Перейти к содержимому

Бала бақылаусыз қалмасын!

43 қаралым

«Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының ұйымдас­тыруымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық­бұзушылықтың алдын алу және балалар суицидінің профилактикасы мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.

Аудан прокуроры Бауыржан Кибраевтың төрағалығымен өткен жиынға Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Төлеу Мархамедов, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошақанова, аудандағы білім ошақтарының директорлары мен тәрбие ісіне жауапты орынбасарлары, мектеп және кол­ледждердің педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалар суицидін ескерту, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігі және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралардың жай-күйі талқыланды.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Ерболат Сарабеков баяндама жасап, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы тәрбие туралы айтып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың ретімен таныстырды.
«Ауданда орта білім беретін мектептерде 55 мыңнан астам оқушы бар. Барлық білім беру ұйымында жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Прокурордың жас көмекшісі», «Жас сақшы», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» сияқты патриоттық және құқықтық бағыттағы сыныптар жұмыс істеп, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында құқық қорғау қызметі өкілдерінің қатысуымен жүздеген құқықтық іс-шара өткізіліп, тәуекел тобындағы балалармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіліп келеді», – деген аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошақанова білім беру ұйымдарындағы жағдайға тоқталып, бүгінде мектепішілік есепте, полиция басқармасының профилактикалық есебінде тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыс туралы баяндады.
«Осы орайда білім беру ұйымдарында тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау, оларды жеке сүйемелдеу жүйесін жетілдіру, психологиялық диагностиканы толық қамту өте маңызды. «Тәуекел тобындағы бала – жеке сүйемелдеу бағыты» бойынша әр балаға куратор бекітіліп, психологиялық, әлеуметтік, педагогикалық және медициналық шараларды уақытылы жүргізу керек», – деген аудан прокуроры Бауыржан Маратбекұлы мұғалімдерге тәуекел тобындағы балаларды тегін спорт секцияларына, қолөнер үйірмелеріне қатыстырып, мектептердегі мәдени іс-шараларға белсенді араластыру қажеттігін, оқушыларды мектеп өміріне қызықтырып, уақытын мейлінше тиімді өткізуге жағдай жасауды тапсырды.
Кеңес барысында Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Төлеу Мархамедов кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылығы туралы баяндама жасап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Осы орайда кеңеске төрағалық етуші аудан прокуроры Бауыржан Кибраев Төлеу Зекенұлына криминогендік елдімекендер, білім беру ұйымдары және жастар көп шоғырланатын орындарды айқындап, кешкі және түнгі уақытта патрульдеу бағыттары мен бірлескен рейдтің кестелерін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар сабақтан жүйелі түрде қалатын, қолайсыз отбасылық жағдайда жүрген балаларды қоса алғанда, тәуекел тобындағы білім алушыларға толық түгендеу жүргізу де жүктелді.
«Баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ең алдымен отбасы, білім беру ұйымдары мен қоғамның ортақ міндеті. Әрбір жасөспірімнің мәселесіне уақытында назар аудару – үлкен қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді», – деген Бауыржан Кибраев бала қауіпсіздігі мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайтынын және барлық хаттамалық тапсырмалар ерекше назарға алынатынын атап өтті.

Құралай Мұратқызы

Еңбекшіқазақ ауданы

↑