Қыстың қақаған аязында көшеге жиналған жастар Колбиннің қазақты басқаруға келгенін қаламады. Сол кездегі Димекеңе деген халықтың сүйіспеншілігі мен сый-құрметінің жоғары болғаны соншалық, алаңға шыққан жастардың өршіл рухын ешқандай күш тоқтата алмады. Елдігіміз сыналар тұста жастардың бойындағы лапылдап жанған жігердің қайта тұтанғанына қуанғанымыз да рас. Азаттыққа деген талпыныс жастарды осылай алаңға шығарды.
Ол кезде мен отыз күнге демалысқа шыққанмын. Қаладағы дүрбелеңді естіп, дереу қайтып оралдым. Дүние астан-кестең. Бiрақ бiр нәрсе анық едi. Сол жоғарыдағы алаңға топтасқан жастардың батыл рухынан болашақ Қазақстанның ертеңі мен егемендігiнің арайлы көкжиегi де қылаң бере бастаған-ды. Патшалық Ресей мен Кеңес одағы Қазақстанды ешқашан уысынан шығарғысы келген емес. Қазақ даласын отарлау мақсатымен көптеген мигрант Ресей мен Украинадан жер аударылып, елімізге жіберiлді. Тың және тыңайған жерлерді игерудің артында да сол отарлау саясаты тұрды. Соғыс кезінде де Қазақстанға Кавказдан депортацияланғандар көптеп келдi. Осының барлығының астарында бізді отарлаудың кейбір нышандары көрініп тұратын. Ал Кеңес одағын басқарғандардың барлығы қазақтарды құртуды, қазақтардың сүт бетіндегі қаймақтарын қынадай қыру үшін жұмыс істеді. Қай-қайсы болсын қазақтардың егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болмауы үшін қолынан келген барлық тірлікті істеуге тырысты. Тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерін де өзінің уысынан шығармауға бар күшін салды. Алайда отарлау саясатын жүргізудің қаншама амалын қарастырғанымен, Кеңес одағы өз ішінен іріп-шіріп кетті.
«Одақ неге ыдырап кетті?» деген мәселеге келсек, кез келген империя ерте ме, кеш пе, түбі ыдырайды. Бұл туралы «Мемлекеттер неге күйрейді?» деген мақаламда толыққанды сараптама жасадым. Қарап отырсаңыз, Рим, Осман, Аустрия-Мажарстан империяларына сырттан келген жау жоқ. Одан бері де жүздеген мемлекет қирады. Барлығының тағдыры іштен іріп-шірудің салдарынан болды. Сол секілді Кеңес одағы да ішінен іріп-шіріп, бір-ақ күнде күйреп қалды. Себебi ел басқарып отырғандардың барлығы да қарттық келіп, қаусаған шақта еді. Соған қарамастан барлығының мақсаты – Орталық Азияны уысында ұстау, әсіресе Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалдыруға жұмыс істеді. Себебі біздің жеріміздің көлемі үлкен. Асты-үсті тұнған байлық. Соны мұқият есепке алып отырды. Оның үстіне Кеңес одағының кезінде Қазақстанның әлеуеті өте жоғары болды.
Осылайша, өз ішінен күйреп жатқан тұста одақ құрамындағы бірнеше республика өздерінің егемендігін жариялады. Ал Қазақстан одақ құрамынан ең соңында шықты. Тіпті Ресейдің өзі де егемендiгiн ресми түрде одақтың күні біткен кезде ғана жариялады. Оның өзіндік себебі бар-тын. Біздің экономиканың қай саласы болсын Ресеймен тікелей байланысты. Сол үшін Ресейден бөлініп шығуды көп адам қалаған жоқ. Адамдардың бойында қорқыныш та жоқ емес-тiн. Бір жағынан ел ішінде орыстілді азаматтар көп еді. Министрлердің ішінде де, коммунистік партия жетекшілерінің қатарында да олардың саны қазақтардан басым болды. Олар да өздерінің қамын ойлап, Егемендік декларациясын қабылдамаудың қамын күйттеді. Депутаттардың әртүрлі пікірде болғанының астарында да сол фактор жатқан-ды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегендей, халықты құлдық сана әбден басып тастағаны тағы бар.
1986 жылы Алматыдағы Шет тілдері институтында оқу iстерi жөніндегі проректор едiм. Төтенше комиссия «Алаңға шықты» деген желеумен ең жақсы оқитын студенттеріміздің барлығын оқудан шығарып жіберді. Оның ішінде Желтоқсанға қатысқаны бар, қатыспағаны бар, онымен шаруасы болған жоқ. Олардың негізгі мақсаты жақсы оқитындарды, келешекте осы мемлекеттің көсегесін көгертіп, тұғыры болатын адамдардың барлығын құрту болды. Көтерілісті желеу етіп, барлық оқу орнында осындай қысқарту жүрді. Ректорларды қудалап, қаңғытып жіберді. Партиядан шығарып, барлық жолын жабуға тырысты. Орыс басылымдарында Қазақстанға қарсы жамандау басталды. «Ұлтшылдар», «арақ ішіп, есірткі шеккендер» секілді айыптаулармен соттады. Қазақтың беткеұстарлары қыршын кетті.
