.
Шаруа қожалықтары арасында Ұйғыр ауданындағы «Ширингүл» ШҚ жеңімпаз деп танылып, «МТЗ-82.1» тракторын иеленсе, екінші орынға лайық деп танылған Балқаш ауданындағы «Бірлік АЖА» ШҚна – 1 миллион, үшінші орынды алған Іле ауданындағы «Алтынбаева С.Ж» ШҚ-на – 700 мың теңге сыйлық берілді. Сондайақ, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін аудандар мен ауылдық округтер де марапатталды. Талғар, Іле, Балқаш, Қарасай аудандары үздік деп танылып, сәйкесінше – 700, 500, 300 және 200 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар Шелек, Қырғызсай, Шеңгелді, Қайнар, Ұзынбұлақ ауылдық округтері де қаржылай сыйлыққа ие болды.
Дастарқан сәні нан болса, тойдың сәні қашанда ән ғой. Қазақтың ас-тойы, кез келген салтанатты мерекесі әнсіз, күйсіз өтпеген. Ауыл шаруашылығы саласында жыл қорытындыланып, алдағы жоспарлар айқындалып, еңбек майданының майталмандары марапатталған бұл жиында да әсем де жарасымды ұлттық киім киген «Алатау әуендері» фольклорлықэтнографиялық ансамблінің өнерпаздары қатысушыларды күмбірлеген күймен қарсы алып, халқымыздың әуезді әндерін әуелетті.
«Сегіз көл» демалыс орталығының үлкен мәжіліс залында өткен салтанатты шарадан соң, «қуыс үйден құры шықпа» дегендей, қатысушыларға салтымызға сай кең дастарқан жайылды, бата жасалып, құтты болсын айтылды. Бұл жерде де қонақтар мен жеңімпаз атанған еңбек озаттары ұсыныстілектерімен бөлісті. Барлығының айтары, алға қойған мақсат-мұраттары ортақ – ел игілігі үшін еселі еңбек ету, ауылды жаңғырту, мемлекетімізді өркендетуге лайықты үлес қосу. Жақсы сөз, жақсы ниет – жарым ырыс. Еңбеккер қауымның ниетіне бергей!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы