Кесек-кесек туындыларымен оқырмандарға кеңінен танылған ұйғыр халқының көрнекті жазушысы, жерлесіміз Ахметжан Ашири биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды. Қарт қаламгер сексеннің сеңгіріне шықса да, қазіргі әдеби үрдіс пен қоғамдағы түрлі әлеуметтік өзгерістерге сергек қарайды. Туған топырағын бойына тұмар, түркі халықтарының сан ғасырлық тарихын сүбелі туындыларына арқау етіп келеді. Біз ел құрметіне бөленген жазушының ша ңырағына амандаса барып, өскен ортасы мен шығармашылығы, қаламдас достары мен рухани құндылықтар, Тәуелсіз елдің тарихи бетбұрысы мен туған халқының тағдыр-талайы жайлы ой бөлісіп қайтқан едік.
Ендігі ұрпақ мылтық үнін естімесе екен
– Биыл Республика күні қарсаңында «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына ие болдыңыз. Марапатыңыз құтты болсын, аға! Осы бір мәртебелі сыйды қалай қабылдадыңыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы бастама көтерген болатын. Ол бастама қоғамнан кең көлемде қолдау тапты. Сөйтіп, Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Любовь Шашкова және маған «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын табыстады. Мен бұл атақты алғаннан кейін қатты тебірендім әрі іштей егілдім. Биыл қолға қалам алғаныма 70 жыл толыпты. Бұл марапатты 70 жылдың жемісі әрі қазақ пен ұйғыр халқының әдебиетіне қосқан үлесім үшін берілді деп бағамдадым. Атақты алудан гөрі, оның абыройын арқалап жүрудің жүгі ауыр. Сондықтан қалған ғұмырымда да қал-қадірімше ел руханияты үшін тер төге беремін деп ойлаймын.
– «Соғыс» дейтін қарғыс атқыр суық сөзді адамзаттың сөздік қорынан шығарып тастау керек деп ойлаймын» деген екенсіз. Бүгінде соғыс өрті шалған кей елдерде кінәсіз сәбилердің көз жасы сорғалауда. Сол бір соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағыңызды жиі еске аласыз ба?
– Мен «Соғыс» деген сұм сөзден өлердей қорқамын. Өйткені ол – бойындағы бар ырыздығын иіп берген қасиетті Жер-ананы қанға бөктіреді. Адамдардың басына айықпас қасірет әкеліп, жүректерге өшпес жара салады. Біздің буында соғыстың тақсыретін жырламаған ақын, оның қайғысы жайлы қалам тербемеген жазушы жоқ. Өйткені олардың көбі сол бір қан-қасапта қастерлісін жоғалтқандар еді. Шынымен де, сол кездегі балалар мылтықсыз майданда аналарымен, әпкелерімен бірге болды. Олар жыласа, біз де бірге жыладық, олар күлсе, біз де бірге күлдік. «Ойпырмай, ыстық жасымыз неге таусылмайды екен?» деп қазір ойға батамын. Кей кезде майданнан «Мен тірімін!» деген хат алғанда қазіргі қуанышқа ешбір ұқсамайтын өзгеше шаттыққа, қазіргі өміріміздегі күлкіге ешбір ұқсамайтын ғажап сезімге кенелетін едік. Бірақ, біз, балалар қайсар, шыдамды, рухты болып есейдік. Ешнәрсеге қол сұғып, тура жолдан тайған жоқпыз. Қарнымыз аш, киіміміз жыртық, аяғымыз жалаңаяқ болса да, жасыған жоқпыз. Бір жеріміз жараланып қанаса, әжелеріміз сол жерге топырақтан бір шымшым сеуіп қоятын. Біз содан қуат алып, ертеңгі өмірге талпына бастайтын едік.
Әкем соғыстан екі аяғынан бірдей жарақат алып оралды. Ал жауынгер, батыр, танкист ағам Украинадағы соғыс даласында қаза тапты. Сол бір қанды жылдардың салмағын қалай көтердік десеңші?! Сондықтан «Ендігі ұрпақ мылтық үнін естімесе екен» деп Жаратқаныма жалбарынамын. Әкем соғыстан жаралы оралғанымен, ауылдағы еңбекке белсенді араласты. Ауламызға алуан түрлі ағаштар екті. Бірде «Бағымызға бес түп алма, үш түп өрік, алты түп шабдалы, бір түп тоқаш жиде отырғыздық» деп дәптеріме жазып, әкеме көрсеткенім есімде. Сонда әкем: «Сен жазудың, өнердің бағбаны боласың! Сонда сенің жазғаныңнан миуалы ағаш отырғызған ұйғырдың тілегін ел білетін болады. Адал ниетіңді түсінетін болады», – деп арқамнан қағып, батасын беріп еді. Міне, солай, әкенің ақ батасын алып, арман арқалап ержеттік. Бүгінде балалық шақтың тәтті елестерін есіме алып, оңаша ойға батып отырамын.
– Үндінің ұлы ақыны Рабиндранат Тагордың «Балалардан үйреніңдер, олар әсте болашақтан күмәнданбайды» деген сөзі бар. Бала кезде кім боламын деп армандадыңыз?
– Шешем мені бірінші сыныпта оқытқан алғашқы мұғалімім болады. Сол қолмен жазып отырғанымды көрген анам маған аздап реніш байқататын. Ал әпкем: «Бұл інімнің сол қолымен көптеген көркем шығармала рын жазатынына күмәнім жоқ. Әй, солақай, саған ақ жол тілеймін!» – деп жігерімді жани түсетін. Шынымды айтсам, математиканы білмейтін едім. Сондықтан есепті сыныпта үздік оқитындардан көшіріп алып жүрдім. Қыстың ұзақ түнінде шамның майы бітіп, өшіп қалғанша кітап оқитынмын. Осылайша, жазушылар суреттеген адамдарды, табиғатты көз алдыма елестетіп көретін болдым. Олардың жазған оқиғаларын ойлап, көп қиялға бататынмын. 1953 жылы жеті сыныптық оқуымды тәмамдап, Түрген педучилищесіне түстім. Түргеннен кейін Жаркент педучилищесінде оқуымды ұйғырша жалғастырдым. Солай болашақта ұстаз болып, мектепте сабақ беремін деп ойладым. Бірақ менің сан алуан соқпақты тағдырым жазушы болуыма жол ашты. Бала кезім мен өскен ортамдағы жандүниеме әсер еткен оқиғаларды ақ қағаз бетіне шимайлай бастадым.
– Туған топырағыңыз бен өскен ортаңыз шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
– Басында айтқанымдай, бала күнімдегі туған даланың топырағы тән жарама қалай ем болса, сол топырақ қаламыма да қуат берді. Күні бүгінге дейін көп әңгіме, повестер жаздым. Бірақ Шарбақ ойымнан бір күн кетпейді. Елу жасқа таяғанда «Нұр ана» деген повесть өмірге келді. Жеңіс күні шарбақтық жерлестерім жеңіске қуанбады, қасіретке толы көз жастарын төкті. Келешегі жоқ елдімекендердің тізімі ішінде менің туған жерім Шарбақ та бар болатын. Жеңіске мен де қуанбадым. Амалының жоқтығынан байырғы құтты мекені Шарбақты тастап, Малыбайға көшіп бара жатқан жерлестерім есімнен еш кетпейді. Көп жылдар өткен соң «Шарбақ» атты пьеса жаздым. Бұл шығарма 2017 жылы ТҮРКСОЙ және Еуразия Жазушылар одағы тарапынан өткізілген түркі дүниесі драматургтерінің халықаралық «Қорқыт ата» байқауында бас жүлдеге ие болды. Анкара қаласында өткен марапаттауда бір түрік жазушы: «Мен әлі күнге дейін өзімнің ауылым жайлы мұндай керемет шығарма жаза алмай келемін», – деп мені құшағына басты. Менің «Нұр-Ана», «Кешпес қөңілім», «Солмас гүл», «Жалғыз жалбыз» атты шығармаларымда өскен ортамдағы адамдардың сан қилы тағдыры суреттелген. Біздің Малыбайға Балқаштан бір отбасы көшіп келді. Менімен жасты Тойлы деген баласымен таныстым. Ол: «Қазақша сөйлесең, мен саған «адаш» боламын», – деді. Мен Тойлымен қазақша сөйлесетін болып келістім. Солай Тойлымен тай-құлындай тебісіп, қазақ тілінде сөйлесіп өстім. Бүгінде қазақ тілін менің тағы бір ана тілім деп қуана айта аламын. Сондықтан менің шығармашылығымда қазақ пен ұйғыр сынды бауырлас халықтың достығына да кеңінен орын берілген. Жасөспірім шағымда қысқа-қысқа әңгімелер жазып жүрдім. Ал кейін ҚазМУ-дың филология факультетінде ұлы ұстаздардан тәлім алып, шеберлігім шыңдала түсті.
Әуезов баға қойған сынақ кітапшасын әлі сақтап жүрмін.
– Сіз ҚазМУ-дың филология факультетінде білім алдым деп отырсыз. Онда тәлім берген ұлағатты ұстаздарыңыз бен білім ордасының табалдырығын бірге аттаған қаламдастарыңыздың жарқын бейнесі әлі күнге көз алдыңызда шығар?
– Сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінде ұлы суреткер, даңқты жазушы Мұхтар Әуезовтің, сөз зергері, академик Зейнолла Қабдоловтың, өзге де аса білімдар ұстаздардың алдынан дәріс алдым. Ұлы Әуезовтің дәрістері ғажап еді. Ол кісі дәріс оқығанда залда ине шаншар жер қалмайтын. Ұлы Мұхаң бізге «Абайтанудан» дәріс берді. Әйгілі жазушы ұлы ақынның кез келген өлеңі мен қара сөзін жатқа оқитын.Мұхаң – ерен дарынды және аса білімдар кісі болатын. Әлем және тұтас түркі халықтарының әдебиетін тереңнен толғайтын. Кейде, тіпті, қырғыз халқының «Манас» эпосынан да керемет үзінділер оқи жөнелетін. Менің қазақ әдебиетіне деген ынтамды байқаған ұстазым Мұхтар Омарханұлы сынақ кітапшама «5» деген баға қойды. Ол сынақ кітапшаны жоғалтып алдым деген сылтаумен өзіме алып қалдым. Мұхаң баға қойған сынақ кітапшасы менің кітап қорымда әлі сақтаулы. ҚазМУ-дың филология факультетінде Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмәділов, Оразақын Асқар, Марфуға Айтхожина, Шәрбану Құмарова, Бексұлтан Нұржекеев сынды қазақтың талантты қыз-жігіттерімен оқып бітірдім. Олар кейін ел әдебиетінің белді өкілдеріне айналды. Сол бір қанаттас қаламгерлердің маған дем берген сәттері аз болған жоқ. Олардың жүрекке нұр құятын жылы лебіздерінен әлі шабыт алып келемін. Мен көптеген қазақ қаламгерлерін өзіме өнеге тұттым. Жаны жақын достарым қаншама?!
– Сіз сөз етіп отырған қаламгерлердің арасында кімдерді өміріңізге өшпес із қалдырды деп айта аласыз?
– Қазір мен мекен еткен Құрманғазы көшесі мен Сырбай Мәуленов атындағы көшенің қиылысындағы көпқабатты үйде Әбділда Тәжібаев, Сафуан Шаймерденов, Әзілхан Нұршайықов сынды көптеген қазақ қаламгерлері тұрды. Олармен ертелі-кеш қызу әңгіме-дүкен құратын едім. Қазір сол қазақ жазушылары мекен еткен қара шаңырақтың жұртында жалғыз отырмын. Қаламдастарым ізгілікті іздеген ғажап жандар еді. Сол бір алтын қалам иегері, хас шебер жазушылар мен туралы, ұйғыр әдебиеті мен халқым жайында ерекше құрметпен естеліктер жазды. Әсіресе, Әзілхан Нұршайықовпен сырлас дос болдым. Ол кісі екеуміз 1983 жылы Якутияда өткен бүкілодақтық жазушылардың онкүндігінде бірге болдық. Мен жайында Әз-ағам «Қазақ әдебиеті» газетіне «Жылы жүрек» атты мақала жазды. Бірақ, қайран Әзекем, сол мақаланы газет бетінен оқымастан о дүниеге сапар шекті.
Жазушы досым Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесі» роман-эссесінде мен жайлы, Хизмет ағам туралы көрген-түйгендерін келтіре отырып, ішкі руханиятымыз жөніндегі ойларын кеңінен толғап еді. Біздің ағайынтуғандар Қалихан Малыбайға барғанда қой сойып, басына бата сұрап жататын. Мен соңғы рет Малыбайға Қалихансыз, өзім жалғыз бардым. Әпкем лағман дайындап жатқан екен. «Қалихан қайда?» – деп сұрады бірден. «Мына көршіңіздің үйіне кіріп кетті», – дедім. Әпкем Қалиханды аласұрып іздесе де таппады. Сөйтіп, мейірімді әпкем екеуміз Қалихансыз үндемей отырып лағман жедік. Сол күні әпкеме Қалиханның о дүниеге аттанып кеткенін айта алмадым. Оның «Ақсу – жер жаннаты» кітабын қайта-қайта оқысам да, Қалекеңе деген сағынышым бір басылмай келеді.
Кемел Тоқаев ағаның «Соңғы соққы» романын оқыған едім. Ол кісі Жазушылар одағында детектив жанры мен әскери патриоттық секциясын басқарды. Кемел аға кең пейілді, дархан көңілді, жомарттығы, батырға лайық аңғалдығы бар жан еді. Үйімнен талай дәм татқаны бар. Кемел ағаның: «Тарихты бұрмалауға болмайды. Ол сенің есіңде, қаперіңде болсын!» – деген сөзін әлі ұмытпай келемін. Қазір Кемел ағаның «Соңғы соққы» романын ұйғыр тіліне аударып жатырмын.
– Ең алғаш «Ақ көйлекті әйел» деген әңгіме жазыпсыз. Кейбір қаламдастарыңыз сияқты нәзік жандар жайында жиі қалам тербейсіз бе?
– Соғыс жылдары бала болсам да, аналарымыздың қайсарлығы мен даналығын көрдім. Олардың асыл бейнесі санамнан ешқашан өшпек емес. Сондықтан шығармашылығымда әйел образына жиі орын беремін. Оның көбі көзіммен көргендер. Ұлы Мұхтар Әуезовтің: «…Әйелдің басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе», – деген дана тағылымы бар. Қалай десек те, әйел затының халі қоғамның айнасы деуге болады.
Тәуелсіздік сыйы
– Сіз «Нұр-Ана», «Кешпес көңілім», «Солмас гүл», «Жалғыз жалбыз», «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текін», «Ділі зия», «Жер академигі» сынды сүбелі шығармаларды өмірге әкелдіңіз. Осы туындыларыңыздың ажырамас арқауы мен үзілмес өзегі қайда жатыр деп ойлайсыз?
– Мен көбінде ел тарихы, достық, түрлі адамдық қасиеттер жайында қалам тербедім. Өз туындыларымда қазақтардың болмысын, әсіресе, ауыл адамдарының мінезін шынайы аштым деген ойдамын. Содан болар кейіпкерлерімнің бойына жүрек жылуымды сіңіре жаздым. Кейде аталған шығармаларымды сол қолыммен қайта-қайта көшіріп түзеткенім тағы бар. Қазақ пен ұйғырдың бірлігі, ұлттар достығы туралы желілер туындыларымда жетерлік. Соған шүкірлік етемін.
Шығармашылығымның тағы бір үзілмес арқауы – туған халқым мен түркі тарихы. Бес жүз бет «Идиқұт» романымды бес рет көшіріп, Малыбай ауылында жазып бітірдім. Қуанғанымнан қолжазбаны көтерген бойда үйден таң атпай шығып кетіппін. Әке-шешемнің зиратына бардым. Өзімнің жалға алған «Арзу» аталатын егістік жер теліміне бардым. Жиде ағашының саясында жападанжалғыз, емін-еркін отырып, көз жасымды көлдеттім. Бұл қуанышымнан төгілген көз жасы еді. Өйткені, осы романымды жазуға он жыл өмірімді жұмсадым. Кейін бұл романға Бексұлтан Нұржекеев, Дүкенбай Досжанов, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази, Иран Ғайып, Марфуға Айтхожина, Қалтай Мұхамеджанов, Сайын Мұратбеков, Ялқун Шамиев, Учкун, Алимжан Хамраев, тағы басқа сыншы, зерттеушілер баспасөзде жоғары бағасын берді. Әдебиетші Шерияздан Елеукенов, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы өздерінің пікірін жазып, лебіз білдірді. Менің «Баурчуқ Арт Текін» атты шығармам да түркі тарихынан сыр шертеді. Бұл туындылардың барлығын Тәуелсіздіктің сыйы дер едім.
– Ел Тәуелсіздігі шығармашылығыңызға қандай еркіндік сыйлады?
– Ең әуелі, Тәуелсіздікпен бірге ұлттық руханияттың түлеу дәуірі басталды. Тарихымыздағы ақтаңдақ тақырыптар зерттеліп, әдебиетіміздегі ұлттық, түркілік түпбастаулар туралы ғылыми ізденістер көбейді. Бұл кеңістік менің еркін қалам тербеуіме мүмкіндік туғызды. Кеңес кезінде цензураға ұшырайды деген тақырыптарға батыл қадам баса бастадық. Кеңес кезінде партияның нұсқауымен ауыл-аймақтарды, зауыттарды, цехтарды аралап, еңбек адамдарының тыныстіршілігін жаздық. Ал Тәуелсіз Қазақстанның гүлденіп-көркеюіне еңбек еткен жандар болды. Сол себепті бүгінгі дәуірдің кейіпкерлері жайында да шығарма жазғым келді. Сөйтіп, «Бент» акционерлік қоғамының президенті Ділмұрат Кузиев жайлы «Ділі зия» романын, «Балтабай – 2030» ЖШС-ның негізін қалаушы ғалым Кәрім Құдайбердиев хақында «Жер академигі» шығармасын жаздым. Бұларды Отанымызды көркейтуге үлес қосып жатқан, елін шынайы сүйген кәсіпкерлердің жиынтық бейнесі ретінде суреттедім. Қазір Шыңғыс хан негізін қалаған ұлы мемлекеттің аса көрнекті қайраткері болған Тата-тұнға жайлы тарихи роман жазып жатырмын.
– Бірқатар көркем әдеби туындыларыңыз сахналанды. Көркем әдебиеттен драматургияға бет бұрудың өзіндік қиындықтарын да бастан кешкен шығарсыз?
– Кезінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», Қ.Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай!», Д.Исабековтың «Мұрагерлер», Ә.Таразидің «Күлмейтін комедия», «Махамбет», Хан Де Эннің «Тірі будда», «Сен – маған, мен – саған» қатарлы спектакльдерін тамсана көретін едім. Ал менің алғаш жазылған «Өлмес болып туғандар» деген пьесам ұйғыр театрында үш рет талқыға түсті. Көп сын естідім. Ақырында ол пьеса 1973 жылы қойылды. Қазақстан Республикасының Халық әртісі Б.Омаров қойды.Кейін «Мұқамшылар», «Диқан», «Жалғыз жалбыз», «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текін», «Шарбақ», «Астана», «Он екі мұқам» атты пьесаларым ұйғыр театрында қойылды. Сонымен қоса, А. Чеховтың «Шие бағы», испан ақыны, драматург Г. Лорканың «Қанды той» трагедиясын, қазақ ақыны, драматург Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, жігіттер!» комедиясын ұйғыр тіліне аударып, сахнаға әзірледім. Драма – күрделі жанр. Онда еркіндік жоқ. Баяндау да болмайды. Үлкен-кіші оқиғаны киелі сахнада көрсетесің. Пьеса режиссер, композитор, суретші, актерлердің бірлескен шеберлігімен қойылады. Онда диалогтар қысқа, өткір болуы шарт. Сондықтан жазушы үшін драматургияны меңгеру оңай шаруа емес. Мен де ол жолда талай сыннан өттім.
– Драмалық шығармаларыңыз қазақ театрларында қойылды ма? Драматург ретінде қазақ театрларының бүгінгі шығармашылық ортасын жиі бақылап отырасыз ба?