Бір ғана мысал айтайын, біздің институтта 30 ұлттың өкілі оқитын. Соған қарамастан біздің ректорға да әртүрлі жала жауып, жұмыстан да, партиядан да шығарып жіберді. Жалғыз біздің ғана емес, біраз институттың ректорларын қудалады. Ол кезде мен ректордың міндетін атқарушы едім. Бір күні Алматыдағы Қазақстан комсомолы ұйымы орталық комитетінде Бiлiм министрлiгiнiң алқа отырысы өтті. Жиналысты сол кездегi Білім министрi Көпжасар Нәрібаев басқарды. Президиумда Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетінiң мүшелерiмен қатар Мәскеуден келген қаралаушы топтың өкілдерi отырды. Барлығы баяғы Мәскеудің ығына кетіп жатты. Жиналыста сөйлейтін адамдарды күні бұрын дайындап қойған. Әлгі жерде «Тәрбие жұмысын босаңсытып алған» деген айыптаулармен барлық жоғары оқу орнын жамандады. Сондағы айып мынау: Қазақстандағы оқу орындарында қазақтардың саны артып, орыстар азайып кеткен. Солтүстік облыстардан аз адам оқиды-мыс. Осындай желеумен мені де қалалық коммунистiк партия комитетiнiң бюросына шақырды. Бірақ коллегияда сөйлеген сөзімде: «Бұл айтылғандардың біреуін де қабылдамаймын. Себебі бізге жала жабылып жатыр», – деп айтып кеткенмін.
Ең қызығы, осы сөзді айтып жатқанда залда шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнады. Бір адам мені қолдап сөйлеген жоқ. Қолдап сөйлеуге қорқатын күнге жеттік, көрдіңіз бе? Барлығы жеп отырған нанынан, қызметінен айырылып қаламын ба деп қорықты. Сонда да айтарымды айттым. «Мені де жұмыстан қусаңдар, қуыңдар. Бірақ Мәскеудің шешімімен келіспеймін», – дегенімде де жігіттердің біреуі қол көтеріп, сөзіме қолдау білдірген жоқ.
Артынан менi де қудалау басталды. Бюроға шақырды. Ол жерде «Тәрбие жұмысына жауап беретін адамсыз. Неге осындай бассыздықтарға жол бердіңіз? Орыстардың үлес салмағы неге төмендеп кетті? Олар неге аз, сендер, яғни, қазақтар неге көп?» деген сұрақтың астына алды. «Бізде 30 ұлттың өкілі оқиды. Өздеріңіз білесіздер, бізде қазақ пен орыс мектептері бар. Әрқайсысынан 50 пайыздан, сол сияқты аралас мектептен 25 пайыз адам оқуға түссе, қазақтардың 75 пайызы содан шығады. Ешкім қолдан ештеңе жасаған жоқ», – деп статистиканы алдарына тарттым. Олар ештеңе дей алмады. Жұмыстан негізсiз қууға дәттері бармады ма, кіжініп-кіжініп қойды. Кейін орныма қайтып келгеннен кейін оқудан шығарылған балалардың біразын қайтарттым.
Бір күні біздің партия комитеті басшысының орынбасары Дмитрий Комарев кабинетіме кiрiп келді. Мен ол кезде ректордың қызметін атқарып жүрген едім. «Сіз Желтоқсан көтерілісіне байланысты оқудан шығарылғандарды неге қайтадан оқуға қабылдағансыз? Бұрынғы бұйрықты неге бұздыңыз? Партия комитетімен неге ақылдаспайсыз?» деген секілді әңгіме айтты. Мен оған: «Кеңесетін ештеңе жоқ. Сіз екеуміз бір үйде тұрамыз. Сіздің балаңыз 2-курста оқиды. Желтоқсанды сіздің балаңыз немесе біздің балалар ұйымдастырды ма? Олардың ешқандай кінәсі жоқ қой. Жастардың тағдырын неге кесіп тастауымыз керек?» – дедім. Бірақ айтарымды айтып, артынан қатты ойланып қалдым. Өйткені ол сөзімді орталық комитетке естіртетінін білдім. Сөйтсем, үш күннен кейін Дмитирий Комарев бүкіл отбасын алып, Ресейге көшіп кетіпті. Демек, менің айтқанымның шындық екеніне оның көзі жетсе керек.
Бүгінде егемендігіміз бекіп, еліміз өркендеп, алға жылжыса деген ақ тілеулі адамдар жетерлік. Алайда мысықтілеулер де бар екенін ұмытпау керек. Кезінде көрші елдің бiр министрі: «Қазақстан егемендігін ала берсін, төрт аяқтап, еңбектеп алдымызға қайта келеді», – деген еді. Сол секілді егемен еліміздің өркендеуіне қарсы, отар болып қала берсе екен деген адамдар ол кезде де болды, қазір де бар. Әр елдің ішке бүккен бір сыры, өз мүддесі бар. Бүгінде Кеңес одағының қирап қалғанын трагедияға балап жүргендер баршылық. Олар осы саясаттан әлі де болса түбегейлі бас тартқысы келмейді. Расында егемендіктің қадірін қаншалықты бағалай алып жүрміз? Мәжілістің мінберінен бір депутат өзге елдің саясатын ашық қолдағаны да есімізде. Сирияға кетіп, қазақтың салт-дәстүріне, болмысына, құндылығына қарсы шығып, өз қанынан жеріп жатқандар да кездеседі. «Іштен шыққан жау жаман». Егемендіктің қадіріне жете алмай жүрген осындай адамдар бар. Бірақ «Арым – жанымның садағасы» дейтін, азаттықты ұлт құндылығы санайтын азаматтар көп. Қазіргідей ішкі және сыртқы қауіп-қатерге толы заманда күштік құрылымдарға өз қарақан басының емес, ел келешегіне жұмыс істейтін жігерлі де иманды азаматтардың келгені құба-құп.
Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор