Биыл жыл басы еліміз үшін бірқатар тарихи оқиғалармен есте қалды. Солардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – Жаңа Ата заңның қабылдануы. Себебі тарихи құжат еліміздегі қазіргі саяси және экономикалық өзгерістерді айқын көрсетіп, Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын жаңа бағдарларды бекітті. Менің ойымша, бұл – болашаққа бағытталған, прогрессивті жоба. Онда адам капиталына ерекше мән беріліп, мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі өзегі ретінде қарастырылған. Құжатта мемлекет қызметінің ұзақ мерзімді әрі жүйелі бағыты нақты айқындалды. Атап айтқанда, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тетік ретінде көрініс тапты. Жаңа Конституцияда мемлекеттің басты басымдығы – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау екені нақты көрсетілген. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік ел дамуының негізгі факторы ретінде айқындалған. Бұл – қоғамды біріктіретін, жауапты әрі жасампаз патриотизм қағидаттарын нығайтатын маңызды қадам.

Мен үшін аса маңыздысы – жаңа Конституцияда мемлекеттің орнықты дамуына баса назар аударылуы. Бұл Қазақстан халқының, әрбір азаматтың ел үшін стратегиялық ресурс екенін мойындау деген сөз. Яғни, мемлекет дамуының түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, болашақ ұрпақ үшін берік әрі әділетті қоғам қалыптастыру. Жаңа Конституция – ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтып, Қазақстанның жарқын болашағына бастайтын маңызды құжат.
Ләззат БАЙДУАНОВА, ҚР Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының әдебиеттерді ғылыми өңдеу бөлімшесінің басшысы