– Менің «Жалғыз жалбыз» пьесам қазақ тіліне аударылды. Бірақ әлі көрермендерге жол тартқан жоқ. Амандық болса, сахналанады деген үміттемін. Бүгінде Құдыс Қожамьяров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрында көптеген спектакльдер қазақ тілінде қойылады. Ал бүгінгі қазақ драматургиясына келсек, көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабектің еңбегін аса жоғары бағалаймын. Оның «Әпке», «Бөрте» спектакльдері – шоқтығы биік туындылар. Дулат – сөз жоқ, қазақ драматургиясы үшін әлемге жол салған адам. Қазіргі жас қазақ режиссерлерінің бұрынғы классикалық қойылымдарды жаңғыртып жатқаны қуантады. Демек, қазақ театрлары тың ізденіс жолына түсіп келеді.
Мемлекеттік тіл өз тұғырында тұруы қажет
– Қарымды қаламгер болумен қатар түрлі әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсетіп келесіз. Еліміз үшін тұтастық пен этносаралық бірлікті сақтау қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанды экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан дағдарысты кезеңнен шығарып, елдегі дағдарыс пен тоқырауды еңсеруге қажет стратегиялық реформалар қабылдаудың батпан жүгі тұрды. Бұл, шын мәнінде, аса ауыр міндет еді. Тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған сан алуан ұлт өкілінен құралған біртұтас халқымыздың бағына қарай көшіміз оңға жол тартты. Жалпы, халықтың біртектес, біртұтас болмысын қалыптастырып, қоғамның әлеуметтік-мәдени сұранысын қанағаттандыру үшін, ең алдымен, оларды біріктіретін, топтастыратын рухани тірек, озық идеялар қажет екені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз», – деген еді. Еліміздің тұтастығын шайқағысы келетіндер жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан бізге бірлік пен өзара түсіністік бәрінен де маңызды.
– Қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесі үнемі талқыға салынып жатады. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
– Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Мемлекеттік тілдің мәртебесі дегенді әркім әрқалай түсінеді, әрқалай ойлайды, әрқалай ұғады. Мен мемлекет құрушы ұлттың тілін қашанда құрмет тұтамын. Өзім қазақ тілін қай деңгейде білсем, балаларыма да ол тілді жетік меңгеру керектігін айтып отырамын. Меніңше, мемлекеттік тілдің мәртебесін әркім өз отбасынан бастау қажет. Қалай десек те, мемлекеттік тіл өз тұғырында тұруы қажет. Оны талқыға салудың өзі – ұят.
– Мерзімді баспасөздерді жиі парақтайсыз ба? Біздің «Алатау арайы» газетінің де қымбатты оқырманы шығарсыз?
– Әрине, мерзімді басылымдарды үнемі оқып отырамын. Мен үшін облыстың жаңа бас басылымы – «Алатау арайы» газетінің орны бөлек. «Алатау арайы» деген қандай поэтикалық қуатқа ие сөз. Адамға бір түрлі шуақ сыйлайды. Сондықтан да бұл газет оқырмандарының қатарын көбейтіп келеді. Өйткені, басылым өңірдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен мәдени жаңалықтардың жаршысы бола білді. Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев бас болып іргелі істерді қолға алуда. Биыл Конституция күні қарсаңында маған «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Мен бұл мәртебені ел-жұртым мен облыс басшысының зор құрметі деп қабылдадым. Сан салалы бағытта дамуға Алматы облысының мүмкіндігі мол. Ордалы облысымыз әлі талай жетістіктерге жетеді. Сол себепті, «Алатау арайы» газеті де қанатын кеңге жаяды деп сенемін. Қалайда, біз «Алатау арайы» газетіне зор қолдау көрсетуіміз керек. Өйткені елді білімге, жас ұрпақты зияткерлікке бастау ісінде газеттің алар орны айрықша. Қаламдас ініміз, дарынды журналист Кәдірбек Құныпияұлы бас болған газет ұжымына зор табыс тілеймін!
– Сұхбатыңызға рақмет! Сізге де зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан – Ерзат АСЫЛ