Облыс әкімдігінде мәдениет және ақпарат саласының қызметкерлері құрметке бөленді. Ұлттық мұраны дәріптеп, шынайы ақпарат жаршысы болып жүрген майталмандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасына және Алғыс хатына ие болды. Марапатты Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен облыс әкімі Шыңғыс Әрінов табыстады.

Салтанатты рәсімде Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, жиынға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
– Алматы облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Әсіресе ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу – басты назарда. Жыл басынан бері жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, аты әлемге әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы және өзге де көрнекті тұлғаларымыздың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Осындай игі шараларға өнерпаздарымыз бен ақпарат саласы қызметкерлерінің қосқан үлестері зор. Алдағы уақытта да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің дамуына елеулі еңбек сіңіресіздер деп сенемін, – деді Мәлік Отарбаев.
Жиында Шыңғыс Сайранұлы мәдениет және ақпарат саласының қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Мәдениет – халықтың рухани болмысын айқындайтын маңызды сала. Ұлттық құндылықтарды сақтау, өнер мен шығармашылықты қолдау, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет. Ақпарат саласының да қоғамдағы орны ерекше. Жұртшылықты елдегі маңызды жаңалықтардан дер кезінде хабардар ету, атқарылып жатқан жұмыстарды ашық әрі нақты жеткізу кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Шығармашылық ізденістеріңіз жаңа жобаларға, тың бастамаларға және жақсы нәтижелерге жол ашсын, – деді облыс әкімі.
Марапатқа ие болғандардың қатарында Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің Қарасай ауданындағы меншікті тілшісі, ақын, жазушы Қуат Қайранбаев пен Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі Серік Сатыбалдиев те бар.
– Журналистика саласында жүргеніме 45 жылдай уақыт болды. Еңбегіміздің ескеріліп жатқанына қуаныштымын. Бүгінгі марапаттың жөні бөлек. Осындай сый-құрметке бөлеген Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Еліміздің рухани тұрғыда түлеуіне бар ынта-жігерін салып жүрген бүгінгі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын, – деді Қуат Қайранбаев.
Осылайша, қаламның ұшымен, өнердің күшімен өңірдің өркендеуіне қажыр-қайратын арнаған жандардың мерейі тасып, еселі еңбегі лайықты бағасын алды.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
